Биыл республикалық бюджет есебінен берілетін қаражат 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында үлестіріледі және егістік алқаптарын әртараптандыру бағытын ұстанған жобаларға басымдық беріледі. Бюджеттік несиенің операторы болып, бәсекеге қабілетті ауыл кәсіпкерлігін дамытуды ынталандыратын қолжетімді несиелендіру жүйесін қалыптастыру бойынша мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын, «ҚазАгро» ұлттық холдингінің еншілес компаниясы – «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ бекітілді.
Корпорация «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі компаниялар тобының құрамына кіріп, соның тікелей жетекшілік етуімен Қазақстанның барлық облыстарында орналасқан 13 филиал мен өкілдіктерінде өз қызметін жүзеге асыруда ауқымды жұмыстарды атқарып отыр. Биылғы жылы бөлінген қаржы бірінші кезекте мал азығы өндірісін дамыту, дәнді дақылдарды өсіру, сондай-ақ, ауылдық кооперативтерді қолдауға бағытталады. Бұл бағыттағы негізгі жаңалық – азық-түлік келісімшарт корпорациясының процеске қатысу барысы өзгертілді.
– Биылғы жылдың көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру үшін мемлекеттік бюджеттен 60 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаржы «ҚазАгро» холдингінің еншілес компаниясы – «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы шаруалар мен агроқұрылымдарға үлестірілетін болады. Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын уақтылы жүргізу үшін еліміздің төрт өңірі – Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарының шаруаларынан Аграрлық несие корпорациясына жалпы сомасы 4,8 миллиард теңгені құрайтын 910 өтініш түсті. Биыл бюджеттік қаражат есебінен қаржыландыру жүйесіне өзгерістер енгізіліп, басымдық мал азығы және майлы дақылдарды өсіретін шаруашылықтарға беріледі. Кешегі күнге дейін жалпы республика бойынша Аграрлық несие корпорациясына, кредиттік серіктестіктер, микроқаржы ұйымдары мен екінші деңгейлі банктерге шаруалар тарапынан 1891 жуық өтініш келіп түсті. Олардың жалпы сомасы 58,5 миллиард теңгеден асады, – дейді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Марат Балпаев.
Үстіміздегі жылы дала жұмыстарын несиелеу барысында Ауыл шаруашылығы министрлігі басымдыққа ие бірқатар ауылшаруашылық дақылдарын белгілеген болатын. Бұл тізімге майлы дақылдар (күнбағыс, рапс, зығыр, соя), арпа, қант қызылшасы, астыққа арналған жүгері, мақта, сұлы және картоп пен күріш кіреді. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ 2017 жылдың 1 сәуіріне дейін бірінші кезекте басымдық берілген дақылдарды қаржыландырған. Ол үшін 22 миллиард теңге қарастырылды. Қолжетімді кредитті жеке және заңды тұлғалар (соның ішінде ауылшаруашылық кооперативтері) алуда. Негізгі басымдық кооперативтерге беріледі.
2017 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын несиелендірудің жылдық пайызы төмендетілгені туралы бұдан бір ай бұрын «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрайымы Гүлнәз Атамқұлова мәлімдеген болатын. Көктемгі егіс және өнімді жинау жұмыстарына берілетін несиенің жылдық мөлшерлемесінің айтарлықтай төмендетілгені егістікпен айналысатын диқан-шаруаларға өте тиімді болды. Енді тікелей Аграрлық несие корпорациясынан бұрынғыдай 5 емес, 2 пайыздық несиені алуға болады. Егер қаржы екінші деңгейлі банк арқылы берілетін болса, онда соңғы қарыз алушыға пайыздық мөлшерлеме 5 пайыздан, ал кредиттік серіктестіктер мен микроқаржы ұйымдары арқылы берілсе, мөлшерлеме 6 пайыздан аспайды.
