Жалпы, биыл өңірде 4744,8 га алқапқа тұқым себу жоспарланған. Соның ішінде 4338,3 мың га дәнді дақылдар. Бұдан басқа, 142,2 мың га жерге азықтық жем өсіру қолға алынбақ. Алайда Астрахан, Аршалы, Ерейментау және Жарқайың аудандарынан өзгелерінде жемдік дақылдар көлемі азаятыны байқалып отыр. Әсіресе, Бурабай ауданында оның көлемі 8,2 мың гектарға қысқарады деп күтілуде. Қазір мал басының артып келе жатқандығын қаперге алған облыс басшылығы жергілікті әкімдіктерден жемдік дақылдар көлемін арттыру қажеттігіне назар аударуды талап етіп отыр. Бұған мүмкіндік жетерлік. Облыс әкімінің орынбасары Е.Каппелдің мәліметіне қарағанда, ауылшаруашылық тауарларын өндірушілердің тұқым себу жұмыстарын жүргізуі екінші дәрежелі банктердің кепілдемесімен және мүлікті кепілге қою арқылы жүзеге асырылады. Осыған орай биыл облыста тек 49 АШТӨ 265,4 мың га алқапқа егін егетіндігі туралы тапсырыс берген. Соның тек 9-ы ғана несиеге қол жеткізіпті. Сондықтан да облыс басшылығы өсімдік шаруашылығына ұсақ және орта шаруашылықтарды тарту арқылы ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруға жұмылдыруды көздеп отыр. Сонда олар да несие ала алады екен. Сондай-ақ, биыл 241,5 мың га алқапқа майлы дақылдар егілмек. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 21 мың гектарға артық. Өңірде майлы дақылдардан гектарына 10-12 центнерден өнім алып, жалпы көлемде оның мөлшерін 240-260 мың тоннаға жеткізу көзделіп отыр. Сондай-ақ, алдағы уақытта 18,4 мың га жерге картоп және 4,3 мың га алқапқа жемістер отырғызылады. Бұл ретте картоп пен жемістер отырғызу көлемі былтырғы деңгейде қалатындығын айта кеткен ләзім. Толықтай алғанда, мұндай қадам осыған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыстық әкімдік арасында жасалған егістік алқаптарды әртараптандыру жөніндегі меморандумға сәйкес келеді. Жалпы, өңір ауылшаруашылық дақылдарымен толық қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда 522 мың тонна тұқым себілген. Бұл орайда 1 және 2 класты тұқымдықтың 86 пайызы егістік стандартына сай. Бұдан басқа, өңірде биылғы тұқым себу жұмыстарына қолданылатын ауылшаруашылық техникалары барынша сақадай-сай тұр. Нақтырақ айтқанда, облыс бойынша жалпы машина-трактор паркінің дайындығы 91 пайыз деп бағалануда. Өңір басшысы орынбасарының сөзіне қарағанда, биыл бірінші тоқсанда 10 дана трактор, 55 дана тұқымсепкіш және 1 дана егу кешені сатып алынғанымен, бәрібір техниканың жетіспеушілігі байқалуда. Өйткені, облыс бойынша ауылшаруашылық техникаларының тозығы 66 пайызды құрайды. Соның ішінде тракторлар – 72 пайыз, ал себу кешендері 11 пайыз. Дейтұрғанмен, биылғы егін науқанына 17 мың дана тұқым себетін құрылғы мен 1145 дана өнікті егу кешені жұмылдырылмақ. Ал көктемгі-егіс жұмыстарын жүргізуге қажетті жанар-жағармай туралы айтқанда, дизель отыны – 79,2 мың тоннаны, бензин – 7,4 мың тоннаны және жағармай 4,6 мың тоннаны құрайды. Энергетика министрлігі көктемгі-егіс жұмыстарын жүргізу үшін облысқа кепілдендірілген ауқымдағы 65 мың тонна дизель отынын бөлгізіп берген көрінеді. Павлодар мұнай-химия зауытынан дизель отынының 55 мың тоннасы босатылса, ал қалған бөлігін Атырау мұнай өңдеу зауыты беретін болып шешілген. Наурыз айында соның 30 мың тоннасы және сәуірде 20 мың тоннасы жеткізілсе, мамырда қалған 10 мың тоннасы жеткізіледі деп күтілуде. Биыл өңірге минералды тыңайтқыштар 47,3 мың тонна көлемінде әкелінсе, бұл өткен жылдың көрсеткішінен екі есеге жоғары екен. Олай дейтініміз, өткен жылы бар-жоғы 22,4 мың тонна минералды тыңайтқыш жеткізіліпті. Биыл сонымен қатар, мемлекет өсімдік шаруашылығын дамытуға субсидия түрінде 10,7 миллиард теңгеден астам қаржы бөлген. Тұқым шаруашылығын қолдау мақсатында 582,5 миллион теңге көзделгенімен, қосымша 660 миллион теңге қажет екендігі де ашып айтылды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан» Ақмола облысы