Министр өз мақаласында көп мәселеге тереңірек тоқталыпты. Жоғары оқу орындарында еңбек еткен көп жылдық тәжірибеме сүйене отырып, министрлік тарапынан қолға алынған басталамалардың шын мәнісіндегі мән-жайына қатысты өз азаматтық ұстанымымды білдіргім келіп отыр. Және оған соңғы уақытта бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде ғаламтор желілерінде министр тарапына айтылған сын-пікірлер де себеп болып отыр. Алдымен айтарым, Білім және ғылым министрлігі Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясындағы, Қазақстан халқына арнаған жолдауларындағы басым міндеттерді жүзеге асыруда. Кез келген реформаның жеңіл жүзеге асырыла салмайтындығы – тарихи шындық. Ал, білім беру саласының маңызды стратегиялық бағыт екендігін ескерер болсақ, жұрттың үлкен алаңдаушылығын да түсінуге болады. Дегенмен, босқа даурықпай, елді дүрліктірмей, мәселенің мәнісін толық түсініп, Елбасының бастамаларына қолдау көрсетуіміз керек деп есептеймін. Ол үшін Білім және ғылым министрлігіне бұл бастамаларды елге дұрыс жеткізу, түсіндіру тетіктерін қарастырған жөн. Соңғы кездері талқылауға түскен бастамаларға қатысты ойымды, мамандығым тарихшы болғандықтан, осы мәселеден бастайын. «Қазақстан тарихы» пәнінің мазмұны бойынша мектеп бағдарламасында және жоғары оқу орны бағдарламасында қайталаулар өте көп. Сондықтан, ондай қайталауларды қысқарту дұрыс деп есептеймін. Екіншіден, классификатор мәселесіне келер болсақ, оның жаңа нұсқасы ресми түрде қолданысқа әлі енгізілген жоқ. Сондықтан, ешқандай дау-дамайға да негіз жоқ. Құжаттың жаңа нұсқасының талқылауға түсіп, әртүрлі пікірлерді туындатуы да заңды құбылыс. Осыған байланысты классификатордың «Бакалавриат мамандықтары» атты бөлімінде «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті», «Қазақ тарихы», «Лингвистика», «Шығыстану» мамандықтары алынып тасталды деуге де ешбір себеп жоқ. Бұл мамандықтардың барлығы да жоғары оқу орындарында сақталып, оқытылуда. Сондай-ақ, «Әліппе» оқулығы дайындық сыныптарында оқытылатындығы педагогикалық қауымдастықпен ақылдаса отырып, шешілген мәселе. Өйткені, қазіргі балалардың басым көпшілігі мектепке әріптерді танып, оқи алатындай болып барады. Сондықтан «Әліппенің» қажеттілігі мектепке дейінгі дайындық сыныптарында қатты сезіледі. Ал бастауыш сыныптарда «Ана тілі» оқулығы енгізілетін болады. Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, «Серпін» бағдарламасы өз жұмысын тоқтатқан жоқ, керісінше, бұл бағдарламаға бөлінетін орындар саны биылғы жылы 500-ге ұлғаяды. Солтүстік өңірлердегі жоғары оқу орындарына, ең алдымен, магистранттар мен докторанттар жіберілетін болды. Бұл мәселе де педагогикалық қауымдастықпен және жергілікті атқарушы органдармен кеңінен талқыға түскен болатын. «Үштұғырлы тіл» бағдарламасының жүзеге асырылуына Елбасының соңғы Жолдауында да ерекше назар аударылды. Онда «Үш тілді оқуға кезең-кезеңмен көшу мәселесі бойынша ұсыныстар әзірленсін. Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді. Сонымен қатар, бүгінде ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі. Ағылшын тілін меңгермей, Қазақстан жалпы ұлттық прогреске жете алмайды. ...Осының барлығын ескеріп, ағылшын тілін кезең-кезеңмен енгізуіміз керек», − деп атап көрсетілген. Сондықтан, бұл шараны әлемдік өркениет көшінен қалмай, озық елдердің қатарына енуге бағытталған әрекет деп дұрыс түсінгеніміз жөн. Осылайша, Білім және ғылым министрлігі Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың саясатын қолдап, әлемнің 30 озық елінің қатарына кіруді басты міндет етіп, еліміздің өскелең ұрпағын білімді, мәдениетті, ақыл-парасаты мол азаматтар етіп тәрбиелеу мақсатын ұстанып отыр. Осыған байланысты білім және ғылым саласындағы Елбасы белгілеп берген маңызды стратегиялық міндеттерді өз деңгейінде жүзеге асыру үшін министр Е.Сағадиевке барынша қолдау көрсету, халықтың арасында жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, реформалардың тиімділігін қамтамасыз етуге ықпал ету біздің әрқайсымыздың азаматтық парызымыз деп білемін.
Бақыт САПАРБАЕВ,
М.Әуезов атындағы ОҚМУ колледжінің директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор