• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 17 Мамыр, 2017

Алматыда «Қоғамдық сананың жаңғыруы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

300 рет
көрсетілді

Алматыдағы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Философия, саясаттану және дінтану институтында «Қоғамдық сананың жаңғыруы» тақырыбында Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бағдарламалық мақаласын талқылау аясында дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстел жұмысына ғылыми зерттеу институттарының ғалымдары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, алдыңғы қатарлы университеттердің магистранттары мен PҺD доктаранттары қатысты.

Шара барысында Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының маңызды тармақтары, атап айтқанда, XXI ғасырдағы ұлттық сана туралы және таяу жылдардағы міндеттер, оның ішінде қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстары және қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар жобасы туралы өзекті мәселелер талқыланды. Келесі бір мәселе діни саладағы жаңғырудың рухани жаңғырумен астасуы төңірегінде өрбіді. Осыған байланысты институттың дінтану бөлімінің меңгерушісі Бақытжан Сатершинов «Қазақстандық сананың жаңғыруы: діни сана қырлары» тақырыбында, Нұр Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетінің PҺD докторы Асқар Әкімханов «Рухани жаңғырудағы ханафи-матуриди мектебінің маңызы» тақырыбында баяндама жасап, өз ойларын ортаға салды. Жат ағымдардың жетегінде кетпей, бабаларымыздан мирас болып келе жатқан дәстүрлі дінімізді тереңнен түсініп, қоғамдағы бірлік пен біртұтастықты сақтай отырып, рухани жаңғыру керектігі айтылды.

«Қазақ халқы Ислам дінін өзінің ежелден қалыптасқан салт-санасымен, озық дәстүрімен үйлестіре, сабақтастыра отырып қабылдады. Сол арқылы бәз бір ұлттар секілді өзіндік ұлттық болмысы мен төл мәдениетінен айырылып қалған жоқ. Дәсүрлі ислам сан ғасырлар бойы бабаларымыз ұстанып келе жақан дін мен дәстүрдің сабақтастығынан туындаған дүние. Дәстүрлі дін дегенде Ислам дінінің негізгі қағидаттарына қайшы келмейтін озық дәстүрлерді айтамыз. Яғни, екеуінің сабақтастығынан туындаған рухани құндылықтар жүйесіне негіздейміз. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, Қазақстан мұсылмандары ұстанатын Ханафи-матруди мектебі қазақтың дәстүрлі діни дүниетанымының негізгі мәйегі болып есептеледі. Матруди ілімі адамның табиғатын, болмыс-бітімін, ақыл-ой психологиясымен ерік қалауын негізге алады. Елбасымыз айтқан рухани жаңғыру, рухани болмысымызбен, рухани сенім-нанымымызбен астасып жатыр. Сондықтан,  жастарымызға дұрыс тәрбие беріп, халқымыздың ұлттық құндылықтары мен мәдени дәстүрін құрметтеуге бағыттауымыз керек», дейді  дінтанушы Асқар Әкімханов.

«Қандай дін біздің рухани жаңғыруымызға көмектеседі деген кезде бүкіл Орта Азия елдері ұстанатын бабаларымыздан келе жатқан ханафи бағытының  жасампаз қырлары анықталады. Мұсылмандық арасына еніп кеткен көптеген діни бағыттардың, біздің дәстүр салтымызды, туған  жерімізді мойындай қоймайтын салафилік, вахабилік бағыттарға қалай қарсы тұруға болады, олардың қарым-қатынасын қалай түзеуге болады деген ойларды бүгінгі жиын барысында жіті талқыладық. Оның негізгі технологиясын дәлелді, дәйекті түрде ұсына келіп, әр кездесуде, әр оқу процесіндегі лекцияларда, әрбір мақалада айтамыз деген ойымыз бар. Демократиялық қоғамда әр азаматтың наным-сенім таңдау еркі өзінде. Дегенмен, қоғамдағы бірлік пен тыныштық ең бірінші қағида, негізгі іргетас.  Әркім ойына келгенін істеп, экстремизм мен терроризмге бара беретін болса алға қарай прогресс жасай алмаймыз. Бүгін талқыланған өткір мәселенің барлығы жүзеге асу үшін зиялы қауым өзінің ішкі әлеуетін көрсете білу керек», дейді философия ғылымдарының докторы, профессор Серік Ермұратов.

Жиын барысында рухани жаңғыру бағыты бойынша осы және өзге де мәйекті мәселелелер кең көлемде талданып, Елбасы мақаласында айтылған әр тақырып болашаққа тың серпін беретін маңызды құжат екені айтылды.

Арман ОКТЯБРЬ, «Егемен Қазақстан»