• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
Жазғы спорт 17 Мамыр, 2017

Петропавлда студенттердің жазғы универсиадасы басталды

178 рет
көрсетілді

Қызылжар өңіріне еліміздің әр қиырынан жиналған жүзге жуық студенттер спорттың жүзу және көпсайыс түрлері бойынша үш күн бойы өз күштерін сынасады.

9-шы жазғы универсиаданы ашу құрметіне солтүстікқазақстандықтар ие болды. Жүзуден бас төреші Гүлмира Кұлдаеваның айтуына қарағанда, өзара бәсекелестік өте күшті. Бағдарлама бойынша 50, 100, 200 метрлік қашықтықтарда кроль, брасс, шалқалай жүзу, тағы басқа түрлерінен жүлделер сарапқа салынатын болады.

Алғашқы күні петропавлдық Тимур Хаиров 50 метрге еркін жүзуден алдына жан салмады. Мықты командалардың бірі саналатын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің өкілі, Азия ойындарының бірнеше мәрте жеңімпазы Элмира Ыбырайымның да қарсылас шақ келтірмейтін түрі бар.

«Студенттердің жазғы универсиадасы 32 спорт түрін қамтыса, Петропавлда жүзумен қатар Президенттік көпсайыс та өтеді. Шығыс Қазақстан облысының, Тараз, Қостанай университеттері командаларының жақсы дайындықпен келгені байқалады», дейді М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті жанындағы «Сұңқар» спорт клубының жетекшісі Ербол Исатаев.

Жарыс ертең өз мәресіне жетеді.

Өмір Есқали, «Егемен Қазақстан»