– Мақсұт Кәрімұлы, бүгінде халық міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жайында негізгі ақпараттардан хабардар болды. Десе де, осы тарапта қабылданған заң аясында медициналық ұйымдардың медициналық көмекті қалай ұсынатынын егжей-тегжейлі айтып берсеңіз... – «Әлеуметтік медициналық сақтандыру» қоры тегін кепілдендірілген көмек аясында да, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша да конкурс негізінде мемлекеттік және жеке клиникалардан медициналық қызметтерді сатып алады. Байқау екі кезеңде өтеді. Бірінші кезеңде әрбір медициналық ұйым қызметтерді жеткізушілердің бірыңғай тізбесіне өзінің техникалық-экономикалық және медициналық деректерін енгізеді. Ұсынылған деректерге сәйкес, қор олардың белгіленген ең төменгі стандарттарының сәйкестігіне баға береді. Оң нәтиже болған жағдайда медициналық ұйым конкурстың екінші кезеңіне өтеді. Екінші кезеңде қор ұсынылған қызметтердің көлеміне, оның құнына және өткен жылы көрсетілген қызметтердің сапасына белгіленген критерийлер бойынша баға береді. Егер медициналық ұйымның ресурстық қамтамасыз етілуі белгіленген ең төменгі стандарттарға, ал көрсетілетін қызметтер белгіленген сапа критерийлеріне сәйкес келетін болса, онда медициналық ұйым әлеуетті қызмет беруші ретінде таңдалады. Осылайша, тиісті ресурстық тұрғыдан қамтамасыз етілген және білікті көмек көрсетуге қауқарлы тәжірибелі мамандары бар үздік мемлекеттік және жеке емханалар медициналық көмек көрсету мүмкіндіктеріне ие болады. – Денсаулық сақтау саласының қызметкерлері сақтандырылған азамат мәртебесін қалай анықтайды? – Барлық медициналық ұйымдар Қазақстан Республикасының сақтандырылған азаматтарының бірыңғай тізбесін қарай алады, яғни ақпарат қолжетімді. Азамат медициналық қызметкерге жүгінген кезде, жеке сәйкестендіру нөмерін енгізіп, оның сақтандыру дәрежесін анықтауға болады. Егер аударымдар жүргізілген болса, онда өтініш білдірген азамат сақтандырушы ұсынатын қызметтің барлық түрін ала алады. Егер олай болмаса, онда тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында ғана көмек көрсетіледі. – Аталған заңнама шеңберінде медициналық ұйымдардың қызметтеріне ақы төлеу тәртібі қандай? – Бірыңғай ақпараттық жүйе арқылы келісімшарт жасаған барлық медициналық ұйымдар көрсетілген қызметтері туралы ақпаратты қорға күн сайын ұсынады. Көрсетілген қызметтердің көлемі мен сапасын сараптауды қордың өңірлердегі аумақтық бөлімшелері жүргізеді. Қор ай сайын аумақтық бөлімшелерден төлем қажеттілігін алады және соның негізінде медициналық ұйымдардың есебіне қаражатты аударады. Сондай-ақ, бірыңғай ақпараттық жүйе деректерінің негізінде алдағы уақытта келісімшарттың іске асырылуына әсерін тигізетін медициналық ұйымдардың рейтингін үнемі анықтап отырады. – Жаңа жүйе аясында медицина қызметкерлерінің еңбекақысы көтерілетіні туралы айтылып жүр. Бұл қаншалықты мүмкін болмақ? – Енгізілгелі отырған МӘМС жүйесі еліміздің денсаулық сақтау саласын реформалау процестеріне үлкен қозғау болады. Басқарудың экономикалық әдістері, қаржылық және материалдық ресурстарды тиімді пайдалану медициналық көмек сапасын жақсартып, еңбекақының өсуіне мүмкіндік береді. МӘМС жағдайында әрбір медициналық ұйым еңбекке ақы төлеу мәселесінде сараланған әдісті енгізе алады, қызметкерлерді материалдық тұрғыдан ынталандыру үлгісін өз бетінше қалыптастыра алады. Яғни, танымал кәсіби мамандар, тәжірибелі жоғары білікті дәрігерлер қазіргі жағдайға қарағанда көбірек еңбекақы алады. Медициналық ұйым менеджменті емханалардың табысты қызметі мен қаржылық әл-ауқаты жоғары санатты мамандарды тартуға байланысты болатынын түсіну керек. Мұндай еңбекақы төлеу тетігі жеке медицина секторында бұрыннан қолданылады және өзінің тиімділігін дәлелдеді. Бүгінгі тәжірибеде көптеген пациенттер емделу мен кеңес алу үшін сәйкесінше лайықты материалдық қамтамасыз