• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Үкімет 23 Мамыр, 2017

Халыққа қалтқысыз қызмет көрсету керек

122 рет
көрсетілді

Бүгін Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының ағымдағы қызметіне қатысты мәселелер талқыланды. Сонымен қатар, мұрағат ісі мәселелері бойынша және коммерциялық емес ұйымдардың қызметі туралы заң жобалары, сондай-ақ, каникул кезінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және іспен шұғылдануын ұйымдастыру жайы қаралды.

Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың мәлімдеуінше, еліміз бойынша «Азаматтарға арналған үкіметтің» 350-ге жуық кеңсесі бар. Ал жыл сайын 200 мыңнан астам қызметкер «бір терезе» қағидаты бойынша 40 млн-нан астам қызмет көрсетеді.

«Мемлекеттік корпорация азаматтар үшін қызмет алудың жаңа тәсілдері мен құралдарын жиі енгізеді. Мысалы, жыл басынан бері құжаттың әзір болғаны туралы хабардар ететін SMS-хабарлама, telegram-бот, дайын құжаттарды үйге дейін жеткізу, «Электронды үкімет» порталынан ЭЦҚ қолданбай анықтама алу, Астана және Алматы қалаларындағы ХҚКО-ларын тегін wi-fi-мен қамту тәрізді сервистер іске қосылды», деді қызмет көрсету үдерістерін оңтайландыру бойынша шаралар кешенін баяндаған Д.Абаев.

Министрдің айтуынша, алыс елді мекендердің тұрғындарына қызмет көрсету үшін 70 мобильді ХҚКО жұмыс істейді, олар жылына 13 мыңнан астам рет шалғайға шығады. Сонымен қатар желісі Қазақстандағы елді мекендердің басым бөлігінде жұмыс істейтін Қазпоштамен бірлесіп ұлттық пошта операторының кеңселерінде мемлекеттік қызметті ұсыну бойынша жоба жүзеге асырылып жатыр.

Сондай-ақ, министр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мүмкіндігі шектелуі адамдарды кедергісіз ортамен қамтуға ерекше көңіл бөліп жатқанын атап өтті. Биыл есту және сөйлеу қабілеті бұзылған жандарға арналған онлайн-сурдоаударма сервисі іске қосылған. Корпорацияның кеңселерінде арбаға таңылған мүгедектер үшін пандустар мен шақыру түймелері, Брайль мәтінімен жазылған ақпараттық тақталар, нашар көретіндерге арналған тактильді жолдар бар. Сонымен қатар І және ІІ топтардағы мүгедектер үйде отырып та «Азаматтарға арналған үкімет» қызметтерін ала алады. Сонымен қатар, бұдан былай «Азаматтарға арналған үкімет» ЭЦҚ қолданбай электронды қызмет ұсыну, проактивті қызмет ұсыну, бір өтінім қағидатын енгізу және эксаумақтыққа көшу тәрізді бағыттар бойынша жұмыстарды күшейтуді жоспарлап отыр.

Ақпарат және коммуникациялар министрі мемлекеттік қызметтерді Мемлекеттік корпорацияға өткізу жұмыстары туралы да баяндады. Мәлімдеуінше, жуырда ведомствоаралық комиссия отырысында мемлекеттік қызметтердің 37 түрін, соның ішінде 27 «қағаз» бойынша қызмет көрсетуді мемлекеттік корпорация арқылы ұсынылатын 548 қызмет түріне қосу туралы шешім қабылданған. Стандарттарға өзгерістер енгізілгеннен кейін, тағы 48 қызмет түрі баламасыз негізде тек мемлекеттік корпорация арқылы ұсынылмақ. Д.Абаевтың айтуынша, бұл азаматтардың қызмет көрсетушілермен байланыс орнатуын шектеуге бағытталған жұмыстар. Сонымен қатар, азаматтардан талап етілетін құжаттар санын қысқарту жұмыстары жалғастырылып жатыр. Жүргізілген талдау нәтижесі бойынша, 2016 жылы тек 5 мемлекеттік қызмет түрі бойынша, атап айтқанда, мекен-жай анықтамасы, жылжымайтын мүлiкінің жоқтығы туралы, тіркелген құқықтар туралы, зейнетақы аударымдары туралы және сотталмағаны туралы, 18 млн-ға жуық электронды анықтама алынған. Оларды қағаз түрінде талап етуді шектеу қазақстандықтардың материалдық шығындарын қысқартып, оған уақыт жұмсамауға және ХҚКО-ларда халықтың көптеп жиналуын төмендетуге ықпал етеді. Сондай-ақ, министр жеке ұйымдар мен үшінші тұлғалар үшін жеке мәліметтерді «Электронды үкіметтің» веб-порталы арқылы алу тетігі іске қосылатынын атап өтті. Бұдан өзге, «Электронды үкіметтің» веб-порталында 1 шілдеден бастап ЭЦҚ-сыз алуға болатын 20 мемлекеттік қызмет түрі қолжетімді болады. Алдағы уақытта бір реттік құпия сөз немесе логин негізінде ұсынылатын қызметтер түрі ұлғайтылады.

