• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
23 Қаңтар, 2017

Төрткүл дүниенің төрелік төрі

858 рет
көрсетілді

Биылғы жыл әлем назарын Астанаға аударған айтулы оқиғамен басталды. Қарулы қақтығыстар толастамағанына алты жылға жуықтаған Сирия мәселесіне байланысты басты тараптарды бір алаңға тоғыстырып, бір үстелдің басына жинап, олардың өзара бітімгерлік келіссөздер жүргізуіне мұрындық болу миссиясы Астанаға сеніп тапсырылды.

Ежелгі өркениеттердің ордасы, адамзат баласының рухани мұра­сы шоғырланған жер саналатын Сирия­ның қазіргі тағдыры дүниежүзін алаңда­тып отырғаны анық. Шам еліндегі шиеленістің шешімін іздеп, түйінін тар­қату үшін басты тараптар, әлемнің алпауыт елдерінің өкілдері мен халық­аралық ұйымдардың делегациясы осы мақсатта Астанаға табан тіреді. Әлем­нің 24 елінен 300-ге жуық шетелдік БАҚ өкілдері тікелей хабар тарату үшін Астанаға келуге тілек білдірді.

Жұмыр жердің жарасына айналған шырғалаңды шешуге бағытталған абыройлы әрі жауапкершілігі зор мәселеде таңдаудың Астанаға түскені бекер емес. Оның астарында Тәуелсіздіктің ширек ғасырында еліміздің сыртқы саясаттағы сарабдал ұстанымы мен сан тарау ізденістерінің жемісі жатыр.

Бірінші кезекте, әрине, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың халықаралық аренадағы зор беделі, мәмілегерлік қарым-қабілеті мойындалғандықтан да әлем жұртшылығы Астана проце­сіне үлкен үмітпен қарап отыр. Тоқса­нын­шы жылдардың басынан бері көп векторлық саясатқа сүйеніп, бейбіт­шілікті қолдайтын, байсалды бейтарап ұстанымына берік екенін айқын бай­қатқан Қазақстан бір-біріне қырғиқабақ танытып отырған талай мемлекеттердің арасында алтын көпір бола білді.

Оның үстіне, биылдан бастап БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі қызметіне кіріскен еліміздің алысты жақындатып, аразды татуластырудағы тәжірибесі де жетерлік.

Алысқа бармай-ақ, 2010 жылы Астанада өткен ЕҚЫҰ саммитінен бері Қазақстан ұйытқы болған маңызды шаралар мұның айқын айғағы іспетті. Айталық, еліміз 2013 жылы Иран мен «5+1» халықаралық тобының арасындағы келіссөздерді қабылдап, Иранның ядролық бағдарламасы бо­йынша уағдаластыққа қол жеткізді. Сол сияқты 2014-2015 жылдары Украинаның оңтүстік-шығысындағы дағдарысқа қатысты бітімгерлік бастама көтеріп, келіссөздердің табысты аяқталуына көмек көрсетті. Ресей мен Түркия арасында ұшаққа қатысты ушыққан ахуал да 2016 жылы Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың араласуымен ретке келді. Соның нәтижесінде бүгін Ресей президенті В.Путин мен Түркия президенті Р.Т.Ердоған Сирияға байланысты келіссөздерді өткізуге Астананы арнайы таңдап алды.

Біздіңше, мұнда Қазақстанның Еуразия кеңістігіндегі бастама­шылдығы, Түркі кеңесіне ұйытқы болуы және Ислам Ынтымақтастық Ұйымындағы белсенді қызметі де маңызды рөл атқарған сияқты. Сонымен қатар, дағдарысты сая­си жолмен шешуді қарастыруға бейім сириялық оппозиция өкілдерімен 2015 жылы мамыр мен қазан айларында Астанада өткен келіссөздер де бүгінгі жиынға деген сенімді еселегені анық.

Адамзат тағдыры талқыға түсіп, жаһанның саяси картасы өзгеріп жатқан тұста Қазақстан қашанда БҰҰ жарғысында көрсетілген қағидаларға сай әрекет етіп, мемлекеттердің тәуел­сіздігіне, шекараларының мызғымас­тығына, түрлі ұлттардың құндылық­тарының қорғалуына құрметпен қарап келеді.

Араздасқан топтардың арасына арағайын болу аталарымыздан қалған игі дәстүр деуге болады. Сондықтан, әсері аймақтық ауқымнан шығып, құр­лықтық масштабқа жайылған Си­рия мәселесін шешуге алаң ұсыну Қазақстанның мәмілегерлік ұстаны­мынан туындап отырған орынды қадам ретінде бағаланды.

Оның үстіне, кеше ғана қызметіне кіріскен АҚШ президенті Дональд Трамп­­тың терроризммен күреске ба­сым­дық беретінін мәлімдеуі де Аста­на процесіне деген үмітті еселей түседі.

Елордаға табан тіреген түрлі тарап өкілдері, алыстан көз тігіп отырған халықаралық қоғамдастық Астана процесіне үлкен үмітпен қарап отыр. Астана процесі алдағы ақпан айында Женевада өткізілуі жоспарланған келіссөздердің табысты болуына алғышарт жасап, оң ықпалын тигізуге тиіс. Олай болса, бүгін әлем назары ауған Астана – тәуелсіздіктің ширек ғасыры ішінде төрткүл дүниенің төрелік іздейтін төріне айналды деуге толық негіз бар.

Дархан

ҚЫДЫРӘЛІ,

«Егемен Қазақстан»