- Билік пен бизнес өкілдері арасындағы сұқбат алаңы, алтын көпір ретінде дүниеге келген «Атамекен» Ұлттық палатасы 4 жыл ішінде басым бағыттарын айқындап, белсенді жұмыс істеп келеді. Ұлттық палата кәсіпкерлердің мүддесі мен заңды құқығын қорғау, қаржылық қолжетімділікке жету, нарық инфрақұрылымдарын қалыптастыру, адами капиталды дамыту, бизнесті сервистік қолдау сынды маңызды мәселелерде кәсіпкерлердің ең басты көмекшісіне айналды. Бүгінгі басқосуда өткен жылдың нәтижелерін қорытындылап, кәсіпкерлік саласындағы түйткілдерді ортаға салайық. Батыс Қазақстан облысында кәсіпкерлік палатасы жергілікті әкімдікпен өзара үйлесімді қызмет атқаруда. 2016 жылдан бастап барлық ауданда «Атамекеннің» өкілдігі жұмыс істеп жатыр», - деді Тимур Құлыбаев мәжілісті ашып отырып.
2016 жылдың қорытындылары жайлы баяндаған Батыс Қазақстан облыстық кәсіпкерлік палатасының директоры Нұрлан Қайыршин өткен жылы өңірде 1 983 776,5 теңгенің өнімі өндірілгенін айтты. Оның алдындағы жылмен салыстырғанда 102,3%-ға өскен батысқазақстандық ЖІӨ-нің республика бойынша үлесі 4,3% болыпты. Жан басына шаққанда 2016 жылы облыста ЖӨӨ 3103,4 мың теңге болған. Қазақстан өңірлерінің арасында бұл 5-көрсеткіш екен.
Батыс Қазақстан облысында күні бүгін шағын және орта кәсіпкерлік саласында 40,4 мың нысан қызмет етеді. Бұл салада 97,3 мың адам кәсіп қылып жүр.
Әрине, өткен жиын ең алдымен жергілікті кәсіпкерлердің мұң-мұқтажы мен түйінді түйткілдеріне назар аударғаны рас. Нұрлан Серікұлының айтуынша, өткен жылы палатаға кәсіпкерлерден жазбаша түрде 163 арыз-шағым түскен. Түскен арыз-шағымның 56 пайызы, яғни 91-і бойынша оң шешім шығарылып, бизнес өкілдері қолдауға ие болған. «Осының нәтижесінде кәсіпкерлердің қорғалған мүліктік құқығының жалпы көлемі 564 941 565 теңгені құрады» деді Нұрлан Қайыршин.
Кәсіпкерлер палатасының талдауы көрсеткендей, жергілікті бизнес өкілдерінің жолында 21 әкімшілік кедергі кездескен. Мұның 15-і жергілікті болса, алтауы республикалық деңгейде екен. Бұл мәселелердің бәрі де дер кезінде «Атамекен» ҰКП-на, қоғамдық мониторинг департаментіне, басқа да тиісті органдарға жолданған.
- «Атамекен» ҰК палатасына былтыр кәсіпкерлер тарапынан 17 мың өтініш, арыз-шағым түсті. Соның 40 пайызында көтерілген мәселелер кәсіпкердің пайдасына шешілді. Ұлттық палатаның ең басты міндеті де сол – кәсіпкерді қорғау. Әр облыста бірнеше мың кәсіпкер бар, олар – бүкіл экономиканың қозғаушы күші. Сондықтан, кәсіпкерлікті қорғау мәселесі ең жоғарғы – заң шығарушы мекемелер деңгейінде қарастырылуы керек. Елбасымыздың өзі осыған үндеп отыр. Қылмыстық кодексті гуманизациялау, салық заңдылықтарын жетілдіру, кәсіпкерлікті дамытуға барынша қолайлы жағдай жасау ісіне әрқайсыңыз атсалысып, ұсыныс-пікірлеріңізді жолдаңыздар, біз Парламентке жеткіземіз, - деді әңгімеге араласқан Тимур Құлыбаев.
