Кезінде біз осындай үңгірлердің төртеуін іздеп тауып, әр кездері олардың ішіне де түсіп көргеніміз бар. Оның алғашқы екеуі Оңтүстік Қазақстан облысының Қаратау сілемдеріндегі Жетіотау және Ақмешіт үңгірлері дер едік. Алдымен Жетіотау туралы айтайық. Ол аталмыш облыстың Бәйдібек ауданындағы бұрынғы «Красная Нива» кеңшарына қарайтын «Прогресс» бөлімшесі маңайындағы үлкен аңғарда. Сондағы тік беткейдің ортан белінде аузы үңірейіп көрініп тұрған үңгірге кірер болсаңыз, бірінші кезекте сізді дүр-дүр етіп шошына ұшқан кептерлер қарсы алады. Содан кейін уілдеген суық ауа бетіңізге тиіп, бірте-бірте ол денеңізді қалтырата бастайды. Үңгір аузындағы жарықтан алыстап, түкпірге қарай беттеген кезде еріксіз тоқтап қаласыз. Оған себеп, сіздің алдыңызда қараңғы да қорқынышты әрі тас-түнек сәулесіз әлемнің жатқандығы. Міне, осыдан кейін барып қол фонарыңызды іздей бастайсыз. Сөйтесіз де соның көмегімен аталмыш табиғат тылсымын өз бетіңізше танып-білуді бастайсыз.
Біздің байқағанымыз, Жетіотаудың ұзындығы 80 метр шамасында сияқты. Ал, жалпы пошымы… иә, жалпы көрінісі буылтық-буылтық болып жататын жұлдызқұрт болады ғой, міне, ол содан аумайды. Тоқетерін айтқанда өзіміз сөз етіп отырған үңгір кірген адам қайта-қайта еңкейіп өтетін жеті бөліктен тұрады. Әр бөлік киіз үйдің көлеміндей бір-бір қуыс. Сондықтан да ел оның осы құрылымына қарап, оған Жетіотау деп ат берген сияқты. Қандай дәл теңеу десеңізші!
Жетіотау – спелеологтар айтатын қадым ғасырдағы тіршілік иелерінен қалған тұрақ емес. Ол – табиғат стихиясынан туған үңгір. Ғылым тілінде оны карст дейді. Бұл таудағы үлкенді-кішілі тас айырықтарынан өткен қар, жаңбыр суларының топырақ қабатына келгенде жиналып, көлемі ұлғая келе сол жерді орып өтіп барып тоқтап, содан соң тағы осындай әрекеттер жасалып барып беткейді тесіп шығу арқылы болатын құбылыс. Жетіотаудың буылтық-буылтық бүкіл болмыс-бітімін барлап қараған кезде ол, міне, жоғарыдағы ойға толық сәйкес келеді.
...Осы жерден 40-50 шақырым шамасында тағы бір үңгір бар. Сол Қаратау сілемінің етегіне орналасқан бұрынғы Леонтьевка елді мекені тұсындағы табиғат ғажайыбы Ақмешіт деп аталады. Тастақты төбелердің арасындағы бұл үңгірдің аузы жазықтау жерге қап-қара шұңқыр сияқты шалқая орналасқан. 1980 жылы осы жерге бізді бастап апарған әріптесіміз Жақай Ералиев бәріміз әлгі жердің жиегінен үңіліп қарағанымызда, оның ішінде екі-үш қора қой сыйып кететіндей кеуек кеңістіктің бар екенін байқағанбыз. Кереметі сол, 30−40 метр тереңдіктегі оның түбінде екі түп тұт ағашы өсіп тұр екен. Олардың жапырақтары үңгір ішін мекендеген құс саңғырықтарынан бозамықтана ағарып кетіпті. Күн сәулесі жарық қып тұрған оның ішінен тағы бір байқағанымыз, әлгі тұт ағаштарынан онша қашық емес жерде дала аруы – ақбөкеннің қаңқасы көрінген. Жануар әлденеден үрейленіп, үрке қашып келе жатқанда, үңгірге құлап түсіп мерт болған сияқты.
Ал 2012 жылы осы жерді қайта келіп көргенімізде, Ақмешітті танымай қалдық. Жергілікті билік бұл маңайды жөндеп, төңірегіне асфальт жол тартыпты. Үңгір ішіне түсетін мықты айналмалы темір саты қойылған. Соның нәтижесінде ол туристер көп келетін жерге айналыпты. «Бұл табиғат туындысы геомагнитті толқындар тудыратын кедергілерден тыс жоғары күш-қуатқа ие, таза энергетикалық ауа ағындары шоғырланған аймаққа орналасқан», деді жанымыздағы еріп жүрген ғалым Мұсатілла Тоқанов. – Ақмешіт үңгірінің осындай аурасы адам ағзасына оң әсер етіп, оларды бойларында жинақталып қалған теріс энергиядан тазартады. Жұмыс, тіршілік тауқыметінен еңсесін көтере алмай жүрген жандардың иммундық күш-қуатын оятып, сергітеді. Жүйкеге түскен ауыр ойлардан арылтады».
Геомагниттік толқын дегеніміз не? Ол солтүстіктен оңтүстікке, шығыстан батысқа бағытталған ауадағы жолақтар. Егер жұмыс орныңыз, отырған жеріңіз, тіпті үйдегі үстеліңіз бен орындығыңыз осы геомагнитті толқын жолында орналасатын болса, онда адам ағзасы қан-тамыр, буын және ісік ауруына бейім болады. Сол сияқты теріс энергия: тіл, көз, қарғыс сөздер адам денесіне жағымсыз әсер ету нүктесі түрінде жиналады. Ал оларды тазартатын кісі аяғы сирек жететін тау, олардағы ауасы таза аңғарлар екені мәлім. Өзіміз сөз етіп отырған Ақмешіт үңгірі, міне, сондай қасиетке ие. Сондықтан, ол биоэкотуризмге өз-өзінен сұранып тұрған жер, − деді әңгімесінің соңында ғалым.
Кітаптан оқып емес, өзіміз арнайы барып көріп, көп ой түйген үшінші бір үңгір − Қоңырәулие. Әріптесіміз Дәулет Сейсенұлы және басқа да энтузиаст экспедиция мүшелері бар топ Семей өңіріндегі Шыңғыстаудың Шаған өзені бойындағы оны барып көргенімізде, бұл да өзіндік ерекшелігі бар жер екеніне көзіміз жетті. Заманында онда ұлы Абай атамыздың да болып, өз қолтаңбасын қалдыруы, ақынның Петербургтен елге демалысқа келген ұлы Әбішті сергіп қайтсын деген ниетпен бір топ жора-жолдастарымен осы Қоңырәулиеге жіберуі бекер дейсіз бе? Аталмыш үңгір жұмбағы, оның неліктен әулие атауына ие болғандығы атақты жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясында сол Әбіштің атынан баяндалмаушы ма еді? Сонда жас офицер қасындағы Кәкітай, Дәрмен, Мағаштарға үңгір ішіндегі көлдің сол қалтарысындағы қашалған тасты көрсетіп: «Әулие мінеки! Мынау бас, мынау иық кескіні!.. Ұзын дене, бойы былай кетеді», дейтін еді ғой. Қоңырәулиеден адам бойына тілеген қуат, қиял еткен қайрат құйылатындығын сол арада тағы да осы Әбіш айтқан-ды.
Сөйткен, Әбіш үңгірден шығып, ойға түсе бергенде бір-біріне ұқсас, алайда таңбалары түрліше көп бейіт тұсына келіп, таңдана қарап қалмаушы ма еді? Өйткені, оның қазақтың түрлі аталары бас қосып жатқан зиратты тұңғыш көруі. Сонда ұлы Абайдың рухани інісі, бұлардың ағасы Көкбай жастарға ел аузындағы бір хикаяны баяндап береді. Яғни, Абылайдың қолы Арқаны көктей өтіп, жоңғарларды шығысқа қарай қуа соғысып келе жатқанда тас үңгірге жасырынып қалған жау тұтқиылдан қатты қарсылық көрсетеді. Сөйтіп, Қоңырәулиеге кіріп, бекініп алған жоңғарлар бұларға алғызбай қояды. Сонда Абылайдың пәрменіне сай қимылдап, жаудан айласын асырған қаракерей Қабанбай даңққа бөленеді.
Енді Қоңырәулиеге кіргендегі өзіміздің көргенімізді баяндайық. Үңгірдің аузында үлкен бөлме сияқты қуыс бар. Оның алдындағы адамдар арлы-берлі өтетін есік іспетті ойықтың ені шамамен 70-80 сантиметрдей де, биіктігі 1,5 метрге жуық. Ал бөлме тектес кеңістіктің оң қанатында тағы бір оқшау қалтарыс көрінеді. Үңгірдің табаны дымқыл, түпкі жақтан суық ауа есіп тұр. Бастапқы бөлме секілді қуыстың шеті ұзындығы − 60, ені − 20, биіктігі − 12-13 метрдей болатын кең әрі түзу тұйық дәлізге, ал оң жақтағы кіре берісі ұзындығы − 12, ені −10, биіктігі – 9 метр сопақша бүйір бөлме секілді қуысқа ұласады.
Бізді таңғалдырғаны, үңгір түбінде көл бар екендігі болды. Әріптесім Дәулет Сейсенұлы осыдан 20 жыл бұрын республика Ғылым академиясының География институты ғалымдары шығарған жинақта оның ұзындығы − 25, ені −18, тереңдігі − 1,8 метр деп көрсетілгенін айтты. Кейін осы дерек энциклопедияға да кіріпті. Суы мөлдір және тұщы екен. Сөз ретіне қарай мына жайдан да хабардар еткіміз келеді. Ол үңгір түбіндегі көл туралы басқа да тұжырымның бар екендігі. Оны бүгінде Қоңырәулие құпиясын тереңірек зерттеп жүрген энтузиастар айтады. Ал олар Семейдегі №6 мектеп-гимназияның археологиялық мұражайы төңірегіне топтасқан. Аталмыш білім ұясының директоры, ҚР білім беру ісінің үздігі, тарихшы ұстаз Бақты Балғымбаева шәкірттерімен жаз айларында жыл сайын Шыңғыстауға археологиялық экспедиция ұйымдастырып тұруды дәстүрге айналдырған. Олардың қолындағы мәліметке қарағанда Қоңырәулиедегі көлдің ұзындығы – 100 метрге, тереңдігі кей жерде 4-5 метрге дейін кетеді дейді. Әлде бұл кейінгі жылдардағы өзгеріс пе? Олай да болуы мүмкін-ау.
Біздің байқап аңғарғанымыз, өткен ғасырлардан жеткен деректер мен жергілікті өлкетанушылар ізденісі, еліміздегі География институты ғалымдарының жүргізген жұмыстары арқылы бұл үңгір туралы біраз мәлімет жинақталып қалған сияқты. Бірақ осыларға қарап, Қоңырәулиенің тылсым сыры мен жұмбағы шешіліп болды деуге келмес. Сондықтан, ол туралы әңгімелер әлі де алдағы күндер еншісінде деп білеміз.
Мақаламыздың соңында өзіміз барып көріп, ішін емін-еркін аралаған төртінші үңгір туралы айтып, сонымен бұл тақырыпты тәмамдайық. Ол – Шығыс Қазақстан облысындағы Күршім ауданының Қиынкеріш аңғарындағы табиғат ғажайыбы. Оқырмандарға ескерте кетер нәрсе, аталмыш жер, оның ерекшелігі туралы газетімізде «Марс пейзажы» (17.04.2017 ж.) атты мақала жазғанбыз. Біздің бүгінгі айтпағымыз, сондағы сөз етпей кеткен үңгір туралы. Оның ұзындығы 40−50 метр шамасында да, биіктігі мен ені екі адам еңкеймей және еркін айналып жүре алатындай деңгейде. Қабырғалары кілең тастардан ғана түзілген үңгір ауасы құрғақ, таза, жеңілдігімен назарымызды аударды. Түкпірге таянғанымызда түсініксіз дыбыс естілді. Денеміз тітіркеніп, қауіптенгендей болдық. Өйтпегенде ше? Елсіз мекен, айдаладағы қараңғы қуыста шибөрі, қасқыр секілді жыртқыштардың жүрмесіне кім кепіл? Сөйтсек, үкі екен! Иә, кәдімгі үкі. Біз жақындаған мүйіс үстіндегі текшеде оның ұясы бар болып шықты. Жапалақ көз жарықтық бағжиып сонда отыр. Одан әрірек барып едік, шашылып жатқан омыртқалы жануарлардың қаңқасы көрінді. Содан соң алдымыздан діңдері тасқа айналып, жапырақтары керіш құмға жабысып қатып қалған өсімдіктер жұрнағы байқалды. «Бұл енді осыдан миллион жыл бұрынғы палеонтологиялық және геоморфологиялық табиғат ескерткіштерінің белгілері-ау шамасы», дедік ішімізден. Сөйттік те кейін қарай қайттық.
Үңгірлер… Бұл еліміздегі әлі зерттелмеген өзінше бір табиғат құпиясы. Жоғарыда біз олардың төртеуін ғана қысқаша сөз еттік. Ал Маңғыстаудағы, Орталық Қазақстан мен Жетісудағы мұндай табиғат ғажайыптары қаншама десеңізші. Біле білген адамға бұлардың өзіндік пайдасы да бар. Оны интернеттен тауып оқысаңыз үңгір ішіндегі ауаның қан қысымын қалыпқа келтіретіндігі, көкжөтелді пышақкесті тыятындығы, денедегі жазылмаған жарадан құлан-таза айықтырып жіберетіндігі туралы қысқа да нұсқа мәліметтер жетерлік. Түрікменстандағы Копет-Даг, Грузиядағы Ақ үңгір сонау Николай патша заманынан бері емдік бағытқа бейімделген болса, одан бергі уақыттарда көрші елдердегі жасалған ондай игі тірліктер қаншама. Біздің ойымыз тек Қазақстанда да осындай үңгірлердің бар екендігін айту, хабардар ету. Елге ой салу. «Пайдалану керек», деп құлаққағыс жасау. Қаратау – Шыңғыстау – Зайсан ойпаты
Суретте: Шығыс Қазақстандағы Қиынкеріш аңғарындағы үңгірдің кіреберісінен көрініс
Жанболат АУПБАЕВ, «Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген Алексей Мазницин