Әйгілі балуанның ұрпақтарының ұйымдастыруымен қолға алынған жарысқа Тарбағатай, Зайсан аудандары мен Семей және Алматы қалаларынан ұзын саны 115 балуан қатысты. Оқушылар 8 салмақта шеберлік байқасса, 16 жігіт «түйе балуан» сайысының көрігін қыздырды. Жиырма төрт жылдан кейін жаңғырған біріншілікте ауыл, аудан, облыс деңгейінде жүлде алып жүрген балуандардан бөлек екі бірдей Азия чемпионы кілемге шықты. Бәрінен де балп-балп басқан түйе балуандардың ақтық бәсекелері тартысты болды. Қазақ күресінен Азия чемпионы, салмағы 78 кило Бекзат Манаспаев финалда 130 кило тартатын Биха Қыдырмен белдесіп, айласын асырып, Тарбағатай ауданының тумасы Нұрлан Манақов осы турнирге арнайы тіктірген ауыспалы белдікті тағынды. Тарбағатай ауданындағы Марат Имашев атындағы спорт мектебі директорының орынбасары, жарыстың төрешісі Хамит Ыдырышев бұл біріншіліктің алғаш рет ұйымдастырылса да, жоғары дәрежеде болғанын тілге тиек етіп, алдағы жылдары облыстық деңгейде өткізуді жоспарлап отырғандарын жеткізді. «1993 жылы Молдабай балуанның құрметіне турнир өткен болатын. Содан бері арада жылжып 24 жыл өтіпті. Молдабай балуанның даңқы пен дақпыртын жұртшылыққа таныстырып жату артық болар. Дегенмен соңғы жылдары ерен күш иесінің есімі ұмытыла бастап еді. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деген сөзінде үлкен мән жатыр. Бұл жарысқа қатысқан ауылдың қара домалақтары арасынан ертең Олимпиада чемпиондары шығып жатса, нұр үстіне нұр емес пе?!», - дейді аталған жарысты ұйымдастырушы, Молдабай балуанның ұрпағы Ардақ Қасенов. Сайыс кезінде Екпін ауылында тұратын Молдабай балуанның немере інісі Болатхан Мұқышевты жолықтырдық. Ағамыз батыр тұлғалы атасын бала кезінде көргенін айтып, анасынан естіген естеліктермен бөлісті. «Молдабай атамыз қазақ балуандарымен ғана күрескен жоқ. 19 жасында шынжырлы, ноқталы қытай балуанының қабырғасын қақыратып, тізесін бүктірген. Шет, Шиқу, Манас, Қызайға дейін барып, атақты балуандардың бәрін жықты. Өскемен, Семей өңірінде бұл кісі қарсылас шақ келтірмеген. Әйгілі Боранқұл балуан албырт шағында Молдакеңмен күреспекші болғанда, екі рет иығынан басып, тізесін бүктіріп, «үшінші рет баспайын, тауың шағылып, бағың қайтар» деп өзінің ақ батасын берген екен. 1924 жылы Молдабай балуан Зайсан қаласында Қажымұқанмен кездескен. Бірақ күреспеген. Қажекең Молдакеңнің жасын сыйлап, Тезек Қисықовтың өзіне сыйлаған шұбар атын сыйға тартыпты. Осы ат балуан дүниеден өткенде жаназасына сойылды», – деді балуанның немере інісі.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Тарбағатай ауданы