Алматы облысы Балқаш ауданындағы «Тамшы-бұлақ» ЖШС биыл 1880 гектар жерге күріш егіп жатыр. Кәсіпкер Мұстафа Қалиев басқаратын бұл шаруашылық тұқым, тыңайтқыш және техникаға жанар-жағармай сатып алу сияқты егістік қажеттілігіне Аграрлық несие корпорациясынан 50 миллион теңге несие алған екен. Шаруашылық бұл қаржыны сол бағытта игеріп жатыр. Мұстафа Қалиевтің айтуынша, қолжетімді несиелеу түріндегі мемлекеттік қолдаудың арқасында шаруасын дөңгелетіп, жұмысын ілгерілетуге мүмкіндік алған. Сәтін салып, егін бітік шықса, Мұстафа Қалиев өнімін тек қазақстандық нарыққа ғана емес, шетелге де экспорттауға үмітті. – Көктемгі егіс жұмыстарын аяқтап қалдық. Бүгін-ертең дақылды егіп бітірсек, енді жүз күннен кейін, қыркүйек айында күрішті жинауға кірісеміз. сағатына 5 тонна күріш өңдейтін оңтүстіккореялық зауытымыз бар.
Оны «ҚазАгроҚаржы» АҚ-тан несие алып сатып алғанбыз. Өнімді бірден нарыққа шығарамыз, бәрі ойдағыдай болса қараша айында алған несиеден құтыламыз. Бұл жағынан аса проблема болмайтын шығар. Соңғы жылдары егіп жүргеніміз күріштің «Заря» деген түрі. Шыны тәрізді, дәмі де жақсы, палауға да, басқа тағамдар жасауға да келеді. Күріштің бұл түріне қызығушылық танытып жатқандар аз емес. Өнімнің 30-40 пайызын экспортқа жөнелтеміз деген жоспарымыз бар. Қазір Ауғанстан компанияларымен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Алғашқы сынама партияны елдеріне алып кетті. Жақында ауғанстандық кәсіпкерлер осында келіп егістікті көрмекші. Бұдан үш-төрт жыл бұрын өнімді Тәжікстанға, Қырғызстанға шығардым.
Ресейден келіп алатындар да бар. Жазғы маусым кезінде «Тамшы-бұлақ» шаруашылығында жүзден астам адам жұмыс істейді, ал тұрақты жұмысшылардың саны 37 адам. Егістікке, өнімді жинауға шаруашылықтың 60 шақты әртүрлі техникасы бар. Несиеге алған қаржыны жанар-жағармайға жұмсаймыз, күріш көп суды қажет етеді – жылына 7 млн текше метр суға, тыңайтқышқа қаржы бөлеміз. Тыңайтқыштың тоннасы 120 мың теңге, отандық өнім болғандықтан тыңайтқышқа және пайдаланған суға 50 пайыз субсидия бөлінеді, – дейді «Тамшы-бұлақ» ЖШС директоры Мұстафа Қалиев.
Балқаш ауданындағы КСРО тұсында «Тың игеруге 25 жыл» деп аталған Береке ауылының берекесін кіргізіп отырған осы «Тамшы-бұлақ» серіктестігі. Береке ауылдық округінің әкімі Мұрат Түйлібаевтың айтуынша, мұнда егін шаруашылығымен айналысатын үш ірі шаруашылық, мал шаруашылығымен айналысатын 37 қожалық бар екен. Солардың ішіндегі ең үлкені, халықты жұмыспен қамтып отырған осы «Тамшы-бұлақ» серіктестігі. Дәл қазіргі кезде шаруашылықта 100-ге тарта адам – жүргізушілер, механизаторлар, малшылар жұмыс істеп жатыр. «Тамшы- бұлақ» ЖШС тек егін емес, мал шаруашылығымен де айналысады. Фермер 2014 жылы Аграрлық несие корпорациясынан «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 260 млн теңге кредит алып, 2 мың ірі қара мал сатып алған екен. Қазір оны толықтай қайтармағанмен, мал шаруашылығын кеңейтіп жатқан көрінеді. Болашақта қоралар салып, мал бордақылауды қолға алмақшы. «Тамшы-бұлақ» ЖШС бұл жетістіктерге Аграрлық несие корпорациясының берген несиесі арқылы қол жеткізіп отыр.
Қайыр ТӨТЕНШИН Алматы облысы