Меморандумда қоғамдық-саяси, мәдени, білім беру, ғылым және ақпарат салаларындағы ынтымақтастыққа, екі елдің жақындасуына, халықтық дипломатияның нығаюы мен дамуына ықпал ететін бірлескен жобалар мен іс-шараларды әзірлеу және іске асыру жоспарланған болатын. «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимараты алдынан жолға шыққан керуенді шығарып салу рәсімінде облыстық «Қоғамдық келісім» МКК басшысы Ербол Байқонақов, Түркістан қалалық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов, облыстық «Өзбек» этномәдени бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Бадриддин Нишанкулов сөз сөйлеп, бұл шара Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына қолдау әрі екі бауырлас ел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында ұйымдастырылып отырғанын айтты. – Бұл сапар екі елге бауырластықты әрі қарай арттыра беруге септігін тигізеді, – дейді Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов. – Бұдан бес жыл бұрын да жолымыз түскен. Сонда біз көрші өзбек елінен алар үлгіміз баршылық екенін ұққанбыз. Мәселен, ол жақтың тұрғындары түгелімен барлығы 100 пайыз ана тілінде сөйлейді. Сосын жастары өте ізетті. Бетіңе қарап сөйлемейді. Қолдарын көкірегіне қойып, тек ізеттілік танытады. Қариялар ол жақта кезек күтпейді. Жастардың құрметі күшті. Осындай қасиеттер біздің жастарға үлгі бола алады. Оңтүстікте бақытын қазақ жерінен тапқан 500 мыңға жуық өзбек диаспорасы тұрады. 143 мектепте өзбек ұлтының өкілдері өз ана тілдерінде дәріс алады. Оның ішінде 86-сы қазақ-өзбек және орыс-өзбек аралас мектептері. Ал 57 мектеп таза өзбек тілінде шәкірттерге білім береді. Ал өңірдегі өзбек мәдени орталығының облыс қалалары мен аудандарында 13 филиалы жұмыс істейді. – Біз Қазақстанды өз Отанымыз деп танимыз, – дейді облыстық «Өзбек» мәдени орталығы төрағасының орынбасары Гули Рано Расулова. – Қазақта «өзбек – өз ағам» деген жақсы нақыл бар. Яғни, жақсылығымыз бен қуаныштарымыз ортақ халықтарымыз. Біздің мақсат екі ел арасындағы рухани-мәдени жаңғыруды әрі қарай жалғастыру болмақ.
Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы