• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Бизнес 18 Мамыр, 2017

"PR – әлемдегі ең ғажайып әрі құбылып тұратын бизнес"

378 рет
көрсетілді

Бүгін Қазақстандағы PR күндер аясында дәстүрлі ХІІІ Халықаралық PR-форумының жұмысы жалғасуда. Алматыдағы Intercontinental қонақ үйінде өтіп жатқан форум биыл «Сынаққа толы PR жылы» тақырыбын таңдауы тегін емес.

Кәсіпқой PR-шылардың есінде болса, бұл форум тұңғыш рет 2004 жылы ұйымдастырылғанда, бар болғаны 70 шақты адам жиналған еді. Бүгінде PR-форум еліміздегі пиаршылардың ең кәсіпқой коммуникациялық алаңы болып табылады.

Ендігі таңда дәстүрлі форумға қатысуға мүдделілік танытатын PR-менеджерлер, өз ісін алға жылғысы келетін компаниялар аз емес. Ал форумның айтулы қонағы, ICCO президенті Максим Бехар PR, яғни коммуникацияның әлемдегі ең ғажайып, құбылып тұратын бизнес екендігін айтады. 

Биылғы форумға 250-ге жуық PR-саласының отандық және шетелдік жетекші мамандары, мемлекеттік және бизнес-құрылымдардың топ-менеджерлері, маркетологтар, журналистер қатысуда. Және көпшілік әдеттегі жиындардай форумды жартысынан тастап кеткен жоқ. 

Күннің алғашқы жартысында былтырғы форум мен биылғы форум аралығындағы орайы келмеген PR-жобалар, масс-медиада оқшау қылықтарымен көрінген тұлғалар, халық тарапынан түсіністік таппаған мемлекеттік бастамалар туралы сөз болды. Мамандардың айтуынша, сәтсіздікке ұшыраған ірі жобалардың астарында көп жағдайда дұрыс және тиімді коммуникация құра білмеу жатыр. Және бұл жағдайлардың экономикаға да, саясатқа да қатысы бар. Әйтпесе сөзінен жаңылыпы жүрген министрлер, оғаш сөйлеп қоятын шенеуніктер шын мәнінде соншалықты ақымақ емес. 

Қазақстан баспасөз клібының директорының орынбасары Сәкен Балбаев пен informburo.kz бас редакторы Михаил Дорофеев модераторлық еткен PR-форумның алғашқы жартысында 2016 жылы сәтсіздікке ұшыраған PR-жобалардың рейтингі жасалды. Негізгі пленарлық отырыста В2С Басқарушы серіктесі Александр Данилов топ бастаған ТОП-10 көрсеткішін жасап, ақпарат айдыны мен әлеуметтік желілерде жұртқа келемеж болған келеңсіз оқиғалар рейтингі сөз болды. Және мұндай жағдайлардың неге орын алып жатқаны қызу талқыланып, спикерлер тарапынан оған әділ баға берілді.

Спикерлер Досым Сәтпаев, Әсел Қарауылов, Рахым Ошақбаевтар, Айдос Сарым, Әлішер Елікбаев қазіргі масс-медиадағы ең көкейкесті мәселелерге қатысты көзқарастарымен бөлісті.

Екінші пленарлық отырыс PR саласындағы халықаралық және жергілікті трендтерге арналды. Елге инвестиция тарту, жарнама мен PR-дың аражігі, экономиканың барлық саласындағы компаниялардың қызметі мен беделіне қатысты маркетингтік зерттеулер фоурмға қатысушылардың назарына ұсынылды.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