Жиында Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов сөз алып, Елбасының биылғы Жолдауына сәйкес бизнесті қолдау, кәсіпкерлікті дамыту, кәсіпорындарды жаңғырту бойынша бірқатар жұмыстар атқарылғанына тоқталды. «Соңғы үш жыл ішінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда оң динамика басым. Өңірдің ішкі жалпы өнімі құрылымында шағын және орта кәсіпкерлік саласының үлесі 39,9 пайызды құрайды. Өткен жылы кәсіпкерлікті қолдауға 3,9 миллиард теңге бөлінді. Ал биыл кәсіпкерлікті қолдауға 2016 жылмен салыстырғанда 1 миллиард теңге артық, яғни 5 миллиардқа жуық қаржы бөлініп отыр. Соның ішінде ауыл кәсіпкерлігін дамытуға ерекше көңіл бөлудеміз. Бұл бағытта «Атамекенмен» тығыз байланыста жұмыс істеп келеміз. Жақында Қытайдан БҚО аумағындағы ірі ет өңдеуші кәсіпорындар – «Батыс Марқа Ламб» ЖШС мен «Күбілей» ЖШС-на инспекция келіп кетті. 2016 жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта кәсіпкерлік саласынан облыс бюджетіне 52 млрд теңге салық түсті, бұл барлық түсімнің 25 пайызы. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы басталғалы бері 82 миллиард теңгеге 673 жоба мақұлданды. Сондай-ақ қайтарымсыз 130 миллион теңгеге 60 грант берілді, 3 миллиард теңгеге жуық қаржыға 57 нысанға инфрақұрылым тартылды, «Орал трансформатор зауытына» да субсидиялау, инфрақұрылым тарту көмегі көрсетілді. «Атамекен» барлық ауданда жұмыс істеуде. Өз ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер палатаға келіп, тегін кеңес алады. Өкінішке қарай, кәсіпкерлік жолында әкімшілік кедергілер кездесетінін жасырмаймыз. Елбасы кедергілерді азайтуды тапсырды. Сараптама жүргізудің нәтижесі соңғы бес жылда әкімшілік кедергілердің 3 есе азайғанын көрсетті»,- деп атап өтті Алтай Көлгінов.
Батыс Қазақстан облысында өңір басшысы кез келген түйінді мәселе бойынша кәсіпкерлерді тікелей қабылдайтынын жыл басында жариялаған еді. Күні бүгінге дейін кәсіпкерлер палатасы базасында осындай қабылдау 4 мәрте өтіпті. Қабылдауға 300-ге тарта кәсіпкер келген. «Кейбір мәселелерді аудан деңгейінде-ақ шешуге болатын еді. Сондықтан кәсіпкерлерді кез келген мәселе бойынша аудандар мен Орал қаласының әкімдері тұрақты түрде қабылдап, түйінді мәселе болса, шешіп отыратын болады» деді облыс әкімі.
Басқосуда Тимур Құлыбаев өзге өңірлерде қолға алынған жақсы бастамаларды, оң нәтижелерді игеру, тәжірибе алмасу қажеттігіне тоқталды.
- Қызылорда облысында ХҚКО секілді арнайы «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» ашылған. Мұнда облыс аумағындағы кәсіпке жарамды жердің электронды картасы жасалып, бизнесмендердің назарына ұсынылып отыр. Осылайша, кәсіпкер ешбір шенеунікке жолықпай-ақ өз кәсібіне қажетті бос жер телімін таңдай алады. Маңғыстау облысында 2 мың шаршы метрді алатын Кәсіпкерлер үйі салынған. Бұл жерде кәсіпкерлерге керекті барлық қызмет – салық кеңесі, жер мәселесі, екінші деңгейлі банктер өкілдері т.б. барлық кеңселер шоғырланған. Осылайша бизнесмен бір жерден барлық сауалына жауап табады. Ал Оңтүстік Қазақстан облысы шағын несиелер бойынша үлкен нәтижелерге жетіп отыр. Мысалы көктемде халыққа балапан және оның жемі беріледі, күзде ол құсты нарық бағасымен кері сатып алады. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтудың бір жолы, ашыққанға балық емес, қармақ беру деген мәселе осы. Біздің еліміз – кең-байтақ, бізге тәжірибе алмасып, бір бірімізден үйреніп отырмасақ болмайды, - деді «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев.
Бұдан кейінгі әңгіме сұрақ-жауап түрінде өрбіді. Жергілікті кәсіпкерлер жұмыс барысында кездесіп жатқан кейбір қиындықтарға тоқталып, мәселенің республикалық деңгейде оң шешілуін сұрады.