Үкімет отырысының басты тақырыбы төңірегіндегі баяндаманы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Абылай Оспанов толықтыра түсті. Ол жаңа технологияларды енгізу арқылы мемлекеттік қызмет көрсетуді оңтайландыру үдерісі туралы айтты. А.Оспанов мемлекеттік қызмет көрсетуді дамытудың келесі кезеңі «проактивті» формат болатынын баяндады. Мысалға, электронды жүйе төленбеген айыппұлдарды өтеу қажеттілігі немесе тұрғылықты жері бойынша тіркеуді ұзарту қажеттілігі туралы автоматты түрде хабарландырады. SMS-хабарландыруларды алу үшін «Мобильді үкіметте» тіркелу қажет. Сондай-ақ, тұрақты түрде мемлекеттік қызметтерді алу арналарын кеңейту бойынша жұмыс жүргізілуде. Қазіргі уақытта азаматтар Бірыңғай байланыс орталығы, Мемлекеттік корпорация бөлімшелері, eGov, мобильді қосымша және SMS-хабарлама арқылы мемлекеттік қызметті алуға тапсырыс бере алады. Бұдан бөлек, нақты балабақшаны таңдау мүмкіндігімен балабақшаларға кезек бөлуді автоматтандыру жоспарланған және жер телімдерін бірыңғай, ашық электронды алаңда сатуды ұйымдастыру мүмкіндігі қарастырылуда, бұл жер телімдерін сатып алу мен бөлу рәсімінің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметімен, оны дамыту жоспарларымен танысқан соң Премьер-Министр Б.Сағынтаев мемлекеттік қызметтер ұсыну үдерісін одан әрі оңтайландыру бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Үкімет басшысы аталған барлық ұсыныстарға қолдау көрсету қажет екенін айтты, себебі бұл азаматтарға мемлекеттік қызметтер алу үдерісін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Халықтан электронды растау анықтамаларын ұсыну талаптарын шектеу үшін екінші деңгейлі банктердің, сонымен қоса мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің өзара байланысын ұйымдастыру шараларын қабылдауды тапсырды. Бұдан өзге, Ішкі істер министрлігіне мемлекеттік корпорациямен бірлесіп жеке куәлік құжаттарын Алматы, Астана, Ақтөбе және Шымкент қалаларында бір күннің ішінде және қалған өңірлерде жеті күннің ішінде беруді қамтамасыз ету тапсырылды. Сонымен қатар Премьер-Министр Үкімет мүшелерінің назарын 1 шілдеден бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілетініне, бұл азаматтардың мемлекеттік корпорация немесе электронды тәсіл арқылы тіркелуін және мәртебесін растауын талап ететіндігіне аударып, қыста азаматтарды уақытша тіркеу кезінде орын алған жағдайдың қайталануына жол бермеуді және халықты дүрліктірмеуді ескертті. Осыған орай, жауапты министрліктерге мемлекеттік корпорациямен бірлесіп азаматтардың аталған қызметті алу үдерісін жеңілдету шараларын қабылдау тапсырылды.

Б.Сағынтаев Үкімет отырысында қаралған келесі мәселе ­– жазғы каникул кезінде балалардың сауықтыру демалысын және бос уақытын ұйымдастыру бойынша Білім және ғылым министрлігінің жұмыс жоспарымен танысты. Министрліктің мәліметінше, жазғы демалыспен 1 млн 655 мың баланы немесе 1-10 сынып оқушыларының жалпы санынан 61,2 пайызын қамту көзделіп отыр. Каникул кезінде балалар үшін түрлі шаралар – секциялар, клубтар, үйірмелер, еңбек жасақтары мен экскурсиялар ұйымдастырылады. Үкімет басшысы жоспарланған барлық шаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды. Яғни, жолдар мен су қоймаларындағы қауіпсіздік, санитарлық-эпидемиологиялық жағдай, өрт қауіпсіздігін қамту жұмыстарын назарда ұстау қажет. Сонымен қатар, Б.Сағынтаев ата-аналар мен үкіметтік емес ұйымдар тарапынан балалар лагерьлеріне қоғамдық бақылау жасауды күшейту туралы «Жұлдыз» ҚҰ бастамасын қарастырып, қолдауды тапсырды. 

Үкімет отырысында қаралған тағы бір мәселе ­– «Коммерциялық емес ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы. Бұл ретте Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев заң жобасы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жетілдіруге бағытталғанын, оның қазіргі тетігі 10 жылдан астам уақыт жұмыс істеп тұрғанын баяндады. Мақсатты топтардың қажеттіліктерін зерттеу және талдау, ҮЕҰ-дың ұсыныстары негізінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру үдерісіне бірыңғай тәсілдемелерді анықтау, сондай-ақ, әлеуметтік жобаларды іске асырудың ашықтығын қамтамасыз ету ұсынылған. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс нәтижелерін бағалау үдерісін енгізу жоспарланған, ол жобаның тиімділігін айқындауға және халықтың қызмет көрсету сапасына қанағаттануы дәрежесін анықтауға мүмкіндік береді. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында қызмет көрсету сапасын бағалау сапасына, шарттарына, мазмұнына, критерийлеріне қойылатын бірыңғай талаптар енгізіледі. Министрлік ҮЕҰ-мен бірге стандарттардың 6 түрін ұсынады. Заң жобасы ҮЕҰ-ның, сарапшылардың, халықаралық ұйымдардың қатысуымен министрліктің түрлі диалог алаңдарында талқыланған. Тиісті заң жобасын қабылдау қоғамның әлеуметтік мәселелерді шешуге қатысу деңгейін, азаматтардың жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясатқа сенімін арттыруға мүмкіндік береді.

Ал «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мұрағат ісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы таныстырды. Министр заң жобасы мұрағат ісі саласындағы заңнаманы жетілдіру мақсатымен әзірленгенін жеткізді. Бұл негізінен құжаттамалық қамтамасыз етудің жаңа ақпараттық үлгілерінің белсенді түрде кіріктірілуіне және жаппай электронды құжат алмасуға көшуге байланысты. Бұдан өзге, қолданыстағы экономикалық және әкімшілік реформалар негізінде мұрағат ісі саласын реттейтін жаңа құралдар пайда болды. Соның салдарынан қолданыстағы заңнаманың кейбір ережелері заманауи талаптарға жауап бермейді. Заң жобасында мемлекеттік мұрағаттар желісіне Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасын, сонымен қатар арнайы мемлекеттік мұрағаттарды қосу ұсынылған. Министрлік құзыретін мемлекеттік мұрағаттардың типтік штаттарын; мемлекеттік мұрағаттардың тауар, жұмыстар мен қызметтерді өткізу бойынша ақылы қызмет түрлерін көрсету ережелерін; Ұлттық мұрағат қорының орталықтандырылған мемлекеттік есепке алу туралы ережелерін бекіту функцияларымен толықтыру ұсынылды. Үкімет мүшелері заң жобасын бірауыздан қолдады.

Әдеттегідей отырыс қорытындысы бойынша Үкіметтің баспасөз орталығында брифинг өтті. Оған Ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаев пен Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі А.Нүкенов қатысып, Үкімет отырысында қаралған мәселелер төңірегіндегі тілшілер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан»