• RUB:
    4.76
  • USD:
    526.11
  • EUR:
    542.31
Басты сайтқа өту
Әлем 24 Мамыр, 2017

Әлем айыптаған террорлық акт

419 рет
көрсетілді

Дүйсенбі күні Ұлыбританияның Манчестер қаласындағы «Манчестер Арена» залында әнші Ариана Гранденің концерті аяқтала бере, жергілікті уақыт бойынша 22:35-те жарылыс болды.

Тәртіп сақшыларының мәліметінше, жарылысты жан­кешті ер адам жасаған. Жарыл­ғыш затты іске қосқан ол өзі де оқиға орнында көз жұм­ған. Оқиғаны террорлық әре­кет деп бағалаған тәртіп сақ­шы­лары қазір терроршының басқа да сыбайластарының бар-жоғын тексеріп жатыр.

Тағылық қанқұйлы әрекет салдарынан, соңғы деректер бойынша, 22 адам қаза тапса, 59 адам жараланған. Оқиға орнына жедел жәрдем қызметінің 60 көлігі мен 400 тәртіп сақшысы жұмылдырылып, қаладағы 8 аурухана жараланғандарға ем-дом жасап жатыр. По­ли­ция қызметкерлерінің мәлім­деуінше, бұл тағылық әрекет 2005 жылы Лондонда 50 адам­ның өмірін қиған лаңкестік оқиғадан кейінгі Британия тарихындағы ең ауыры болып отыр.

Ұлыбритания премьер- министрі Тереза Мэй 8 мау­- сымға жоспарланған елдегі парламенттік сайлау науқанын тоқ­татып, лаңкестікті ұйым­дас­тырғандардың кім екенін анықтау мақсатында үкіметтің төтенше отырысын өткі­зетінін мәлімдеді. «Қаза тап­­қан­дардың отбасы мен жақын­дарына көңіл айтамыз. Оқи­ғаның мән-жайын анықтау үшін жұмыс істейміз», – деді үкімет басшысы.

Мәліметтерге қарағанда, Ариана Гранденің концертінде Қазақстан азаматтары да болған. Еліміздің Сырт­қы істер министрлігі концертке қазақстандық алты студенттің барғанын айтты.

Дегенмен, жарылыстан зардап шеккендер арасында қазақ­стандықтар жоқ. «Біздің дипломаттарымыз солардың екеуімен байланыс жасап, аман-сау екендігіне көз жеткізді. Оларға ешқандай ме­ди­ци­налық көмек қажет емес және достарымен бірге тұратын жер­леріне аман-есен жеткен», дейді Қазақстан Республикасы Сырт­қы істер министрлігі баспасөз қыз­метінің басшысы Әнуар Жайнақов.

«Лондондағы Қазақстан ел­ші­лігі жергілікті құқық қорғау ор­­гандарымен тығыз байланыс­та. Қазақстан азаматтарына сақ болу жөнінде ескертулер тара­тылған. Елшіліктің консулдық бөлі­мінің жедел желісі іске қосулы: +44(0)7447470570 (Whats­App).  Манчестердегі жақын­дары­ңыз, туыстарыңыз немесе дос­тарыңызбен байланысып, олар­дың аман-есен екендігіне көз жет­кізулеріңізді сұраймыз», деп жазды Сыртқы істер министрлігі бас­пасөз қызметінің басшысы.

Қайғылы оқиғаға орай басқа да елдер басшыларының қатарында Қа­зақ­стан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та көңіл айтып, жеделхат жолдады. АҚШ президенті Дональд Трамп террор­лық әрекетті қатаң айыптай отырып, мұндай адамдардың пайда болуына әсер ететін идеологияны түбірімен құрту керектігін айтты. Ал Франция президенті Эммануэль Макрон Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэйге көңіл айтса, премьер-министр Эдуард Филип Франция тұрғындарын абай болуға шақырды. Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин Ұлыбритания ханшайымы II Елизаветаға көңіл айтып, қиын кездерде Қытай мен Ұлыбританияның бір-біріне қолдау көрсететінін жеткізді.

Террорлық әрекетті «Ис­лам мем­лекеті» делінетін (Қазақ­стан­да тыйым салынған) террор­лық ұйым өз мойнына алды. Бұқа­ра­­лық ақпарат құралдарының мәлі­ме­тінше, оқиғадан бірнеше сағат кейін аталған қанқұйлы ұйым лаң­кес­тері Манчестердегі жарылысқа ұқ­сас видеоны интернетте таратқан.  

Бауыржан МҰҚАНОВ, «Егемен Қазақстан»