• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
18 Мамыр, 2017

Жер төресі, жыр еркесі

8070 рет
көрсетілді

Сыр мен сымбаттың елі, сұлулық атты қымбаттың елі – Көкшетау. Көкшетау десе көкірекке шүпілдеп толатын, көңілді ғажап сезімге бөлейтін көрікті күйлер көп-ау. Алдымен Көкшетаудың жері, орман-тауы, өзен-көлі, табиғаттың сұлулығы сыр шертеді. Бір ғана Бурабай, Оқжетпес пен Жұмбақтас. Абылай алаңы... Көкшетауға ғашық болу үшін, құрмет тұту үшін осылардың өзі-ақ жеткілікті. Ал бұл екі арада Айыртау мен Арықбалықты, Зеренді мен Сырымбетті қайда қоясыз. Иә, айтты-айтпады, «Жер шоқтығы Көкшетау, бауыры толған бақша-бау...»

Қазақ тарихы мен мәдениетінің, әні мен жырының да үлкен құйқалы қыртысы осы сырлы сұлулықтармен, ел иесі, жер киесімен астасып жатыр. «Сұрасаң Абылайдың тұрған жерін, Қырық сегіз жыл хан болған Көкшетауда» деп неге жырлайды дейсіз жырау бабаларымыз. Бүкіл қазақ үшін ортақ кие қонған, қасиет орнаған жер екенін айтып тұр ғой. Осы ақиқатты ақиық ақын Мағжаннан асырып айту қиын-ау. Ертеде Абылайға қоныс болған Бурабайды «Алаштың кебесіндей ізгі жай» деп тебіренуі тегін емес-ау, зарлық сәуегейдің! «Арқада Бурабайға жер жетпесе, Алашта Кенекеме ер жетпейді» деп тағы бір қияға тартып толғайды толағай Мағжан. Иә, Абылай мен Ке­несарыны айтқанда қазақтың ел­дігі, тәуелсіздігі жолындағы қа­һар­мандық күрестің де бір бесігі Көк­шетау болғандығын жүрекке түймеске, сол үшін де жер науанына басыңды имеске болар ма?  Ал енді бұдан әрі Қанай би­дің, Орынбай ақынның, Ақан се­рінің, Үкілі Ыбырайдың, Балуан Шо­лақтың есімдерін атасақ, даналық сөздерін толғап, толқынды әндерін айт­сақ – Көкшетау қасиеттері, өзін­дік даралығы толыға түседі, елі мен жерінің шоқтығы биіктей тү­седі. Толассыз мойындалған ән мен жырдың бесігі де Көкшетау, сал­дар мен серілер елі, тектілік пен дег­дарлық белі Көкшетау. Елбасы айтып өткендей, аңыздармен аяланып, тарих сырын шертуге келгенде де Көкшетау-Бурабай өңірі күмбірлеп қоя береді. «Халқына суықта пана, ыс­тықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттер» де осында. Қасиетті рухани құн­­ды­лықтар да, киелі жерлер де же­терлік.  Шын мәнінде де, жер атау­лары­ның төркініне үңілер болсақ, тарихтың қатпарлы шежіресіне жолығамыз. Бурабай аңыздарының, әпсана әңгі­мелерінің, ондағы жер атаула­рының бірсыпырасы Абылай хан есімімен байланысты. Сабалақ-Әбілмансұрдың басына бақ қонып, қалмақтармен қырғын соғыстағы жекпе-жекте Шарыш дәудің басын қаққан ерлігімен алты алашқа мәшһүр болып, орта жүздің сұлтаны ретінде Көкшетауға келуінің өзі бір тарих. Осы арада тарих сахна­сына тағы бір алып тұлға – «Ту баста Абылайды хан көтерген Қам­қоры қарауылдың Қанай шешен» шығады. Қанай баба әуелі осы күнгі Қараүңгір көлінің жағасында түс көріп, қалғып кеткенде қолына қонған алып қара бүркіт арқылы басқа бақ қонарын, елге құт ораларын, қазаққа Абылайдай аруақты хан келерін ақылгөйлікпен болжап біледі. Әбілмәмбет ханның ықыласын, Шақшақ Жәнібектің батасын, орта жүзді билесін деген Төле бидің разылығын алып Абылайдай сұң­қарды Ұлытауда ақ киізге көтер­тіп, көкторғын Көкшетауға бастап әкелген де би Қанай. Көкбай ақын­ның «Сабалақ» атты қисса-дастанынан осындай сырға қанығамыз. Сөйтіп, «Етегі кербез Көкше, шомбал тасы, Қарағай қалың жыныс, көлдің басы. Аумағы атшаптырым алаңқайға орнады Абылайдың ақ ордасы. Басына Бурабайдың орда қонған, Хан жайлау Қызылағаш ол да болған. Қанайдың түсіндегі қара бүркіт, Қыдырлы Абылай боп самғады арман. Ақ Орда мәлім болып тігілгені, Ақ туы Абылайдың желбіреді. Құрмалдық болайық деп хан жолына, Есілдей ақты құлдап ел тілегі. Аспаннан ай сәулесі жалт үзілді, Алламыз жарылқады хал­қымызды. Жайнатып жасауымен түсірген шақ Атығай-қарауылдан алты қызды». Иә, «Қанай-Абылай» атты дас­танымызда біз де осылай жырла­ғанбыз. Осылай болған. Хан ордасын Бурабайға салтанаттап қон­дырудың билігі би Қанайда бол­ған. Көкшеге хан қондырудың сер­дебесі де бір ғажап. Ақ шаңқан хан ауылын тігіп тастаған. Желіге мама бие байлатқызған, қотанға қоралы қой айдатқызған. Қара үйде қара саба күрпілдетіп, қызметке төлеңгітін сайлатқызған. Көкшеге хан Абылайдың құты солай қонып, елдің беті ерлікке еңсерілген. Көкше мен Түркістанның арасында көлбеп Абылайдың қара жолы тартылған (Шіркін-ай, Абылайдың осы жолының маршруты анықталса ғой деген арман-тілек те бар-ау. Осы бағытта жұмыс істеуге бейілді та­рих­шы ғалымдарымыздың құла­ғына алтын сырға). Осылайша, кө­ме­кей Бұқар жырауша қайыр­ғанда, қазағына қайырусыз жыл­қы бақтырған, қалыңсыз жар құш­тыр­ған, қайғысыз ұйқы ұйықтатқан, Шо­қанша пайымдағанда, ерлік пен се­ріліктің дәрпін асырып, даңқын өр­леткен Абылай заманы орнаған-ды. Ол заманда халық Абылай аспас асу жоқ деп білген. Аңыз осылай дейді. Ақиқаты да солай болған.  Хан әскері Оқжетпестің ете­гіндегі қазіргі Абылай алаңында сап түзеген. «Бұл табиғи қамалды, – деп жазады келіссөзге жіберілген патша офицері, – Абылай жаудан қорғану үшін пайдаланды. Ол кезде жау әдетте жазда ғана ша­буыл­даған және барлық жаз айларында хан ордасы орман ішіндегі, Оқжетпес шыңының жанындағы алаңда болған. Шыңның үстінде шабуыл оқыстан болмауы үшін күндіз де, түнде де бақылаушы күзет қойылған. Қазақтар алаңды Абылай алаңы атап кеткен». Бұл мағлұматты Сәбит Мұқанов өзінің «Аққан жұлдыз» романында келтіреді. Сонымен бірге, Бурабайды ай­нала қонған Атығайдың Бағыс атасы шеттен келген елшілерді қарсы алып күтіп, тамақтандырып, хан алдына апарып, шығарып салу қызметінде болыпты, яғни мә­мілегерлік рәсімдерді атқаруға кө­мек­тесіпті. Хан ордасына, Бура­байдың ішіне бейсауат ешкім енбеген. Негізгі ставкадан бөлек, хан ауылдарының өзі Бурабайдың сыр­тындағы Ханның Қызылағашын қы­стаған. Бұл жерлерден Хан жайлауы да алыс емес. Осы арадағы Фрун­зе ауылының тәуелсіздіктен кейін Абылай хан атын алуы да сондықтан.  Абылай алаңынан бүйірлеп кететін жалғыз аяқ жолмен Көкше­нің биігіне қарай бет алсақ, алды­мыздан шебер табиғаттың құді­ретімен құйылып түскендей, әйт­песе әдейі қашап жасалғандай арқалы тақты көреміз. Бұл ғажап тас Хан тағы деп аталады. Көзі тірісінде «Көркіңнен айналайын, Көк­шетауым» альбом-кітабын құрас­тырып әрі негізгі авторы бол­ған аяулы жазушы ағамыз Естай Мырзахметов Хан тағы тасына байланысты ел аузындағы бір әңгімені былай өрбітеді: «Қыс өтіп, көктем туғанда Абылай Қызылағаштың қойнауындағы қыстауынан көшіп, осы