Мемлекет басшысы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваны қабылдады. Кездесуде Динара Зәкиева Қасым-Жомарт Тоқаевқа бала құқықтарын қорғау бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар туралы мәлімет берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Динара Зәкиева биыл «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы қабылданғанын атап өтті. Оның сөзінше, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау және қауіпсіздік салаларындағы бала құқықтарын қамтамасыз ету шаралары жүйеленген. Жағдайды жіті сараптау негізінде бес жылға арналған іс-қимыл жоспары әзірленген. Құжат әлеуметтік қолдауды және бала құқықтарын қорғауды күшейтетін 158 шараны қамтиды.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Мемлекет басшысына облыс әкімдіктерінде Балалар құқығын қорғау басқармаларын құру жұмысы аяқталғанын, олардың құзыреттері ұлттық заңнамада бекітілгені және ұйымдастыру рәсімдері жүріп жатқаны жөнінде баяндады.
Қазіргі уақытта қажетті ұйымдастыру рәсімдері қолға алынған. Биыл 9 өңірдегі ахуалға мониторинг жүргізіліп, балалардың психологиялық саламаттылығын қамтамасыз етуге және олардың құқықтарының бұзылуының алдын алуға бағытталған іс-шаралар сапасы зерделенген. Бұл жергілікті деңгейде ерекше назар аударуды және қолдауды қажет ететін балаларға жүйелі көмек көрсетуге септігін тигізді. Сондай-ақ ол 111 мемлекеттік байланыс орталығына түсетін өтініштер бойынша жүргізілген жұмысқа тоқталды.
Мемлекет басшысы Португалия Президентіне құттықтау жеделхатын жолдады
Мектептерде QR-111 жүйесінің енгізілуі балалармен тікелей байланыс орнату және олардың құқықтарының бұзылу фактілерін анықтау барысында тиімді болғанын көрсетіп отыр. Аталған құрал іске қосылғаннан бері, яғни, 2024 жылдың қазан айынан 2026 жылдың маусым айына дейін балалардан 167 мың хабарлама мен 4 523 қоңырау келіп түскен.
Президент «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын сапалы жүзеге асыру мақсатында Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің, Үкіметтің және жергілікті атқарушы органдардың күш-жігерін жұмылдыру маңызды екенін атап өтті.
Еске сала кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы АҚШ Президентінің Оңтүстік және Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Серджио Горды қабылдады.