Жиынды аша отырып, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев шағын және орта бизнесті, оның ішінде микрокәсіпкерлікті дамыту аймақ үшін басым бағыт екенін атап өтті. Мәселен, өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «Микробизнес-Қызылорда» жобасы аясында жалпы сомасы 840 млн теңге болатын 132 жоба қаржыландырылып, 429 жаңа жұмыс орындары ашылды. Ал қаржының қайтарылуы 100%-ды құрайды.
Бұдан бөлек, Қызылорда облысындағы жаппай кәсіпкерлікті дамытудың Бірыңғай жол картасы әзірленді. Жол картасын жасаудағы мақсат – кәсіпкерлікті қолдау шараларына арналған барлық бағдарламаларды тиімді жүзеге асыру арқылы жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтушылар арасында жаңа жұмыс орындарын құру және кәсіпкерлер санын арттыру.
«Біз әрбір селолық округ пен аудан, қала үшін экономиканың салалары бойынша барлық индикаторларды облыс әкімдігінің ахуалдық орталығына жүктедік. Осы арқылы жаппай кәсіпкерлікті дамытуда ауыл, аудан, қала әкімдерінің, қаржы институттарының және мемлекеттік органдардың жұмысын ашық қадағалай аламыз», деді Қ.Көшербаев.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов шағын және орта бизнесті дамытуда аймақта атқарылып жатқан жұмыстар туралы және кәсіпкерлердің қызметіне кері әсер етіп отырған әкімшілік кедергілер туралы баяндады.
«Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы жиынды қорытындылай келе, Қызылорда облысындағы кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары бағасын берді.
«Біздің міндет бизнес пен билік арасында диалог орнату. Қызылорда облысында бұл жұмыстар толығымен атқарылуда, ал кәсіпкерлікті дамытуда облыс әкімдігінің жүргізіп отырған іс-шаралары республикада озық тәжірибе болып саналады», деп атап өтті Т. Құлыбаев.
«Атамекен» ҰКП басшысы экономиканы және жеке кәсіпкерлікті дамытуға қосқан жеке үлесі үшін облыс әкімі Қырымбек Көшербаевты Палатаның «Ісіне адалдығы үшін» медалімен марапаттады.