Әрине, бүгінгі күнде аталған меморандумды жүзеге асыруға байланысты туындаған сұрақ көп. Мысалы, ауыр бронды техника мен зымырандық-артиллериялық құрылымдар жанжалдасушы тараптарда сақтаулы тұрғанда соғыс қимылдарын тоқтатудың қандай мүмкіндіктері туралы айтуға болады? Сириялық көтерілісшілерді террорлық топтардан қалай ажыратуға болады? Және өткізу бекеттері мен бақылау нүктелерінің қандай тетіктері болуы мүмкін? Дегенмен, «Астана процесінен» жедел нәтиже күту, әрине, қиынның қиыны. Өйткені, Сириядағы қарулы қақтығыс өзінің шырқау шегіне жетті. Осы уақыт ішінде ел содырлардың, көтерілісшілердің және үкімет әскерлерінің арасында бөлініске түсті. Мемлекет толықтай құлдырауға ұшырады. Мұның барлығы алты жыл бойы адам айтқысыз нашар жағдайда өмір сүріп келе жатқан Сирия халқынан күнделікті тұрмыс-тіршілігінен көрініс табуда. Халық аталған соғыстың жаппай құрбанына айналды. Мұндай жағдайда келіссөз үдерістері қиын жүреді және өзіндік ерекшеліктері болады. Барша жұртқа мәлім болғандай, БҰҰ-ның басқаруымен өткізілген Женева келіссөздері қажетті нәтижелерге қол жеткізе алмады. Байқап отырғанымыздай, Женева платформасының шеңберінде қарастырылған түйінді мәселелер «Астана процесінен» көп болмаса, аз емес. Қазіргі кез келіссөзге қатысушы барлық тарапқа үлкен жауапкершілік жүктейді, себебі, олардың әрбір қабылдаған шешімі «кеткен қатенің құнын» көп есе өсіретінін барлығы түсінеді. Уақытында қабылданбаған немесе кез келген бұрыс шешім қақтығыстың әрі қарай жалғасуына алып келуі мүмкін. Сондықтан, қақтығыстың қазіргі кезеңінде оны шешу емес, оны реттеу туралы айтуға болады. Басқаша тұжырымдағанда, бүгінгі күнде ең маңыздысы – қантөгісті тоқтату. Бұл – соғыстан зардап шеккен халықтың пайдасын ойлап, олардың мүдделерін қайта бағалау үшін өзара келісімді іздеудегі бірінші шарт. Кез келген мемлекет тұрақтылығының негізі оның институттарының легитимділігі, яғни заңдылығы болуы екендігін мойындауымыз керек. Халықтың билікке деген сенімі төмен болса, қақтығысты шешудің мүмкіндігі де төмендейді. Сондықтан, бірінші кезекте Сирияға ішкі мәселелерді шешіп алған жөн. Бұл орайда, үкімет пен оппозиция басты рөл атқарады. Сирияда тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін күрд мәселесін де шешкен дұрыс. Бұған қоса, Сирия үшін ең бастысы – елді «Ислам мемлекеті» делінетін мен «Джебхат ан-Нурсы» (Қазақстан Республикасында тыйым салынған лаңкестік ұйымдар) содырларынан тазарту керек. Бұл мәселе үкімет пен оппозицияны біріктіреді. Сонымен қатар, кепіл елдер – Ресей, Иран және Түркияның өз міндеттерін орындағандары да маңызды болып табылады. Басқа жағынан алсақ, егер Астанадағы келіссөздердің нәтижелері басқа мемлекеттер, айталық, АҚШ пен Сауд Арабиясы тарапынан қолдау таппаса, онда Сирия дағдарысы ұзақ жылдарға созылады. Бұл арада Сириямен ортақ шекарасы бар мемлекеттерді де естен шығармау керек. Аталған қиындықтарға қарамастан, «Астана процестері» ғаламдық мәселелерді шешуде жаңа конструктивті нұсқалары бар алаң ретінде өзінің тиімділігін көрсетіп отыр. Бұл арада мұны қазақстандық дипломатияның үлкен жетістігі деген пікірмен де келісуге болады. Келіссөздің төртінші кезеңге жетуінің өзі соғыстан шығудың кішкене болса да мүмкіндіктері бар екендігін дәлелдейді. Ал Қазақстан Республикасы кез келген жағдайда әлемдегі тұрақтылықты қамтамасыз етуге әр кезде дайын екендігін көрсетіп келеді.
Гүлнар НАСИМОВА, саяси ғылымдар докторы, профессор