Мәселен, «Ақас» шаруа қожалығының жетекшісі Қатауолла Ашығалиев мал қораларының техникалық төлқұжаттарын рәсімдеу құны өте қымбат екенін айтты.
- Ауылдағы қарапайым төрт қабырға, төрт қақпадан тұратын мал қорасын рәсімдеу құны коттедждің бағасымен бірдей. Бұл құжатты жасайтын ТИБ (БТИ) мекемелері өз қызметін ондаған миллион теңгеге бағалайды. Осының кесірінен ірі мал шаруашылығы нысандарының басым бөлігі тіркелмеген, - дейді шаруа. Қатауолла Ашығалиев техникалық төлқұжат жасау ісін бәсекелестік ортаға жіберіп, тіркеуде ХҚКО атқару керек деп есептейді.
Қазіргі Салық кодексінің 141 бабына сәйкес, корпоративті табыс салығы әр жылдың желтоқсанында төленуі тиіс, әрі аванстық төлемнің көлемі осының алдындағы жылдың өлшемімен алынады. Қатауолла Ашығалиев Батыс Қазақстан облысында жеті жыл қатарынан қуаңшылық болып, диқандар егіннен өнім алмағанын, тек 2016 жылы ғана табыс тапқанын айтты. 2017 жылдың сәуірінде 2016 жылғы салық декларациясын тапсырған соң көп уақыт өтпей өткен жылдардың табысын жасырғаны үшін айыппұл қағазы келіпті! «Ауыл шаруашылық кешенінде жұмыс істейтін нысандар Салық кодексінің 62 және 63 баптарына сәйкес, корпоративті табыс салығын салық декларациясын тапсырған соң ғана төлегені жөн болар еді. Өйткені, табиғат жағдайына тәуелді шаруалар алдын ала қандай табыс табатынын немесе таппайтынын білмейді ғой» деген ұсыныс айтты фермер.
Шағын бизнес орталығы қауымдастығының директоры Шолпан Махмудова өз сөзінде «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасын жүзеге асыруда кездесетін кейбір қиындық туралы тоқталып өтті.
- Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 наурыздағы №168 қаулысы өзгерткен «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасының 135 бабында: «Жетіспейтін инфрақұрылымды жеткізу мынадай критерийлерге сай келетін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жобалары үшін жүзеге асырылады:
1) жобаға инвестицияның көлемі 400 млн. теңгеден кем болмайды;
2) инфрақұрылым құрылысының (реконструкция) бағасы 100 млн. теңгеден кем болмайды» делінген. Осы арқылы шағын кәсіпкерлік нысандары өз өндіріс орындарына инфрақұрылым жеткізу игілігінен тыс қалды. Ойлап қараңызшы, заңның өзінде шағын кәсіпкердің айналымы 120 млн. теңгеден аспауы тиіс болса, шағын кәсіпкер қалайша жобаға 400 млн теңгеден кем емес инвестиция құя алады? Бұл бір біріне қайшы ғой! – деді Шолпан Жұматайқызы.
Өзгеріс енгізілгенге дейін «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы негізінде Батыс Қазақстан облысы бойынша жалпы құны 861 млн теңгені құрайтын 29 жоба Өңірлік координациялық кеңестің оң шешімін алып қойған екен. Әрине, жоба жасау, жобалық-сметалық құжаттарды дайындауға да әжептәуір қаржы кетеді. Құжаттарды өз есебінен жасап, сараптамалардан өткен шағын кәсіпкерлердің 29 жобасы жоғарыдағы өзгерістің кесірінен қазір тоқтап тұр. Мұның 23-і – алыс ауыл кәсіпкерлері екен. Шағын бизнес орталығы қауымдастығының директоры Шолпан Махмудова бағдарламаға өзгеріс енгізілгенге дейін мақұлданып кеткен жобаларды қолдап, республика бюджетінен қаржы бөліп, қажетті инфрақұрылымдарды жүргізуді сұрады.
Екі сағатқа созылған жиын барысында кәсіпкерлер отандық тауар өндірушілерді қолдау, өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жайында ой бөлісіп, басқа да ұсыныстарын ортаға салды.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген: Айбатыр НҰРАШ