• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 17 Мамыр, 2017

«Хат қоржын» (17.05.2017)

228 рет
көрсетілді

Оқырман...

Жақсылықтың жаршысы бола білейік

Тәуелсіз ел тарихында айтулы даталар да, ауыз толтырып айтар тарихи көріністер мен тұлғалар да бар. Елбасының Жолдауын бар­­лық қауым болып жылда талдаймыз. Басшымыз өз елінің бо­лаш­ағына толықтай сенетін тұлға, оның әрбір Жолдауында ой­ла­на­­тын, іске асыратын жүйелі ойлар бар. Біздің еліміздің өз құн­ды­лық­тары да, қиыншылықтары да жетерлік. Ал оларды жеңу сіз бен біз­д­ің қо­лы­мызда. Мен өз күшімізді біріктірсек кемел ел қалып­тас­ты­ра­ты­ны­мыз­ға сенімдімін. Кең байтақ елімізде ақын да, жазушы да, керемет өнер иелері де, өз мамандықтарының майталмандары да, жомарт жан­­дар да, ер тұлғалы азаматтар да жетерлік. Сол жандардың есімі мен іс­те­рін көріп-біліп жүрсек, солардай болсақ – алар асуымыз көп-ақ.

Туған жерімдегі әрбір жаңалық мені серпілтіп отырады. Соңғы бес жыл­дың көлемінде біздің облысымыз гүлдене бастады. Қала келбеті әб­ден өзгерді, ауыл жаңаша тыныстады. Әрине, бұл бір адамның жұ­мысы емес шығар, дегенмен осы аралық Қ.Көшербаевтың ел бас­қару кезінде жүзеге асырылып жатқанына ешкім күмән келтіре ал­мас. Өзім Байқоңыр қаласының тұрғынымын. Бұл шаһарда да өз іс­те­рін дөңгелетіп отырған жандар баршылық. Осындай жандардың да еңбегі бағаланып, жақсылық жаршысы тізіміне көптеп енетініне, елі­міз Елбасы айтқан дамыған мемлекеттердің қатарынан көрінетініне мен әбден сенімдімін.

Гүлжайна ТҰРСЫНБАЕВА

Қызылорда облысы

 

...әсерімен бөліседі

Әбіш әлеміне үңілді

Шетпедегі С.Қондыбай атындағы облыстық мемориалдық мұ­ра­жайында «Әбіш және Маңғыстау» атты рухани дөңгелек үстел мәс­лихаты өткізілді. Басқосудағы алғашқы сөзді заманымыздың заң­­ғар жазушысы Әбіш Кекілбаевтың замандасы Алдаберген Құр­ма­шев алып, сыныптасы жөнінде естелік айтса, жазушының шы­ғар­маларындағы Маңғыстаудың рөлі жайында Гүлжамила Құ­сай­ын­­қызы баяндама жасады. Сондай-ақ Рима Бердиева «Әбіш жә­не Серікбол» тақырыбындағы баяндамасында екі ұлы адамның ара­сындағы қатынас пен өнегелі өмір жолы мен шығармашылық белест­е­рін жан-жақты талдады. Ал тіл маманы Қ.Бөбетай «Әбіш Кекілбаев шы­ғар­машылығындағы стилистика» атты ғылыми тұжырымдамасын ор­та­ға салып, көпшілікке Кекілбаевтың жазу шеберлігін түсіндіріп бер­ді.

Басқосу барысында жастар келген қонақтарға сауалдарын қойып, ұсы­ныстарын білдірсе, жас ақындар өздерінің Әбіш аталарына шы­ғарған арнауларын оқып, жүрекжарды тілектерін жеткізді. Шара со­ңында Ә.Кекілбаев туралы жазушы Сұлтан Оразалының арнайы тү­сірген деректі фильмі көпшілік назарына ұсынылды.

Аллаберген ҚОНАРБАЕВ

Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы

 

...ұсыныс айтады

Бабалар кесенесіне көңіл бөлінсе...

Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жарты бөлігі түрлі-түсті керамикамен көмкерілген де, ал қалған бөлігі қара­па­й­­ым қыштармен өрілген көрінеді. Ардагерлер атынан сұрарымыз – кі­­ре­беріс келбеті жағы да түрлі-түсті керамикамен көмкерілсе дей­міз. Сонда бұл кешен түгелдей әдемі бейнеге түсіп, әрі келген жұ­рт­шы­лықты тамсандырары анық.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ЮНЕСКО тізіміндегі мәдени мұра екен­дігін ескеріп, осы кесененің жөндеуіне жететіндей қаржы бөлінсе, құ­ба-құп болар еді.

