39 жасар Макронның үлкен саясатта тәжірибесі аз. Тіпті, жоқ десе де болады. Ол басқаратын жүйеге күмәнмен қараушылардың алға тартатыны да сол. Бірнеше жыл банк саласында жұмыс істеп, кейін елдің экономика, қаржы және өнеркәсіп министрлігін басқарған Макрон өзінің «Алға!» атты партиясын да өткен жылы ғана құрған. Оңшылдар мен солшылдар арасында орта жол ұсынған жас партия атынан қазіргі парламентте бірде-бір депутаттың болмауы да жаңа президенттің жұмысына ауыртпалық береді, дейді сарапшылар. Енді маусымның 11-і мен 18-іне жоспарланған парламенттік сайлауда «Алға!» партиясы алғаш рет өз өкілдерін қоспақ. Екіншіден, қазір, Еуроодақтың шаңырағы шайқала бастаған кезде, француздардың да саяси көзқарастары екіге жарылды. Әлеуметтік ішкі саяси таластарды санамағанда, одақтан шығуды қолдаушылар қарасының көбеюі елдің екіге жарылуына әкеліп соқты. Дегенмен, биліктің беделі төмендей бастаған осы тұста президенттікке орта жолды ұстанған қайраткердің келуі елдің саяси өміріне жаңаша қарқын береді деген де жорамал бар. Бастысы, Макронды елдің саяси элитасы қолдап отыр. Әсіресе, Марин Ле Пеннің Еуроодақтан шығу туралы сайлауалды бағдарламасынан сескенген саясаткерлер Макронның айналасына біріккен. Сарапшылар бұл тұрғыда Макронды Брекситтің «естен тандыруынан» емдеген қайраткер ретінде бағалауда. Сонымен қатар, Макронның еңбек нарығынан бастап экономиканың бірқатар секторларында реформа жасау туралы берген уәдесінен қарапайым халық үміт күтіп отыр. Макронның жеңісінен кейін еуроның долларға шаққандағы бағамы 0,3% түсіп кетті. Ал осыдан шамалы уақыт бұрын өткен сайлаудың бірінші турында еуро алты айлық максимумға көтерілген еді және еуроның қайта құнсыздануын инвесторлар нарықтың бұл жаңалыққа дайын болуымен түсіндіреді. Екіншіден, Макронның әлеуметтік реформалары ел экономикасына айтарлықтай өзгеріс әкелетіндіктен, бастапқы кездегі қиыншылықтар аясында валютаның әлсіреуі де заңды құбылыс болмақ.
Бауыржан МҰҚАНОВ, «Егемен Қазақстан»