Мысалы Абайды, Жамбылды, Мұхтар Әуезовті, Әбділда Тәжібаевты, Әбіш ағаны, Ақселеу ағаны, т.б. ұлы тұлғаларды, құдай-ау, бір кісідей білетін шығармын, талай оқыдым ғой деуші едім, бірақ білмейді екенмін. Білсем де, дәл менде Мырзатай ағадай әлем жоқ екен. Ағаның ғылыми еңбектері де, мақалалары да, естеліктері де кісілікке, ізгілікке, жан-жақты ізденіске орныққан байтақ дүние екен. Сонау қиын жылдарда, әкесінен ерте жетім қалып, қиындықты көп көрсе де, Мырзатай аға жанына молынан рухани азық, мейірім, жарық сәуле жинапты.
Сол себепті де Мырзатай ағаның Арнасы – Асыл, Тағылымы – Тәуелсіз, Кітабы – Кісілік, Дәурені – Шіркін, құрмет тұтып, үлгі алғандары – Асылдары, Күндері – Күнделік, ал өзі – Мың жылдық жолаушы екен. Дағыстанның мен жақсы көретін ақыны Расул Ғамзатовтың «Менің Дағыстаным» деген кітабында «Ақын дүниеден жүз жыл бұрын туады. Оның себебі: егер ақын өмір жаратуға қатыспаған болса, онда өмірдің өзі де мұншалық қызық болмас еді...» деген сөзі бар еді. Мен соны Мырзатай аға үшін он еселегім келіп отыр, расында да, Мырзатай ағаның түркі жұртының рухани әлемін жасауы мың жылдыққа, тіпті одан әріге кетеді.
«Түнде ұйықтамадым, күндіз отырмадым, қызыл қанымды ағыздым, қара терімді төктім» деген Күлтегін болмысы да, «ақыл иесі, сөз киесі болған Тоныкөк ғұламаның болмысы да Мырзатай аға рухына жақын. Ұлы Мұхтар Әуезовке шәкірт болып, ғалым Бейсембай Кенжебаевты ғылыми жетекші еткен Мырзатай ағаның «Көне түрік әдеби ескерткіштері және олардың қазақ әдебиетіне қатысы» деген тақырыпта диссертация қорғауы – дәл сол заманда ерлік еді. Онымен қоса, Орхон жазуын бүгінгі тілімізге аударып беруі – ғасырлардың арасын өрмекпен өріп кестелегендей, қазақтың салт-дәстүріндегі, танымындағы, тіршілігіндегі, батырлықтағы, поэзиясындағы үндестіктің бір екендігін, бірегейлігін көрсеткен ерен еңбек еді.
Міне, Мырзатай аға ғылымның кенін қазуды көне дәуірден бастап, бүгінге дейін жеткізіп отыр. Бар саналы ғұмырын ұлттық мүддеге арнап, ел ішінің ашуына басу айтып, ақылына ақыл қосып, ағайынның татулығын, бірлігін ойлап, әдептен озғандарға ащы сын айтып, санасы қалғығандарды оятып, қазақ деген қасиетті ұлттың рухани алтын сарайын азамат болып, халқының адал сүт емген арда ұлы болып басқарып келеді.
Тілім деп жүрегі тілімделген, намысым деп жұдырығын түйген, ел қайғысына еңсесі түскен, ерлігіне тебіренген, мемлекет тірлігіне салғырт қарауды сатқындық деп білген ұстазым Мырзатай ағаны мен танимын. Ол кісінің әңгімелерін жақын достарымен бірге отырып сағаттап тыңдадым да. Ағаның шапағатымен 2015 жылдың 27 ақпанынан 20 наурызына дейін Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткерлердің мемлекеттік тілге жетіктігін анықтайтын лингвистикалық комиссияның мүшесі болдым.
Мен осы бір айға жуық уақытта, Мырзатай Жолдасбеков атты университетке барып, баға жетпес білім алдым. «Ғажап, ғажап» деймін. Мырзатай ағаның әңгімелерінен қаншама ел азаматтарын таныдым десеңізші. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың біз біле бермейтін ерен еңбегін, ойға кемел, сөзге шешен, әлемдік тұлға, көшбасшылық қасиеттерін қасында бірге жүріп, Күлтегіндей: ақыл-парасатымен бастыны бағындырып, тізеліні бүктірген еңбектерін Мырзатай ағаның аузынан естігенде іштей тәубе етіп, кеудемді мақтаныш сезім кернеді.