алаңқайда көктеуде отырар еді. Сонда ол азанғы жұпар ауада, кешкі жанға жайлы жібек самалда ордадан шығып, осы тасқа келіп демалып, табиғат тамашасына тұшынып отыруды айнымас дағдысы еткен емес пе. Содан табиғат шебер жасаған бұл тас орындық Хан тағы атанған. Киелі орынға айналған. Әдейілеп тамашалауға барған мұсылман баласы ақтық байлайды». Ұлылы-кішілі жорықтарға шығар алдында Орда қондырған Бура­байына хан Абылай қалың әскерін сауын айтып жинап отырғанын бай­қаймыз. Тағы да, Шоқанды сүзіп оқыған, ел аузындағы тарихты ыждағаттап терген Мағжанға жү­гінсек: «Күндердің бір күнінде хан Абылай Қалмаққа – (ойына алды) – ойран салмақ. Ханынан: «Аттан!» деген сөз шыққан соң, Ордаға батыр, билер келді аңдап». Осылай өңшең бөрі Бурабайға жиналыпты дейді. Бұл атақты Шаңды жорыққа шығатын жолы. «Көкшенің ба­уырында өңшең көкжал Күңіреніп күтіп жатты күндер талай» деп рухтана суреттейді Мағжан. Ел қорғаны батыр, билерді жинап, бауырында Абылайдай данасы тұңғиық ойға батқан, тәмам алаш Қызылағаштағы хан ордасында Меккедей тәуеп қылған Бурабайдың қасиет-киесінің құдіреттілігі, бүкіл қазақ үшін қас­терлі мекен екендігі осыдан-ақ көрініс тапқандай. Міне, осы Бурабайдың өзінің қалай пайда болғандығы, Бурабай деп қалай аталғандығы туралы аңыздар, жырлар не сан. Әртүрлі желіде баяндалса да бәрінің түп­қазық мазмұны – бір. Көкшенің тауы мен орман-көлін бір ерекше жа­ратылған ақ бура мекен еткен екен дейді. Оны жұрт жердің киесіне балайды, елдің қыдыр-құты деп санайды. Ақбура жасанған жауды, жақындаған жаманшылықты жасқап ел қориды. Сол үшін де ол мекен еткен атырапты Бурабай деп, су ішетін күміс көлді Бурабай көлі деп атап кетіпті. Жылдар өткенде қасиетті ақбура өзіне өшіккен қа­ныпезер қарақшының қанды оғынан мерт болып, құбылаға басын бере шөгіп, үлкен тауға айналады. Көкшенің көгілдір таулар шоғырының бір сілемі осы Бурабай. Көкшетаудың бір баламасы да, атырап пен ауданға берілген ат та – Бурабай. Жыр арқауы, сыр пернесі де – Бурабай. Бурабай-Көкшені жырлап, әнге қосқандар көшін Біржан сал, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай, Сәкен Сейфуллин, Еркеш Ибраһим, Кәкімбек Салықов, Қадыр Мырза-Әлі сынды ардагер ардақтыларымыз бастаған.  Иә, Мағжан ақын айтса айтқан­дай, Бурабай – Арқаның аралы, жер еркесі. Бурабайдың алтын шарадай аясында анадайдан бауырымдап Бөлектау, мына жағынан найза қия Оқжетпес асқақтайды. Осылардың ортасында мөлдіреп дөп-дөңгелек айға ұқсаған Бурабай көлін көзге қалай әсем елестетеді десеңізші Мағжан?! Адамша көлденеңдеп көлбеп жатқан Жекебатыр ше? Саң­лақ ақын Сәкен де осы туған жер тамашаларын «Арқаның кербез сұлу Көкшетауы» деп тұрып, шіркін-ай, келістіре суреттеген ғой. Сәкен дастаны Бурабайдың сан аңызын тірілтеді, оның жырлауында өткен күндердің суретті шежіресі мен ертегісі сілекей ағызып, тау мен күн еркелесіп сүйіскендей болады. Иә, Көкшетау ғажабы осындай. «Болыпты баяғыда Жеке батыр, Тау бағып жатады екен тігіп шатыр. Бір күні қарауылда қалғып кетіп, Сол батыр бүгінгіше ұйықтап жатыр. Сол батыр осы күні бір үлкен тау, Көз жұмған көкке қарап сыры үлкен тау... Батырдың қырыққа таяу келген жасы, Денесі биік жота, таудай басы. Сақалы төсін