Қызылорда облыстық сотының төрағасы Марат Сабырбаевпен әңгіме
– Марат Қалмұратұлы, өткен жылдың қараша айында Қазақстан Судьялар одағы съезі өтті. Содан да әңгімемізді еліміздің сот жүйесінде жүргізіліп жатқан реформадан бастасақ.
– Демократиялық қоғамдағы кең ауқымды сот жүйесін дамыту еліміздің басты басымдықтарының бірі болып саналады. Біздің сот жүйесі дала демократиясынан тамыр тартады.
Халқымызда “Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ” деген қағида бар. Мұның мағынасы билік айтушы ешкімді алаламайтын адал, қара қылды қақ жарған әділ болуы керек дегенді білдіреді. Мемлекетімізде ұлттық сот жүйесі тек әділдікке негізделіп, заңға ғана бағынатын заман талаптарына сай қалыптастырылды. Құқық жоқ жерде бостандық та, демократия да жоқ. Бір кездері Монтескье адамзат үшін сот әділдігінен маңызды ештеңе жоқ, өйткені адамдардың және басқа нысандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін соттан гөрі сенімдірек құралды адамзат әлі ойлап тапқан емес деген екен. Сондықтан да соттар қызметінің заңдық қана емес, сонымен бірге саяси да мәні зор.
Тарихқа көз жүгіртсек, республика судьяларының І съезді 1996 жылдың 19 желтоқсанында өткен екен. Содан бері он үш жыл уақыт өтті. Осы уақыт сот жүйесіне айшықты да айқын бағыттар белгілеген ұлан-ғайыр өзгерістер әкелді. Бұл жылдарда тынымсыз ізденістер, сот жүйесін реформалаудағы батыл бетбұрыстар, жаңа талапқа сай әділ сотты қалыптастыру және соған лайық база дайындау жылдары болды.
Судьялар бір кездері ескі ғимаратта, қол мәшіңкесімен үкім, шешімдерді басып, сот процесіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі сот приставтары институты құрылмаған, соттарда куәлар мен жәбірленушілерді сотқа шақыруға байланысты шығыстар, істерді қылмыс жасалған орында сот отырысында қарау бойынша іссапар шығыстары, істерді жоғары сатыдағы соттарға жіберуге байланысты пошта шығыстарын өтеуге, үй-жайларды жалға алу, көлікпен қамтамасыз ету және байланыс қызметтерін төлеуге қаражаттар болмай, соттар қызметін қаржыландыру өте төменгі деңгейде жүргізілген сот жүйесі бүгінгі күні биік белестерден көрініп отыр. Бұл белестерді шартты түрде екі тұрғыдан қарастыруға болады. Біріншісі, сот жүйесінің заңнамалық сипатта жетілдіріліп нығаюы болса, екіншісі – соттардың материалдық-техникалық тұрғыда қамсыздандырылуы.
Сот корпусының және сот-құқықтық реформаны жақтаушылардың күш салуымен 2000 жылғы желтоқсанның аяғында “Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы” Конституциялық заң қабылданды. Судьяларды тағайындаудағы жариялылықты қамтамасыз ету мақсатымен аудандық және облыстық судьяларды лауазымға конкурстық негізде таңдау тәртібі жүзеге асырылды. Судьялардың еркіндік кепілдігі принциптерін одан әрі жүзеге асыруға мүмкіндік туды. Жаңа заңның қабылдануы соттың беделін айтарлықтай көтеріп, судьялардың ауыстырылмайтындығы мен қол сұғылмайтындығын бекітті.
Ел Президентінің Жарлығында және одан кейінгі конституциялық заңда ұзақ уақыттан бері сот реформасында қозғалмай келген жергілікті соттарды юрисдикциядан босату мәселелері дұрыс шешімін тапты. Соттарды ұйымдық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету қызметі Жоғарғы Сот жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитет пен оның жергілікті жерлердегі әкімшіліктеріне жүктелген болатын. Осылайша судьялардың өздерінің тікелей міндеттерін орындауға алаңсыз кірісуіне мүмкіндік жасалды. Тіпті статистикалық есепті түзу және оны тапсыру осы аумақтық органға жүктелді.
Соттардың тиімділігін арттыру үшін оларды мамандандыру бойынша жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде, жергілікті жерлерде мамандандырылған экономикалық, әкімшілік соттары, Алматы қаласында инвестициялық дауларды шетелдік компаниялардың қатысуымен шешетін арнайы қаржылық соты және Алматы, Астана қалаларында кәмелетке толмағандардың ісін қарайтын ювеналдық соттар дүниеге келді. Елбасының бұл пәрмендері сот жүйесінің қызметін жетілдірудегі баға жетпес зор еңбегі болып табылатыны айқын. Алдағы уақыттың еншісінде өте ауыр қылмыстық істерді қарайтын мамандандырылған ауданаралық соттарды ашу қалып отыр.
Судьялардың осыған дейінгі съезінде көтерілген өзекті мәселенің бірі, еліміздің сот саласының материалдық-техникалық жабдықталуының әлемдік деңгейден әлдеқайда артта қалғандығы болды. Бұл мәселе түбегейлі түрде шешімін тапты. Сот саласы түгелдей компьютерлендірілді. Электронды пошта, локальдық жүйе судьялар жұмысын жеңілдетуге үлкен септігін тиігізіп отыр. Осы кезеңдерде судья кадрларын даярлау мен қайта даярлау жөніндегі оқу орталығы ашылды, соттардың материалдық-техникалық базасы анағұрлым нығайды, еңбекақысы өсіп, республикалық бюджеттен судьяларға тұрғын үй алу үшін ақша бөлу қарастырылды.
– Сыр аймағындағы сот және құқық жүйесінде де оң өзгерістер бар шығар?
– Үкімет тарапынан қолдау жасалып, соттарға жаңа үлгідегі ғимараттар салу қолға алынды. 2002 жылдың ақпан айында сол кездегі Жоғарғы Сот төрағасы Қ.Мәмидің және жергілікті әкімдіктің қолдауымен Үкімет қаулысымен Қызылорда қаласында орналасқан соттарға қала орталығындағы алаңнан бұрынғы 5 қабатты Кеңестер үйінің ғимараты берілді. Ғимарат көлемі үлкен болуына байланысты, онда Қызылорда облыстық, Қызылорда қалалық, мамандандырылған ауданаралық экономикалық, қалалық мамандандырылған әкімшілік соттары, облыстық соттар әкімшілігі аумақтық сот орындаушылар учаскесі, “Би-Логистикс” ЖАҚ-тың Қызылорда облысы бойынша филиалы және облыстық әділет департаменті орналасқан. Республикада мұндай ауқымды соттар бір орталыққа шоғырландырылған ғимарат тіпті жоқ десе де болады. Алқабилер туралы заңның қолданысқа енуімен ғимарат жанынан алқабилердің қатысуымен өтетін сот процесін тиімді ұйымдастыру мақсатында, жаңа үлгіге сай үш қабатты ғимарат салынды. Бүгінгі күні қала халқының әділдікті іздеп жүгінуде бір орталықтан шығуына толық мүмкіндік жасалған.
Қала көлеміндегі жоғарыда аталған соттардың “Сот әділдігі сарайы” ғимаратында орналасқаны ескеріліп, 2008 жылдың наурыз айының 24 жұлдызынан бастап ғимараттағы соттарға “бір терезе” тәртібі енгізіліп, құжаттар мен істер орталықтандырылған жүйе бойынша бір терезеден қабылданып және табыс етілуде.
Ғимаратта тиісті түрде жабдықталған 10 сот залы қызмет көрсетуде. Аталған залдарға бейнебақылау (видеофиксация) және аудиожазба (аудиофиксация) жүйесі қойылды. Соттарда электронды құжат айналымы толық жолға қойылып, бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық талдау жүйесі бағдарламасы бойынша жүргізілуде.
– Марат Қалмұратұлы, сөз орайы келгенде өзіңізді толғандырып жүрген мәселелерді де баян етсеңіз.
– Елбасы өз Жолдауларында “біз судьялардың зейнетақымен қамтамасыз етілуін қоса есептегенде, оларға берілетін барлық әлеуметтік кепілдіктер пакеті жайында да ойланғанымыз жөн”, – деп атап көрсетті. Олай болса, ардагерлерімізге көрсетіліп отырған моральдық қолдаудан бөлек, олардың зейнетақымен қамсыздандырылуы, судьяларға дәрігерлік көмек көрсету және демалысын ұйымдастыру мәселелері қайта қарауды қажет етеді.
Республика судьяларының зейнетақы мәселесі пайыздық жолмен шешілсе, ахуалдың басқаша болары анық. Себебі, бүгінгі күні құрметті демалысқа шыққан судьяларымыз жалпы тәртіпте мардымсыз ғана зейнетақы алуда.
Еліміздің құқық қорғау органдары мен министрліктердің өз қызметкерлері мен олардың отбасына дәрігерлік қызмет көрсететін арнайы емханалары бар. Ал, сот саласы мұндай қамқорлықтан тыс қалғандай. Себебі, өткен жылы мұндай қамқорлыққа тек Астана және Алматы қалаларының судьялары ғана қол жеткізді. Облыс орталықтарында да мұндай емханалар ашылса, судьяларға жасалған көмек болары анық. Бұл жағдай тәуелсіз сот билігінің өзіне лайықты мәртебесін толықтыра түсері даусыз. Әрі айтылған азды-көпті жеңілдіктер судьялар арқалап отырған ізденісі мен күйзелісі мол, салмағы ауыр жүктің аз ғана қарымтасы болары хақ.
Құқықтық басылымдар беттерінде судьялар көмекшісі институтын ендіру мәселесі кеңінен талқыға салынуда. Бұл орайда, Жоғарғы Сотта “Сот төрелігін жүзеге асыру процесін жетілдіру және судьялар көмекшісі институтын енгізу” атты ғылыми-практикалық конференция да өтті. Оның жұмысына Президент Әкімшілігінің және Конституциялық Кеңестің өкілдері, Парламент депутаттары, қазақстандық судьялар мен олардың ресейлік әріптестері, ғалымдар қатысты.
Жалпы, жаңа институтты сот жүйесіне ендірудің тиімді тұстары бар екені анық. Біріншіден, бұрыннан келе жатқан “бәрін де кадр шешеді” деген қағидаға сүйенсек, біз келер ұрпақты жүгі ауыр, жауапкершілігі мол судьялық қызметке тәрбиелейміз. Мұны жүзеге асыру судьялардың кадрлық құрамының кәсіби деңгейін арттырады. Яғни, тәжірибелі судья өзінің көмекшісінің кәсіби жағынан шыңдалып қалыптасуына жәрдем беріп, өзі жинаған мол тәжірибесін оларға үлгі етіп береді. Екіншіден, көмекші судьяны қол байлайтын техникалық жұмыстардан босатып, қызметтік жүктемесін жеңілдетеді, әрі сот төрелігін жүзеге асырудың сапасын жақсартуға атсалысады. Олай болса жаңа институтты енгізу тиімді.
Міне, осы секілді мәселелерді шешу сот билігінің мәртебесін көтере түсері анық.
– Сот беделі – мемлекет беделі. Ал мемлекет беделіне нұқсан келтірмеу үшін сот заңды жолдан жаза баспай жүруі керек. Сот билігінің басты тұлғасы – судья. Ендеше, “судья этикасы” жайлы не айтасыз?
– Сот жүйесінің басты тұлғасы судья болғандықтан, сот беделі мен судья беделін ажырамас ұғым деп қабылдау керек. Римдіктердің “Судьяларға деген құрметті жоғалту мемлекетті жояды” деген нақыл сөзіне сүйенсек, судьяға мемлекеттің, қоғам азаматтарының артқан сенімі мен жүгі ауыр екендігін білдіреді. Сот беделі – сот шешімдерінің әділдігіне, судьялардың кәсіби біліктілігіне, судьяның ұстанған ұстанымы мен жеке басының қасиеттеріне байланысты болмақ. Жалпы, сот билігін жүзеге асыратын судья тәртіптің ең биік өлшемдерін бекітіп, сот беделіне кір келтіретін кез келген әрекеттерден аулақ болуға тиіс. Әділдікті іздеген әрбір жүгініске судья ізгілікпен қарап, әділ билік айтудың үлгісін қалыптастыруға міндетті. Бұл ретте Цицеронның мына сөзі адамзат баласына үлкен қозғау салатыны анық: “Егер тыныш ұйқыға шомғың келсе, төсекке өзіңнің таза ар-ұятыңмен жат”. Әділетсіз шешім талай күн мен түнде адам арына тыныштық бермейтіні анық. Сондықтан, кәсіби мәдени ұстанымды ұстанған судьяның шешімі әділ болып, сот беделіне нұқсан келтірмесі күмән туғызбайды.
Судьялар қауымдастығының мақсаты мен міндеттерін айқындап, бірегей мемлекеттік биліктің бір тармағы ретіндегі сот жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін осыдан он үш жыл бұрын судьялар съезі республикалық Судьялар одағын құрды. Осы кезеңде Судьялар одағы және оның орталық кеңесі едәуір шаруаларды атқарғанына куә болдық. Алғашқы съезде сонымен бірге, судьялар қауымдастығында моральдық тазалықты, парасаттылық пен жоғары білімділікті жандандыру қажеттілігі негізге алынып, Судья этикасы кодексі қабылданды.
Дейтұрғанмен, материалдық-техникалық және әлеуметтік кепілдіктерді күшейту судьялардың сол биік міндет деңгейінде жұмысты талап ететінін естен шығармау қажет. Судьяның кәсіби біліктілігі, моральдық бейнесі мен адамгершілік ұстанымы, ар адалдығынан аттамау, сот саласының абыройы мен беделіне нұқсан келтірер келеңсіздіктер мен сөзбұйдалықтан, жемқорлық дертінен ада болу басты ұстаным болып қала бермек.
Бір кездері Елбасы: “Біздің еліміздің судьялары ең басты мәселеге негізделген жаңа көзқарастарды талдап жасайды деген сенімдемін. Мәселені адамдар өздерінің құқықтарын қорғау үшін шенеуніктерге емес, әкімдерге емес, Президентке емес, сіздерге келетіндей етіп қойыңыздар. Мәселені олар сіздерге сенетіндей, сіздерге келетіндей етіп, ал сіздер барлық проблемаларын әділдікпен шешіп беретіндей етіп қойыңыздар. Тек осылай ғана сіздер біздің халқымыздың құрметі мен сүйіспеншілігіне бөлене аласыздар”, – деді. Олай болса, әрбір жүгініске заңға, ар-иман, ізгілік пен адамгершілікке сүйене отырып әділ шешім айту судьяның қасиетті борышы екенін естен шығармағанымыз абзал.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Еркін ӘБІЛ, Қызылорда.