• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
17 Мамыр, 2017

Ұлттық дәстүр – тарих жазған Ата Заң

426 рет
көрсетілді

​​​​​​​Елбасы бүгінде қызу талқыланып жатқан мақаласында ұлттық код  туралы арнайы сөз қозғады. Екі ереже ұсынылды. Біріншісінде − ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқан­дай жаңғыру болмайтыны айтылды. Екіншісінде – алға басу үшін ұлт­­­тың да­муына кедергі болатын өткеннің ке­рі­­тартпа тұстарынан бас тарту ке­рек­тігіне мән берілді.

Ұлттық  код дегеніміз не? Әзірге оның ғылыми негізделген академиялық анық­тамасы жоқ. Өреміз жеткенінше түсіндірсек, ол – ең алдымен,  ана тілі, содан кейін өнер мен мәдениет, салт-дәстүр, ата-­баба ұстанған дін. Бұлар жинақтала келіп ұлттық мінез бен ұлттық қасиетті қалыптастырады.

Ұлттық қасиет бағзы заманнан сомдалу үстінде. Онда даңқты Сақ және Ғұн дәуірлеріндегі империялық асқақтық та, Көктүріктер заманындағы байсалды дана­лықта та, сыртқы жаулармен ұзақ шай­қас­­­та шыңдалған батырлық та, дархан дала дарытқан кеңдік те, көшпелі өмірден қалған енжарлық пен жалқаулық та бар. Сондай-ақ, адам атаулыға жаратылыстан тән үрей мен қорқыныш, солардан туындайтын жалтақтық  пен жағымпаздық, опасыздық пен сатқындық та жоқ емес.

Ұлттық мінезді осы жағымды-жағым­сыз қасиеттер айқындайды. Ал бүгінгі қазақтың мінезі қандай? Ұлттық намыс­пен шарт сына ала ма, ұстамды ма,  әлде,  шамшыл ма, кекшіл ме, кешірімді ме? Бұл туралы қоғам мен мемлекет ойланса, енді ойланар.

Асылында, мінез өзгермей, оны қалыптастырған салт-дәстүр өзгермейді. Ұлы Абайдың мінезді түземек болуы сон­дық­тан. Ол мінез бен салт-сана­ға екі нәр­се: заман мен сол заманды тізгін­дегендер ықпал етеді. Анығырақ айтсам, биліктегілер заманның талабына қарай ұлттың өмір сүру дағдыларын қорғай отырып, оларды жақсы жағына қарай өзгертуді мемлекеттің басты мін­дет­терінің біріне айналдыруы керек.

1972 жылы Америка Құрама Штат­тарының президенті Конгрестің жа­ны­нан арнаулы комитет құрып, әлеуметтік перспективалық ақпарат жүйесін жасау жөніндегі декретке қол қойды. Бұл комитетті сенатор Э.Кеннеди басқарды. Аталған жүйе арқылы АҚШ ұлттық қауіпсіздік стратегиясының басты мақсаттарының бірі ретінде өмір салтын қорғау міндетін белгіледі. Арада белгілі бір уақыт өткенде президент Б.Клинтон: «Біздің ұлттық қауіпсіздігімізді – халық­ты, территорияны және өмір салтын қорғау менің әкімшілігімнің басты мақ­саты және конституциялық міндеті болып табылады», деп мәлімдеді.

Осыдан соң «Әлеуметтік көрсеткіш-тер» деп аталған жалпы мемлекеттік жүйе жа­салды, сол арқылы АҚШ-тың қатардағы азаматтарының өмір салты параметрлері айқындалды. Олар тар ауқымда алғанда, жеке адамның, кең ауқымда алғанда, тұтас ұлттың мінезі мен ұстанымына тікелей әсер ететін 8 блокка тіркелді. Бұл  «Әлеуметтік көрсет­кіштер» қатарына денсаулық, қоғамдық қауіпсіздік, білім, еңбек, табыс, тұрғын үй, демалу мүмкіндігі және демография кіреді екен. 

Осы параметрлер бойынша АҚШ-тың саяси элитасы америкалықтардың технологиялық жай-күйіне стратегиялық талдау жасайды, ұлттың әлеуметтік ахуалында пайда болған мәселелерді дер кезінде біледі, елге ішкі және сыртқы ақпараттық-психологиялық әсерді бақылап отырады. Жиналған мәліметтер бойынша мемлекет шешім қабылдайды және жүзеге асырады.

Бізде, Қазақстанда осындай жүйе бар ма? Жоқ болса, оны жасау қажет. Мұнысыз, яғни ұлтты әлеуметтік-психологиялық ұдайы зерттеусіз, оның дәстүрін, өмір салты мен мінезін өзгертемін деу бос әуре. Өзгерту былай тұрсын, барын сақтау да қиын.

Осы күні ұлттың салт-санасына кері ықпал етіп отырған ішкі фактор белгілі. Басты фактор – нарық. Ресей саясаттанушысы М.Калашников: «Махаббат, па­триотизм, асқақ идеяларды, бабалар дәстүріне адалдық секілді тұғырлы қасиеттер нарықтық емес, экономикалық тиімсіз қасиеттерге айналды», дейді.  Мұның шет жағасын көріп жүрміз. Ал тауарға айналған ұлттық қасиеттерді нарықтан қалай қорғаймыз.

Біз сыртқы ­­әсерлерге де тосқа­уыл қой­­ған жоқпыз. Феминизм, либертариан­дық, адам құқын жамылып азғындау, көпмәдениеттілікке әсіре әуестік, ақ­па­рат­тық толассыз агрессия қазақта бұ­рын еш уақытта болмаған сорақы қылықтардың пайда болуына әкеліп соғуда. Қазір әлді елдер көне қытай философы Сун-Цзы айтқан: «Дұшпанды шайқассыз тізе бүктіру – өнердің төресі» қағидасын жүзеге асырып жатыр. Бүгінгі Қытайдың стратегиясында «Мәдени ақпараттық агрессия» деген тармақ бар. Ал АҚШ-тың әскери стратегияға жетік ғалымы Поль Лайнбарджер ақпараттық соғыста таңдап алынған елдің салт-дәстү­ріне, тіліне, өмір сүру дағдылары мен мі­незі­не ықпал етуді ұсынады.

Біз осылардың бәрін мемлекеттік дең­гей­де ескермей, қорғаныс амалда­рын қа­рас­тырмай ұлттық код туралы өре­лі ойды төріне қондыра алмай­мыз. Жиындардың мінбелерінен қазақ­тың тұрмыстық кемші­ліктерін теріп, же­тіс­ті­гін жа­лаулатқаннан ештеңе шықпайды. Ұлттық дәстүр тарих жаз­ған Ата Заңың екенін ойлап, оған әлеу­меттік-психологиялық және эко­номи­ка­лық тұрғыдан қарау парыз.