– ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесі бәрімізге ортақ жауапкершілік жүктейді. Бәрі жоспардағыдай іске асса бірнеше жыл көлемінде жүргізіліп келе жатқан дайындықтың жемісі сол болмақ. Көрме жақындаған сайын жұмыс та қыза түсті. Біз негізгі төрт бағыт бойынша жұмыс істеп келеміз. Олар, негізінен ұйымдастыру шаралары мен түсіндіру жұмыстары. Шетелдік делегациялардың басым бөлігі Астанаға Алматы арқылы қатынайтындықтан визалық қолдау және маңызды ресми өкілдерді қарсы алу сияқты жұмыстарға баса назар аударылады. Ағымдағы жылдың сәуірінен бастап қаламызда ЭКСПО-2017 көрмесіне арналған спорттық-мәдени шаралар үзбей өткізіліп келеді. Республикалық деңгейдегі марафондар, Green Party акциясы, ЭКСПО аллеясы, тағы да басқа бірқатар шаралар көрме аясында жүзеге асты. «ЭКСПО-да кездесейік» жастар қозғалысы құрылып, сәуір айынан бастап ұйымдастыру жұмыстарымен айналысуда, – дейді ЭКСПО-2017 штабының Алматы қаласы бойынша жетекшісі Самғат Ермекбаев.
Көрменің негізгі тақырыбы табиғатта бар нәрседен жаңғырмалы энергия алу мәселесіне бағытталғандықтан, еліміз бен әлемнің түкпір-түкпірінен келетін ғалымдар мен өнер иелері өз жобаларын ұсынады. Осы орайда, алматылық өнертапқыштар да өз өнерлері мен ғылыми жаңалықтарын паш етпек. «Көрмеге Алматының атынан қатысатын ғалымдар мен өнертапқыштар 23 инновациялық жоба ұсынатын болады. Олардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы секторы үшін биогаз қалдықтарын трансформациялау, энергия көзін үнемдеуші технологиялар сияқты жобаларды қамтиды», дейді мамандар. Алматы қаласында орналасқан еліміздегі іргелі мәдениет ошақтарының көпшілігі өз өнерлерін ортаға салып, көрме күндері ЭКСПО қонақтарының көзайымына айналмақ.
Тағы да бір атап айтар жайт, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің салтанатты ашылу рәсімін алматылықтар Республика сарайының алдындағы үлкен экраннан тікелей эфирде тамашалай алады. Көрме кезінде өз еркімен қызмет жасайтын еріктілер сапына Алматы қаласынан 900 студенттен құралған еріктілер тобы жұмылдырылып, оларды жан-жақты дайындау жұмыстары 2016 жылдың 1 қыркүйегінен бастап тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Еріктілер үшін темір жол билеттері алдын-ала жергілікті бюджет есебінен алынып қойған.
Астана мен Алматы қаласы әкімдіктерінің арасында жасалған меморандум бойынша көрме кезінде бірқатар азық-түлік түрлерін Астанаға тікелей жеткізу жоспарлануда. С.Ермекбаевтың айтуынша, меморандум аясында 3 ай бойы 20 мың тонна азық-түлік Астанаға жөнелтілетін болады. Олардың ішінде картоп, қызылша, қырыққабат, сәбіз, қияр, қызанақ, пияз, жүгері, алма, алмұрт, өрік, шабдалы сияқты көкөністер мен жеміс-жидектер, сондай-ақ, ет өнімдері, сүт өнімдерімен қатар басқа да азық-түлік тауарлары бар.
Жолаушылар мен туристерді тасымалдау мәселесі де өз алдына үлкен жұмыс. Алматы қаласы штабы мамандарының берген ақпараты бойынша көрме кезінде Алматыдан Астанаға тәулігіне орта есеппен барлығы 5830 адам барады. Оның ішінде, тәулігіне 13 әуе рейсімен 1100 адам қатынайтын болады. Күніне бір рет 2924 адамды тасымалдайтын 5 темір жол пойызы, күнара 1276 адамды тасымалдайтын 1 пойыз, 420 жолаушыға арналған 1 жүйрік пойыз аптасына бір рет алматылықтарды ЭКСПО-2017 көрмесімен қауыштырады. Сонымен бірге арнайы автобустар күніне екі рет 110 жолаушыдан тасымалдай алады. Көрмені тамашалау үшін шет елдерден келген туристер мен транзиттік жолаушылар санының артуын ескеріп, оларға қосымша бірнеше тасымалдау құралдары жұмылдырылады. Осылайша, әуе рейстері, темір жол пойыздары, арнайы қоғамдық көліктер арқылы орта есеппен күніне 1570 жолаушыға қосымша қызмет көрсетілмек. Жоғарыда аталған барлық сандарды саралай келе, Алматы қаласы мен Алматы облысынан және қала қонақтарынан барлығы, 500 мыңға жуық адам ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі кезінде елордаға барады деген болжам бар.
Қаладағы «Қазпочтаның» барлық бөлімшелерінде, «Меломан» дүкендер желісінде, «Мега Алматы», «Мега парк» сауда орталықтарында, қала бойынша барлығы 71 нүктеде көрме билеттері сатылуда. Мониторинг бойынша, басқа өңірлерге қарағанда Алматыдағы билеттердің өту қарқыны жоғары дейді жауапты мамандар. Осы ретте, әлеуметтік әлсіз топтар мен бірқатар халыққа билеттер жеңілдікпен ұсынылуда. ЭКСПО-2017 арқылы тауар айналымы жолға қойылып, туристер есебінен Алматының бюджет қоры молайып, қаланың инвестициялық әлеуеті арта түспек. Шетелдік серіктестермен сауда-экономикалық байланыс нығайып, алып мегаполистің экономикалық әлеуеті тың серпін алады деген сенімдеміз.
Арман ОКТЯБРЬ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