жапқан, қыр мұрынды, Киюлі баста жатыр дулығасы». Көк­шетауды Отан қылып жүрген ақбас бура, «Басына атсаң-дағы оғың жетпес, иіліп ешбір тауға тә­жім етпес» Оқжетпес, қалмақтың тұт­қын қызының жұмбағы айтылған құзтас Жұмбақтас жайлы аңыздарды Сәкен ақынның шырайландырып айтуы қандай! Адақ батырға тамсандырып, қалмақтың текті сұлуына сүйсіндіріп, Бурабай аңыздарының әдемі әлеміне жетелеп кіргізіп жібер­мей ме? Айтқандай, осы саңлақ Сәкен 1927 жылы Оқжетпестің етегінде киіз үй тіктіріп, қымыз ішіп жатқан ғой. Үкілі Ыбырайды алдырып, екі жақсы мәжілісті қыздырып, Көк­шенің кеудесінде ән-жырды әуе­леткен. «Арқаның асау туған арда­гері, Кім сүймес, кім жырламас Көк­ше, сені. Суың бал, қойының ырыс, шөбің шүйгін, Дүниеде бағаң қым­бат сен бір сері» деп «Гәкку», «Қал­дырғанымен» қоса тау-тасты жаң­ғырықтырған үкілі баба аты Бура­байдың ен ішінде бұл күнде Ыбырай соқпағы болып қалғанына мың шүкір. Сауда керуендері Хан ордасына Ақылбай асуы арқылы келген. Бұл жерден бүкіл Бурабай ала­қандағыдай көрінеді. Ақылбай өмірде болған адам, Абылайдың замандасы, атығай руының батыр, бағлан, ықпалды кісісі. Халыққа да, ханға да жақсылық, шарапаты мол болған. Содан да болар, осы асумен бірге Бурабайдың іргесіндегі бұрынғы Дорофеевка қазір Ақылбай ауылы деп аталады.  Әйгілі балуан Шолақ та Бура­бай аңыздарының бел ортасынан ойып тұрып орын алады. Әйт­пегенде ше?! Осы қасиетті өлкенің аса дарынды, өнерпаз тумасы. Станица атаманының қызы Настасья екеуінің арасындағы махаббат тарихы Көкшенің тау-тасына қашалып жазылғандай халық жадында сақталған. Ол жайлы өзінің «Балуан Шолақ» романында Сәбит Мұқанов та, соның желісімен «Жаужүрек» драмасында Дулат Исабеков ағамыз да жазды. Балуан мен Настасья арасындағы махаббат хикаясы сол спектакль арқылы қазір әлемге мәлім. Ал Балуанның қызды алып қашып дәурен сүрген Бурабай қойнауындағы жерлер бұл күнде Махаббат үңгірі, Нас­тасья тауы деп аталады. Бұл туралы өлкетанушы, гидрогеолог ғалым Айт­қажы Қазбеков те өзінің Бура­байға арналған қомақты кіта­бында мол мағлұмат берген.  Бурабай-Көкше туралы әңгімеде Кенесары хан туралы айтпау мүмкін бе?! Себебі, бұл ең әуелі көкжал Кенесарының Көкшесі. «Көкшем менің сағынар хан Кенені, Елін, жерін аруағы жебеді. Айтар Көкше: перзентім деп ең ұлы Кекілік тауда ұшып түскен жебені». Біз де осылай деп жырлаппыз. Хан Кене Бу­рабайда туған. Осында ер­лікті қуған. Бурабай ішіндегі үңгір­ді жақсы көріп, шерге батқан кездерінде саялап, ой тұңғиығына бойлаған. Осы үңгірді халық кейін Кенесары үңгірі деп атап кеткен. Сол үңгірдің аузындағы тақтадан ұлы Мағжанның мына бір шумағын оқисыз: Сол түні сонау үңгір тау ішінде, Қабағын қарс жазып Кене ойлайды. Қамалған қазағына жол таппаққа, Жүрегін тілім-тілім тіле ойлайды. Иә, осы үңгірде Кенекем елім деп күңіренген еді. Оқжетпестің қиясына қадам басқан еді. Хан Кененің қасиетті үңгірі, Кенесары төбесі бұл күнде халқының қастерлі орындарының бірі. Осы арадан Кенесары ауылы да алыс емес.  Бурабайдың жер атауларында аңыз толғап, ақиқатты желбіреткен баба тарихының бір парасы осындай. Иә, Көкшетаудың ұмытпайық иесін, Бурабайдың қастерлейік киесін!

Қорғанбек АМАНЖОЛ,

«Егемен Қазақстан»