Тағы бір ұсыныс, осы ойшыл ғұлама ғалымның ұстазы болған Оты­рардағы Арыстан бабқа да құрмет көрсетілсе екен дейміз. «Бұл ке­сенені де түрлі-түсті керамикамен сыртын түрлентсе, әспеттесе екен» де­ген тілегіміз бар. Бұл Ясауи бабамыздың ұстазы Арыстан бабқа деген құрмет болар еді. Осы екі кесенеге бірдей көңіл бөліп, ажыратпай бір жылда, бір мезгілде құрылысы жүргізілсе дейміз. Түркістан қаласы 2017 жылы түркі тілдес халықтарының рухани астанасы болған кезде осы істі қолға алуымыз маңызды болар еді.

А.САПАРОВ,

Кентау қалалық «Ардагер» қоғамдық бірлестігінің басшысы Оңтүстік Қазақстан облысы

 

...сақтандырады

Тәрбие тал бесіктен басталады емес пе?

 Қазіргі таңдағы қазақ отбасындағы тәрбие-тәлім қай дәрежеде? «Әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа жоқ» заман болып бара жатқан жоқ па? Кейбір ата-аналар бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайды. Кейбірі кеш басталысымен теледидардың алдынан шықпайды. Ата-ана не істесе, бала соны көріп өседі. Кеш болысымен жұмыстан шаршап келген ата-аналар: «Балам, бүгін сабақта не оқыдың, қандай тапсырма берді?» деп сұрамай, қолына ұялы телефонды беріп: «сен де тыныш, мен де тыныш» деп отыра береді. Бала қандай сайтта отыр, не ойын ойнап отырғанында шаруасы жоқ. Әлеуметтік желіге кірген бала одан шыққысы келмей, әртүрлі видеоларды көріп, желілерді аралап шығып, сол желідегі біреумен танысады. Жеткіншек қыздар алданып қалып, содан қиын жағдайға түсуі мүмкін...

 Тәрбие – тал бесіктен басталады емес пе, сол тәрбиеміз қайда бара жатыр?! Екі жастағы сәбиді де телефонмен алдандырамыз. Өсе келе баланы телефонмен тәрбиелейтін шығармыз. Әлеуметтік желіден неше түрлі сұмдықтарды көрген жеткіншектер өз-өздеріне қол жұмсап, әртүрлі секта, жиһад жетегімен шетел асып кетіп жатыр емес пе! Заман өзгерді дейміз, заман емес – адам өзгерді. Ата-ана, ұстаздар араласатын орталары жақсы болса, бала да заманға қарай өзгермеуші еді.

Кенжегүл ӘДІЛОВА

Астана

 

 ...көзқарасын білдіреді

Жақынымызға домбыра сыйлайық

 «Егемен Қазақстан» газетінен Оралхан Дәуіттің «Күй ойнайды қазағымның қанында» атты мақаласын оқып, менің де қалам ұстауыма түрткі болды. Бұрын домбырасыз үй болмаушы еді. Қазір ірі қалаларда балалардың үйренулері үшін домбыра үйірмелері бар, ал ауылда ондай мүм­кіндік жоқ. Бір кездері телеарналардан домбырада орындалатын дәс­­түрлі әндер жиі беріліп, күйшілердің «күй тартыстары» болып тұ­рушы еді. Бұл күнде оның бірі де жоқ. Елде – орта жастағы, егде жас­тағы кісілердің, зейнет жасындағы ата-апаларымыздың ертелі-кеш теледидар алдында отыратынын ескерсек, бірауық домбыра үнін аң­сай­тынын неге бағамдамаймыз осы?!

Мен өзім де домбыра тартамын. Ұлымның жас кезінде ән салуға икемі барлығын байқап, домбыра үйреттім. Ұлым жиырмаға толғанда оған туған күніне домбыра сыйладық. Сосын інімнің балаларына да домбыра тартуды үйреттім. Олар да қазір студент, әлеуметтік же­лі­лер­де қазақ әндерін, термелерді орындап өзі құралпылас жастарға на­сихаттап жүр. Қазір ойлап отырмын, жалпы сыйлық жасауды әйел­дер қауымы ғой үйлестіретін. Қазақ аналарына, әйелдеріне айтарым – алтын тағудан, шапан жабудан жалығатын уақыт болды ғой... Қазақы құндылығымызды ойлайық. Ол үшін кейінгіге үлгі болсын, ең қа­дірлі қонаққа домбыра сыйлайық. Әр үйдің төрінде «құда сыйлаған» қасиетті домбыра ілулі тұрсын.

Зеберкүл ШАРДАРБЕКОВА, ұстаз

Жамбыл облысы, Талас ауданы