ҚазҰАУ оқытушылары мен студенттері ғана емес еліміздің әр аймағынан келген жастар, бірқатар зиялы қауым өкілдері ат салысқан кешке ақынның өзі де қатысты.
Қазақ ұлттық аграрлық университетінде 2004 жылдан бері «Олжас Сүлейменов атындағы Әлеуметтік-гуманитарлық білім беру және тәрбие институты» жұмыс істеп келеді. Осында оқитын студенттермен жиі кездесіп, әртүрлі шараларға қатысып тұратын Олжас Омарұлының әдебиет пен мәдениет, руханият пен бейбітшілік мәселесі, еліміздің экологиялық проблемалары және жоғары оқу орындарының халықаралық білім кеңістігіне кіруі төңірегіндегі пайымдаулары былайғы жұрт үшін қол жете бермейтін дүние екені анық.
Олжас Сүлейменов өзінің атындағы мұражайды аралап, жиналған, құрмет көрсеткен жастар мен университет ұжымына алғыс білдірді. Айта кету керек, 19-21 мамыр аралығында университеттің үлкен спорт кешенінде волейбол спорты ардагерлері арасында дәстүрлі «Олжас Сүлейменов жүлдесі» турнирі өтеді. Ақынның өзі де ойнайтын бұл жарысқа Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің командаларымен қатар Тараз, Талдықорған, Шымкент, Қызылорда қалалары, Еуразия технологиялық университеті мен Қазақ ұлттық аграрлық университетінің командалары қатысады.
Алмас НҮСІП, «Егемен Қазақстан»