Талдықорғанда ҚР Қарулы күштерінің 25 жылдығына орай Ауған соғысы ардагерлерінің арасында волейболдан республикалық турнир басталды. Турнирді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов ашты.
«Бұл бәсеке ел көлемінде бұдан кейін де игі дәстүрге айналып, спортсүйер қауымның игі шарасына айналады деп сенеміз», деді өңір әкімі.
Ауған ардагерлері атынан «Ауған соғысы мүгедектерінің республикалық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Кеңес Одағының батыры Николай Кремениш сөз алып, турнирді ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, сәттілік тіледі.
Жалпы, бұл спорттық жарысты өткізу туралы ұсыныс облыс әкімі А.Баталовтың осы жылдың ақпан айында ауған соғысы ардагерлерімен кездесуі барысында айтылған болатын. Ұсынысқа әкімдік тарапынан қолдау көрсетіліп, жүзеге асырылып отыр. Еліміздің түкпір-түкпірінен 9 команда қатысқан жарыс екі күнге созылады.
Нұрбол Әлдібаев, «Егемен Қазақстан»