етілуге тиіс атақты дәрігерлерді таңдайтыны құпия емес. Медициналық сақтандыру жүйесінде медицина қызметкерлерінің еңбегін ынталандыратын осындай тетіктер болады. Өйткені, МӘМС-тің негізгі мақсаты – медициналық қызметтердің сапасы мен түпкілікті нәтиже екені анық. – Ал, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру» қорының қызметіне қоғамдық бақылау бола ма? – Бақылауды қамтамасыз ету тетіктерінің бірі «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңда қарастырылған. Бұл – медициналық қызметтердің сапасы жөніндегі бірлескен комиссия. Аталған комиссия Денсаулық сақтау министрлігі, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру» қоры мен қоғам өкілдерінің арасындағы диалог құратын келісім алаңына айналады. Комиссия құрамына міндетті түрде дәрігерлер қауымдастығының, пациенттердің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері енеді. Қор жарғысында МӘМС жүйесінің қызметі мен оны дамыту мәселелері бойынша қоғамдық кеңес құру мүмкіндігі қарастырылуда, оның құрамына мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және ел азаматтары кіре алады. Өз кезегінде, қордың директорлар кеңесі бекіткен ережемен айқындалатын қоғамдық кеңестің қызмет регламентіне «Әлеуметтік медициналық сақтандыру» қорының жұмысын қоғамдық бақылау тетігі қосылуы мүмкін. – Бұл мәселелер бойынша «Республикалық медициналық палата» ұйымы тарапынан қандай жұмыстар атқарылуда? – Жуырда Шымкент қаласында өткен қоғамдық ұйымымыздың IV съезінде неміс және жапон медициналық сақтандыру жүйесіне талдау жасалынды. Жапония мен Германиядан арнайы шақырылған мамандар медициналық сақтандыру жағдайындағы ерекшеліктерге тоқталды. Өз мүдделерін қорғау үшін медицина қызметкерлерінің бірлесе жұмыс істеуі маңызды. Медициналық көмек сапасын жақсарту үшін сапа комиссиясы, сондай-ақ, тәжірибелі дәрігерлер мен мейірбикелердің көмегімен жұмыс орындарында үнемі біліктілікті арттырып отыру қажет. – Ел ішінде медициналық сақтандыруды түсіндіру жұмыстары қандай деңгейде жүргізілуде? – Республика аумағында кең ауқымды ақпараттық жұмыстар жүргізілуде. Тұрғындармен, жұмыс берушілермен, кәсіпкерлермен, үкіметтік емес ұйымдармен жүйелі түрде кездесулер ұйымдастырылып жатыр. Медицина ұйымдарында күн сайын мыңдаған медицина қызметкерлері МӘМС жүйесінің ерекшеліктерін, саламатты өмір салтының маңыздылығын, денсаулығына шағым болған жағдайда қалай, қайда бару керектігін түсіндіреді. Жеке өз басым сәуір айының соңында Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарында 2 мыңнан аса жергілікті тұрғындармен, 400-ден аса медицина қызметкерлерімен кездесіп, 9 ауданды, ондағы ауылдарды араладым. Олардың тарапынан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты «Бір адамға екі жақты төлем жасалып кетпей ме? МӘМС жүйесінде қымбат медициналық көмек көрсету қаншалықты қолжетімді болмақ? Медицина қызметкерлерінің жеткіліксіздігі, кадр мәселесі қалай шешіледі? Жұмыс берушілер қорға жарнаны уақтылы аудара ма, жоқ па, ол қалай бақыланады?» деген мазмұндағы сауалдар қойылды. Бұл ешкімнің де жаңа жүйеге бейжай қарамайтынын көрсетеді. Сондықтан МӘМС жүйесі мен қордың жұмыстары Үкімет пен қоғам тарапынан бақылауда болады. Осы кезге дейін атқарылған ауқымды жұмыстарға қарамастан, республика аумағында жоспарлы түрде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіле бермек. Әңгімелескен Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан»
Медицина
•
18 Мамыр, 2017
Медициналық сақтандырудың маңызды міндеттері
332 рет
көрсетілді
«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу бойынша республикалық штаб құрылған болатын. Аталған республикалық штабтың мүшесі, «Республикалық медициналық палата» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Мақсұт ҚҰЛЖАНОВПЕН жаңа медициналық сақтандыру жүйесінің ерекшеліктері жөнінде әңгімелескен едік.