Сол кездегі мен үшін бақыт күні болған күн – 2015 жылдың 11наурызы еді. Елбасы Қазақстан Конституциясына сәйкес ел Президенттігіне қайта сайлану үшін мемлекеттік тілден емтихан тапсыруға келді. Мырзатай аға лингвистика комиссиясының мүшелерін таныстырып: «биыл біздің құрамда жаңа адам бар. Бұл кісі Назарбаев Университеттің профессоры» дей бергенде, Елбасы: «Мен бұл кісіні өте жақсы танимын.
Қазақ тілін мен бұрын аристократтық тіл деп ойламаған едім. Мен қазақ тілінің аристократтық тіл екенін осы кісіден және осы кісінің шәкірттерінен көрдім. Мен осы кісіге шәкірт болғым келеді, аристократтық қазақ тілінен сабақ алғым келеді» деп, қарапайым мұғалімдік дәрежемді аспанға бір-ақ шығарды. Менің «Бақыт күнім» ғұмырлық тарихыма осылай енген еді. Жақсыдан шарапат деп тегін айтылмаса керек.
Ал ендігі жерде Мырзатай ағаның кісіліктің кемеңгері екендігіне тағы бір көзім жеткен тұс – мынау еді. Комиссия жұмысын аяқтаған күніміз болатын. Мырзатай аға қасымыздағы комиссия мүшелерінің көзінше: «Гүлтас, айналайын, бір кішкене аялдашы. Мен сендердің проректорларың Қадишаға бір хат жазып, сенен беріп жіберейін», деді. Хаттың мазмұнында Назарбаев Университеттің вице-президенті Қадиша Даироваға маған рұқсат бергені үшін рақмет айтып және Елбасының маған берген бағасын толығымен жазыпты. Хатты жазып болған соң, бәрімізге дауыстап оқып берді. «Бұл – адамдық жомарттық, періште ісі» деп ойладым.
Мен, жалпы, ұстазымды 1976 жылдан бері білемін. Мен сол жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің, филология факультетіне оқуға түстім. Мырзатай аға біздің деканымыз болатын. Студенттерге қамқорлығы ерекше еді. Біздің тобымызда жағдайы төмен, ата-аналары жоқ 4-5 қыз-жігіт оқыды. Солар Мырзатай ағаны туған әкелеріндей көретін, «конкурс кезінде біздің жағдайымызды тыңдап, ескеріп, оқуға осы кісі қабылдаған», деп айтып отыратын.
Мырзатай аға ақын-жазушылармен, өнер қайраткерлерімен кездесулер өткізетін. Сонда біздер Олжас Сүлейменовпен, Сәбит Оразбаевпен, Шәміл Әбілтаевпен кездестік. Қазақ «ата көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер» дейді ғой, сол айтқандай, «ұстаз көрген – шәкіртке жол көрсетер» деп, Мырзатай аға үшін де бір даналық сөз қосқым келеді. Оған бір қызық мысалым бар. Кеңес заманындағы КазГУ-дің беделі, ондағы деканның орны қандай екенін сіздер білесіздер.
Бір күні сабақта отырғанымда, деканның хатшысы келіп: «Құрманбаева Гүлтас, сені декан шақырып жатыр», деді. Жүрегім тас төбеме шықты. «Не боп қалды? Елден суық хабар келді ме?» деп, аяғымды басуға қорқып, деканның есігін аштым. Өз көзіме өзім сенбеймін. Декан Мырзатай ағаның орнында менің ауылдан келген әкем отыр. Мырзатай аға бөлмеде мүлдем жоқ. Жан-жағыма қарап алдым да: «Тәте (әкемді тәте деймін), мұнда неге отырсың?» дедім.
Әкем күледі: «Осы орынды маған берді», деп. «Тұр, ұят болады, тез» деп жатқанымда, Мырзатай аға киім ілетін үлкен шкафтан шығып, мәз болып күліп жатыр. Әкем де мәз. 5 минуттық декандық лауазым ұнап қалғандай. Бұл қызық идеяның авторы – Мырзатай аға екен. Әкеме айтыпты: «Қызық болсын, сіз менің орныма отырыңыз, мен шкафтың ішінде тығылып тұрайын. Қызыңыз сізді көргенде не істер екен, көрейік», депті. Әкем декан айтқан соң, ұят та болса, амалсыз орындадым дейді.
Әкем ұстазыма рақмет айтып, қол алысып қоштасты. Біз шығып кеттік. Осы бір қызық оқиға қарапайым ауылдан келген қойшы әкем үшін де, 1-курстың студенті мен үшін де естен шықпас естелік болып қалды. Мырзатай аға 1977 жылы Талдықорған қаласындағы пединститутқа ректор болып кетті. Сонда барлық филфактың, журфактың балалары: «Мырзатай аға өзімен бірге көзге көрінбейтін киені, қасиетті алып кеткендей болды. Енді ондай деканның болуы екіталай», деп айтып жүрді. Шындығында да солай болды, одан кейін, студенттік кездерде біздерді рухани жетелейтін жетекшіміз болған жоқ.
...Менің ұстазым, халықтың рухани жетекшісі Мырзатай аға неге осындай жан деген сауалға жауап іздедім. Ағаның тегінде жатқан код па дедім. Әлде ұстаздарынан жұққан ұлағат па дедім. Әлде атқарған қызметі, жүрген ортасының әсері ме дедім. Бәрі де дұрыс жауап. Бірақ толықтыратын бірдеңе жетпейді. Баяғы ертегідегі Мұңлық пен Зарлықтың шешесі Қаншайымның сиқырлы қалтасы сияқты. Патша барлық қазынасын салса да, толтыра алмаған.
Ақылды Жалмауыз кемпірден сұрағанда, ол бір уыс топырақ салғанда, байлық асып-тасып сыртына төгіліпті демеуші ме еді. Абайдың «Ескендірінде» де солай ғой. Сол сияқты Мырзатай ағаның да бүкіл болмысын толықтыратын бір құдіретті дүние бар сияқты болып көрінеді. Ол не? Ол, меніңше, Сағыныш деп ойлаймын. Ағаның кеудесі тұнып тұрған сағыныш. Сағыныш ағаның күйлерінде, әндерінде, мақалаларында, естеліктерінде тіпті, күнделіктерінде де жүр. Күнделікті де сағыныш жаздырады, аға асылдарын, күндерінің куәсі болған өмір-сағыныштарын жоғалтып алғысы келмейтіндей.
Бұл жерде тағы да Р.Ғамзатовтың сөзі ойға оралады: «... әңгімеге араласқан поэзия – тамаққа салынған тұз секілді, дәмін келтіреді» деген. Мырзатай ағаның поэзиясы, өмірінің коды, ол – сағынышы. Сондықтан да Мырзатай ағамен әңгімелескен адам жалықпайды, кітабын оқыған адам бас алмайды, күйі мен жырын, әнін тыңдаған адам сағыныштың, сезімнің тазалығынан тап-таза болып жуынғандай болады. Бір жолы Мырзатай аға композитор, жазушы Ілья Жақанов ағаның «Дүние шіркін» кітабын маған берді. Оқып шықтым, қатты әсерлендім. Түн ортасы ауғанша басымды ала алмай оқып тауыстым.
Ілья Жақанов өзінің досы Мырзатай Жолдасбеков туралы керемет әсерлі жазған екен. Қуанышым қойныма сыймай Мырзатай ағаның телефонына мына төмендегі сөзімді жазып жібердім:
«Ағатайым, сәлеметсіз бе? Ілья ағаның кітабын бергеніңіз үшін мың алғыс. Ғажап. Қандай әдемі тіл! Қандай ой өрім, қандай тазалық! Екі тұлғаның үндесуі – адам қарым-қатынасының ғажап үлгісі. Сіздің «Күндерімнің куәсі» күнделігіңізден келтіргені де өте жақсы. Аға, кітапты жылап отырып оқыдым. Қасиетті Қаратауыма мінәжат еттім. Аллаға рақмет айттым. Сіздей асыл затты аға бергені үшін. Аға, сізге телефон шалып сөйлеспегенім үшін кешірім сұраймын. Кітаптың әсерінен, сөйлей алмайтын едім, осы хабарламаны Сізге жазып отырғанда да жылап отырмын... Асыл анаңыз, Іңкәшай жеңгеңіз... Бәрі ғажап. «Тотықұс» шығармаңыз – классика. Кеудеме қоңыр әлем орнап, тылсым сырларды бауырына басып жатқан Қаратауымды сағынып, сүйіп отырмын. Ертең-ақ барша жұрт бізге: «Сендер қандай бақыттысыңдар! Сендердің Мырзатайларың бар!» дейтін болады әлі.
Асыл ағатайым, Алладан Сізге денсаулық, амандық, көңіл тыныштығын тілеймін. Ілья ағама үлкен рахмет. Ғажап адам, ғажап композитор, ғажап жазушы!»
Гүлтас қарындасыңыз. 2 тамыз, 2016 жыл.»
Бүгінде Мырзатай ағаға арналған ән де, күй де, эссе де бар. Ел ағасына деген халқының ықылас-пейілі де шексіз. Дана абызы бар еліміз бақытты. Ел бақыты, мәңгілігі баянды болсын.
Гүлтас Сайынқызы, Назарбаев Университеттің профессоры, «Мәдени бағдарламалар орталығының» директоры