Президентіміз: «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады», деген болатын. Бұл ұлттық ұстаным болуы тиіс. Әрбір қазақстандық мемлекеттік тілді жетік меңгеріп, ағылшын, орыс тілдеріне баса назар аударуы керек, сонымен қатар, қазіргі заман талабына сай озық технологияларды игеру, ең бастысы, мәдени болмысымызды жаңғырту әрбір қазақстандықтардың төл міндеті болмақ. Бұл – болашақтың кілті.
Бағдарламалық мақалада «Прагматизм − өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу» – деп, Елбасымыз дөп айтқан. Расында, біздің қоғамымызда да күнделікті тұрмысымызда қол жеткен табыстарға тоқмейілсу, масаттану, кеудемсоқтық әрекеттердің құбылыстарын, аста-төк ысырапшылдықтың болып жатқанын күн сайын кездестіріп жүрміз. Сондықтан, қай-қайсымыз да «Асқанды да көргенбіз, тасқанды да көргенбіз, Асып-тасып ақыры сасқанды да көргенбіз», деген халықтық нақылды естен шығармағанымыз абзал.
Президент атап көрсеткендей, «Рухани жаңғыру тек бүгін басталған жұмыс емес». Кеңес өкіметінің солақай саясатының кесірінен қазақ халқы тілінен, дінінен, ділінен, ұлттық сана-сезімінен түгелдей айырылып қала жаздады. Кеңестік билік қазақ халқын тарихсыз халық жасауды көздеді. Тәуелсіздіктің арқасында ғана өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанды. Тәуелсіздік кезеңінде бұл бағытта бірнеше ауқымды істер атқарылды.
Президенттің еліміздің латын қарпіне көшуін ертерек қолға алып, дайындық жұмыстарын тезірек жүргізу қажеттілігі туралы үкімет пен ғалымдарға берген тапсырмасы да өте құптарлық іс. Біздің ойымызша, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Елтаңба, Әнұран, Ту, Ата Заңымызды қабылдағанымыз, кейінірек елорданы Алматыдан Астанаға көшіруіміз секілді, бұл да қазақ халқы үшін сананы жаңғыртудың бір тетігі болып табылады. Сонымен бірге, латын қарпіне көшу арқылы түркі әлемімен бірігуімізге, жаһандық өркениетке кірігуімізге жол ашыла түседі.
Алайда, елімізде баға жетпес үздік туындыларды өз ішімізде жоғары деңгейде танып, насихаттағанымызбен, әлем халқы бейхабар қалып келеді. Аталған мақаласында Нұрсұлтан Әбішұлы Мәңгілік Елді әдеби, мәдени жауһарларды сұрыптап, оны өзге елдерге таныту мақсатын алға қойып отыр. Осы жолда «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «Қазақстандағы 100 жаңа есім» сынды жобаларды ұсынып, елдің рухани жәдігерлерін сақтап, насихаттау міндеті туындайды. Қазақстанның «Киелі жерлерінің географиясын» жасау елтаным ғана емес, мәдени-тарихи орындарымыздың көркеюіне, туризмнің дамуына жол ашатыны сөзсіз. Ал «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы ұлттық әдебиетіміз бен өнеріміздің озық үлгілерін зерттеуге, жариялауға мүмкіндік береді.
«Туған жер» атты бағдарлама қабылдауды ұсынған Елбасы әрбір отандасымыздың, жастардың патриоттық сезімін арттыру үшін аймақтарда өлке тарихын кеңінен насихаттап, туған жеріне көмек қолын созып жүрген жандарға құрмет көрсету жолдарын қарастыру қажеттігі ескерілген. «Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дер...» дегендей, елге танымал тұлғаларымызды қадірлеп, өлке тарихын зерттеуге, зерделеуге көп көңіл бөлуіміз керек.
Елбасының бағдарламалық мақаласы қазіргі заманғы Қазақстанның стратегиялық бағыт мүдделерін айқындайтын жаңа идеологиялық тұжырымдама болып табылады.
«Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінеді деп сенемін», деп Елбасы айтып өткендей, еліміздің болашағы жастардың қолында, өскелең ұрпаққа Елбасының да артар сенімі мол. Ендеше, сол сенімнен шыға білейік.
Әйгерім Еспенова, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының кіші ғылыми қызметкері