Осы ұстаздардың ұстазы «Халық мектептері үшін ең керектісі – оқытушы; тамаша жақсы педагогика құралдары да, ең жақсы үкімет бұйрықтары да, әбден мұқият жүргізілетін инспектор бақылауы да оқытушыға тең келе алмайды» деп жазады.
«Мұғалім – мектептің шамшырағы» дейтін қағидаға сай ұстаздың телегей білімі болуы, адамгершілік білігі, оқыту әдіс-тәсілдеріне жетіктігі әрі белгілі бір жүйелілікті сақтауы, мысқалдап үйретуі, «қойға шапқан қасқырдай өте қызу кірісуі», «парақор болып шықпаулары үшін оларға адамгершілік жағынан әсер етуі», бос уақыттарында шәкірттерге өте пайдалы, түсінікті, қызықты әңгімелер шертіп, логикалық ойлауын (ұшқырлық, тапқырлық, сыншылдық, дербестік қасиеттерін) жетілдіруі шарт. Сондай-ақ, «балалармен сөйлескенде ашуланбай, жұмсақ сөйлесуі, шыдамдылық етуі», әшекейлі сөздерді, орынсыз терминдерді қолданбау, мемлекет, жер, тіл тағдырын терең ұғынуы, сыртқы түр мәдениеті, дауыс мәнері, лебіз үндестігі (бұлар жүрек пен санаға қатысты), әдеби тіл нормаларын сақтауы қажет.
Ы.Алтынсарин дәстүрін сабақтастырған Спандияр Көбеев: «Ұстаз ұстаз болу үшін ол өзінің алдын көрген шәкірттеріне өмір бойы өнеге көрсетіп өтуі абзал. Шәкіртін тек қана мектепте көрмей, үйінде де, көшеде де қыран көзбен көре білуі керек. Қысқасы, мұғалім оны көзден таса етпеуі дұрыс. Бала – гүл, мұғалім – бағбан. Гүл мезгіл-мезгіл суарып тұрмаса солып қалады, күн көзі түспесе өспейді, оқушы бала да сол секілді. Оны өз кеудеңнің бұлағымен суарып, өз жанарыңның жарығымен өсіруің керек», – дегенінде ұстаздық ұлы қызметтің мәні айрықша айшықты айтылған.
Бастауыш және жоғарғы сыныптарда оқытқан Зая Хасенов, Қабікен Шыңғысов, Зейнолла Кәріпжанов тәрізді мұғалімдерім өздері сыпайы, сөздері құрыштай, дауысы әсерлі, түсіндіруі ұғынықты болатын-ды. 8-сыныпта ҚазПИ-ді тәмамдаған академик С.Қирабаев, А.Нұрқатовпен курстас Қанапия Исақаев «Көл-Баян деп толқиды, Жел-Баян деп соғады, Тау-Баян деп күңіренеді», деп көркемдік мазмұнын сыр-сезіммен мәнерлеп жеткізгені, әр сөз, әр сөйлемнің мағынасын байыптап түсіндіргені сөз өнеріне ынтызарлығымды оятты.
Бір заманда жұрт мұғалімді пір тұтты, ізгі ниетті қариялар «Мұғалім бол!» деп бата беретін. Кеңестік кезеңде ауыл мұғалімдерінің әлеуметтік жағдайы ойдағыдай еді. Үй-жайы баршылық, отын-суы, электр қуаты тегін. Бұл күнде сол ұстаздардың күйі, абырой-беделі, құрметтелуі қандай? Ақпарат құралдарының бірінде: «Бүгінгі күні ең үздік ұстаз – ештеңе сөйлемесе де, бәрін жазып қоятын ұстаз; ең үздік сабақ беруші, ол – қағазда сабақ даярлаушы. Яғни, ең үздік ұстаз, ол өтірікті шындай, ақсақты тыңдай етіп қағазға түсіруші. Баланың тағдыры емес, басқарманың тексерісі ойландырады. Ал бүгінгі мектеп – керексіз қағаздардың мұражайы!!!» – дейтін пікір қылаң берді. Мұны терістеуге де, қолдауға да болады. Бізде өз ісінің шебері, мейлінше әдепті, жақсы ұстаздар баршылық. Айлығы шайлығына жетпейтіні рас. Баспаналары тағы жоқ. Бірақ ретін тапса, тәуекелдесе тамаша мүмкіндіктер тудыруға болады. Бұған ел келешегін ерекше сергек ойлайтын ерлер керек-ақ! Білімін, ой-өрісін, шеберлігін шыңдауға қағазбастылық, әріпшілдік шырмап-буып тастаған.
2013 жылдың қыркүйегінде «Нұр Отан» партиясы астаналық зиялыларды жинап, ақылдасты. Сонда қағазбастылық та, мектептегі оқыту мен мұғалім жайы да айтылды. Алайда, барлығы да сол жерде ұмыт қалды.
2017 жылы Ақордада барлық деңгейдегі әкімдердің қатысуымен өткен кеңейтілген мәжілісте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Егер де ұстаз жұмысының үштен бір уақытын қағаз толтыруға жұмсайтын болса, онда қандай сапа туралы айтуға болады? Мұндай ахуал дәрігерлерде де қалыптасқан», − деді.
Мемлекет басшысының көрсеткеніндей, тек Білім және ғылым министрлігінің бір департаментіне ғана өңірлер есеп-қисаптың 300 түрін толтырады екен. Ал бір облыстың мектептері мен балабақшаларын осы есеп-қисап бойынша дайындау үшін 100 мың құжат қажет екен. Осы жөнсіз қағазбастылық әлі бір мезет тоқтаған жоқ.
Көрнекті педагог Ш.Аманошвили: «Әр бала – керемет рухани күш иесі», деп айтқаны ақиқат. 1924 жылғы «Сананың» 2-3 нөмірлерінде «мұғалімдікті әрбір мұғалім адамшылықтан алынған бір меншікті еншісі деп білу керек» делінген. Иә, мұғалім тұлғасын ізгілік, білгірлік, тереңдік, қайырымдылық, ой-парасат көркейтеді.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы тұп-тура тәрбие қуатының көзі – халық шырағы ұстаздың тұлғасына және оның ұлттық-рухани құндылықтарына жаңа серпін бермек. Халықтың рухын, жанын, сана-сезімін, абзалдық әліппесін, интеллектуалдық-шығармашылық әлеуетін жас ұрпаққа дарытатын Ұстаз тұғыры жоғары болғай!
Серік НЕГИМОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері