Ғалымдардың болжамы бойынша, әлемде 2030 жылға таман бүгінгі қолданыстағы 57 мамандық түбірімен жойылып, 186 жаңа мамандық дүниеге келеді екен. Өткен жылғы Давос экономикалық форумының баяндамасында 2020 жылы әлемдегі интеллект пен роботты техниканың дамуы нәтижесінде 2 млн жаңа жұмыс орны ашылатындығы, бірақ технологиялық жетістіктердің дәл осы мерзімде 7 млн-нан астам жұмыс орнын қысқартуға алып келетіндігі атап көрсетілді. Қазір мектеп қабырғасында жүрген оқушылардың 63 пайызы таяу болашақта бүгін заты түгілі, аты белгісіз мамандықтар бойынша жұмыс істейтін болады. Қысқасы, біз орасан зор технологиялық өзгерістер дәуірінің табалдырығында тұрмыз. Ендеше, ұрпағымыздың ертеңі біздің бұл құбылысты қаншалықты түсінгенімізге, балаларымызға болашақ мамандық таңдауда қаншалықты сауатты бағдар бере алатынымызға тікелей байланысты болмақ.
Сонымен сұранысы көп болашақтың мамандықтары қандай? Бұл туралы дуалы ауыз сарапшылар да, экономикалық ғылымдардың майын шайқаған ғалымдар да «болашақтың тетігі дәл мынандай-мынандай мамандықтарға тіреліп тұр» деген нақты тізім бере алмайды. Дегенмен, инновациялық технологиялардың даму бағытын бағдарлауға байланысты «болашақта мына салалардың мамандарына сұраныс артуға тиіс» деген болжамдар да баршылық.
Сарапшылардың бірауызды пікірі бойынша, «цифрлы дәуір» болашақ мамандардан үлкен икемділікті, үйлесімді іскерлікті, жедел оқуды және шұғыл да тиімді ақпарат алмаса білуді қажет етеді. Кейбір сарапшылардың айтуынша, таяу болашақта ішінара жұмыспен қамтылу форматы (гик-экономика) басымдық алатын болады. Нақты болжамдар бойынша, болашақта ірі компанияларда жұмыс істейтіндердің үштен бірін фрилансерлер ( әртүрлі жұмыс берушілердің тапсырыстарын бір мезгілде орындайтын еркін маман) құрайтын болады. Олар краудсорсингтер (бір тапсырманы орындауға жұмылған топ) арқылы белгілі бір компанияға ресми түрде жұмысқа орналаспай-ақ тапсырылған жұмысты атқарып береді. Сонымен бірге, болашақта офистік қызметкерлерге деген сұраныс күрт төмендейді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, әлемдегі таяу болашақта қысқаратын 7 млн-нан астам жұмыс орнының үштен бірі осы офистік қызметкерлер болмақ. Жалпы, озық технологиялар заманында офиске деген қажеттілік те барған сайын азая бермек.
Осы орайда «цифрлы дәуір» мамандарының бойынан бірінші кезекте табылуға тиіс қасиеттер мен дағдыларды еске сала кеткен жөн болар. Бұл ретте ең алдымен икемділік пен іскерлікке ерекше басымдық беріледі. Сонымен бірге болашақтың мамандарының бойынан қалыптасқан ахуалға жылдам бейімделу және сабырлылық, жұмысқа барынша икемділік көрсете отырып, тұрақсыздықтың алдын ала білу, білімін арттыруға үнемі ұмтыла беру, жан-жақты қабілетті болу сияқты қасиеттер мен дағдылар қажет етіледі. Ертеңгі интеллектуалды болашақ мамандығының негізгі тұғыры – жан-жақты сапалы білім. Тұрақты және жедел оқу тәсілі білікті маман даярлаудың басты ұстанымдарының бірі болып қалмақ. Бұл ретте еліміздегі бүгінгі қаптаған жоғары оқу орындары экономикамызға қажетті болашақ мамандықтарға баулитын орталықтар бола ала ма?
Қазір қазақстандық жоғары оқу орындары 200-ден астам мамандық түрлері бойынша кадрлар даярлайтын көрінеді. Бұл мамандықтардың басым көпшілігіне қазірдің өзінде сұраныс жоқ. Еліміздегі 131 жоғары оқу орны жыл сайын 330 мыңнан астам бакалаврлар даярлайды екен. Ел экономикасы үшін осынша бакалавр қажет пе? Мәселен, жыл сайын ЖОО-ларды бітірушілердің 27 пайызына жуығы экономистер. Ал еліміздің еңбек рыногында әртүрлі экономикалық мамандықтар бойынша жұмыс істейтіндер саны 13 пайыздан аспайды. Сонда құр диплом алу үшін 4-5 жыл алтын уақытты шығындау не үшін қажет? Экономикалық мамандықтардың сипаты бүгінде қас-қағым сәттік жылдамдықпен өзгеруде. Ғарыштық жылдамдық белең алған нақ осындай кезеңде еңбек рыногына қажетсіз мамандықтарға баулу үшін 5 жыл оқу мерзімін белгілеу артық. Қазір әлемнің алдыңғы қатарлы ақыл-ойы білім алу мерзімін барынша қысқарту тәсілдерін ойластыруда. Ал біздің жекеменшік ЖОО-лар әйтеуір оқу мерзімін сақтап, білімге ұмтылған жастардың қаржысын иеленіп қалуды ғана көксейді. Сол ЖОО-лардағы көзі ашық, дүниетанымы кең оқытушы-профессорлардың болашақ ұрпақты қажетсіз мамандыққа баулып, ертеңге қиянат жасап жатқандарын түсінетін уақыты жетті. Сондықтан бүгінгі саны көп, сапасы аз ЖОО-лар әлем тәжірибесінен тәлім алып, болашақтың мамандықтарын меңгеруге шұғыл бетбұрыс жасауы қажет.