• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Медицина 16 Мамыр, 2017

Қаруға епті ару

201 рет
көрсетілді

Қазақ тарихына үңілсек, жерімізді жауға, елімізді дауға бермей, тамырын Тұмардан тарататын батыр жүректі, алтын құр­сақ аналарымыз бен қа­һар­ман қыздарымыз аз емес. Сондай батыр ба­лау­­самыздың бірі – Ас­та­­на өңірлік қол­бас­шы­лы­­ғының 46298 бө­лі­мінің рұқ­­сатнамалық тәр­тіпті қам­­тамасыз ету бойынша кезекші аға сарбазы Тол­қын Бәкіжанова десек, қа­те­леспейміз.

Мерейлі мереке қарсаңында қарағандылық қайсар қыздың бірқатар жетістіктерін жұртқа паш етіп, әскери сарбазды соңынан еріп келе жатқан болашақ жас жет­кін­шектерге үлгі етуді жөн көр­дік. Жалпы, Толқын Бәкіжанова жайлы әңгіме қозғамас бұрын қолына қару ұстап, әскерде қызмет ететін қыз-келіншектер жайлы аз-кем айта кеткен жөн. Оңай шаруа болса, екінің бірі, егіздің сыңары осы мамандықты меңгере  қояр еді. Ең алдымен, аталған ауыр жолды таңдаған әйел затында мінез болу керек шығар. Қайтпас қайсарлық, өшпес өжеттілік сарбаз сұлуларға  ең асыл қару болса құп. Бұл тұрғыдан алғанда, Толқын − топырағы текті, сүйегі асыл,  тәрбиелі отбасынан шыққан үлгілі ортаның қызы. Қар­қаралы ауданына қарасты Егін­дібұлақ ауылының тумасы бол­ғандықтан, оның тектілігі тамы­рында, қаза­қылығы қа­нында деп білеміз. Ол, сондай-ақ, мер­ген. Мерген болғанда да кіл сұрмергендер жиналған Қазақстан Республикасы Қару­лы Күштерінің екі ірі сайысын­да нысана көздеуде  бас жүл­де­ні бермеген иеленген  екі  дүр­кін  чемпион. Бұл – жиыр- ма тоғыз жастағы Толқын Бәкіжа­но­­ва үшін толайым табыс, жақсы же­­тіс­тік екені сөзсіз. Мамандығына адал мерген қыз 2007-2011 жылдары аралығында Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде қар­­жыгер мамандығын алып шық­қан. Отбасындағы ортаншы қызды анасы басында  дәрігер болса деп ар­ман­дапты. Дегенмен, бала кезде оян­­ған әскери сарбаз болу қиялы бә­рібір осы жолға жетелеп алып келді.  −Алғашқы кездері бұрын маған таныс емес әскери тәртіпке үй­рену  қиындау болды, – дейді біз­дің кейіпкеріміз.  – Себебі, ар­мияның тәртібі өзгеше. Ал тәртіпсіз әс­кер болмайды. Мы­салы, он жыл бұ­рынғы жауынгер мен қазіргі жауын­гердің ара­сының өзінде айыр­машылық бар. Бірақ, қазіргі әскерилердің жау­ынгерлік әлеуеті едәуір жо­ғары. Өйткені, жос­парлы түр­де өткізілетін жыл сайын­ғы жау­ын­герлік даярлыққа ар­нал­ған оқу-жат­тығулар үлкен кә­сіби дең­гей­де өтуде және зама­науи әскери тех­нологияларды мең­ге­руде.  Бі­лім әдістемесі және әс­­кери тех­нологиялар өзгерген са­йын жау­ынгер біліміне талап­тар жо­ға­рылайды, – дейді Т. Бәкі­жанова. Жалпы, патриоттық тәрбие дегеніміз тек Отанға деген жалаң сүйіспеншіліктен тұрмаса керек. Бұл отбасындағы үлгі-өнеге мен  мектептен басталатын мінсіз қыз­метке де байланысты екені сөзсіз. Біздің сұлу сарбазымыз да осы  сөзімізді қуаттай түседі.  Әскерде тек қара күш емес, біліктілік керек. Дана халқымыз «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген жоқ па еді, әскери әйелдер де  еліміз Қарулы Күш­терінің көптеген саласында қыз­мет етіп, ер-азаматтардан еш қа­лыспай, оқу-жаттығуларында ал­дыңғы қатарда жүр. Оның үс­тіне, әскерде сен әйелсің, сен ер­кексің деп бөлмейді. Бәрі қару ұс­таған Отан қорғаушылар. Тол­қын Бәкіжанова солардың бірі.  Толқынға иығыңдағы жұл­ды­­зың мен биігіңдегі жұлдызың қатар жарқырасын демекпіз.

Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан»