• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 18 Мамыр, 2017

ШЫҰ-ның жаңа кескіні Астанада сомдалады

213 рет
көрсетілді

Үстіміздегі жылдың 8-9 маусым күндері елордада Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының (ШЫҰ) саммиті өтеді. Осынау ауқымды шара барысында қандай мәселелер күнтәртібіне шығарылатынынан хабары бар әлемдік қоғамдастық ШЫҰ-ға төрағалық етуші Қазақстанның орталығы – Астанаға байыппен көз тігіп отыр. Әсіресе, Үндістан мен Пәкістанның ШЫҰ қатарына мүшелікке өту процесіне осы жиын аясында нүкте қойылатыны саммиттің салмағын арттыра түсетіні анық.

Қазақстан мүше болып қабыл­дан­ған халықаралық беделді ұйым­дар­дың бірі – Шанхай Ынты­мақ­тастық Ұйымы. Ол алғаш­қыда «Шан­хай бестігі» деген атау­мен құрыл­ған болатын. Бүгінде алты мемле­кеттің (Қазақстан, Қырғыз­стан, Қытай, Өзбекстан, Ресей және Тәжікстан) басын біріктіріп отырған бұл Ұйым қалыптасқан, салмақты, әлемдік қоғамдастықпен, «азуын айға білеген» халықаралық ұйымдармен ынтымақтаса жұмыс істеуде мол тәжірибе жинақтаған іргелі бірлестікке айналды. ШЫҰ-ның қалыптасу тарихына үңілер болсақ, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұйымды құру барысындағы белсенді рөлі, халықаралық беделі анық көрінеді. Бұдан біз аталған бірлестіктің еліміз үшін аса маңызды екенін ұғына түсеміз. ШЫҰ-ның Астана саммиті Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтпек. Ауқымды шараға мемлекеттер басшылары, халықаралық ұйымдардың жетекшілері, әлемдік деңгейдегі сарапшылар, БАҚ өкілдері қатысады. Шетелдік меймандардың арасында БҰҰ-ның Бас хатшысы Антониу Гутеррештің де болатынын айта кетейік. Бұл өз кезегінде ШЫҰ-ның өзге халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығын оңтайлы жүргізіп отырғанын білдірсе керек. Жалпы, Қазақстан тара­пы саммитке дайындалу ісін тыңғы­лықты жүргізуде. Осы орайда Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың биыл­ғы сәуір айының соңында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің сырт­қы істер министрлерімен өткіз­ген кездесуін атап өтуге болады.  Осы басқосуда Елбасы: «Шан­хай Ынтымақтастық Ұйымына төр­ағалық етуші ел ретінде біз биылғы маусым айында өтетін саммитке зор мән беріп отырмыз. Ұйымға біздің төрағалығымыз өңірдегі және әлемдегі қиын үдерістер кезеңімен тұспа-тұс келді», – деген болатын.  Президент Нұрсұлтан Назарбаев сол кездесуде Шан­хай Ынтымақтастық Ұйымы­ның күнтәртібіне шығарылатын мәсе­лелер жөнінде айта келіп, «Шан­хай Ынтымақтастық Ұйы­мы ая­сындағы экономикалық және мә­дени-гуманитарлық ынты­мақтас­тықтың маңызы зор. Алда­ғы сам­миттің күнтәртібіндегі өзекті мәсе­лелердің бірі ретінде Үн­діс­тан мен Пәкістанды Шанхай Ынты­­мақ­тастық Ұйымының толыққанды мүшелігіне қабылдау үрдісін аяқтау туралы шешім жөнінде де айтып өткен жөн. Сондай-ақ, келешектегі жоспарларымызды айқындайтын Астана декларациясын қабылдауды көздеп отырмыз», – деген болатын. Қорыта айтқанда, ШЫҰ-ның Астана саммиті болатын күн жақындап келеді. Дәл осы жиын барысында біз күткендей ұйымның құрамы, географиялық ауқымы бұрын-соңды болмаған көлемге кеңейіп жатса, одан еліміздің мәртебесі өсе түсері сөзсіз.

Жолдыбай БАЗАР,

«Егемен Қазақстан»