• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 24 Мамыр, 2017

«Peugeot» ерекше электр көлігін таныстырады

227 рет
көрсетілді

Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысатын мемлекеттердің павильондарының алғашқы легі таныстырылуда. Таяуда елордадағы БАҚ өкілдері Францияның ұлттық павильонын тамашалады. Шараға орай ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында Бас комиссар Паскаль Лоро француз еншісіне тиген аумақтың жалпы тұжырымдамасы жайында айтып берді.

Франция павильоны 1084 шаршы метрді құрайды және көрмедегі ең үлкен павильон­дардың бірі. Мұнда мемлекеттің ірі компаниялары – «Peugeot», «Syctom», «Total», «Veolia», «Vicat», «Iter», «ADEME», «Saint-Gobain» өздерінің болашақ энер­гиясы тақырыбындағы жетіс­тік­терін паш етіп, жаңа өнімдерін көрсетпек. «Біздің көрме павильонымыз екі қабаттан тұрады. Бірінші қабатта Францияда инновация мен болашақ технологиялар саласында озық саналатын компаниялар орналасса, екінші қабат симпозиумдарға, дебаттарға, сурет көрмелеріне арналады. Ол бір сәтте 200 адамды қабылдауға қауқарлы. «Peugeot» компаниясы 1995 жылы әлемде ең алғашқылардың бірі болып өзінің электр көлігін таныстырған еді. Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көр­месінде біз жаңа буын көлігін ұсынатын боламыз. Бұл, әсіресе, бүлдіршіндер мен авто әлемін жақсы көретіндер үшін қызық болатыны сөзсіз», деді П.Лоро.

Павильонның өзі «Экоқала», «Баламалы энергия» және «Эко­логиялық көлік» деген тақырып­тарға бөлінген екен. Осы тақы­рыптардың біріне сай жасалған француз павильонының бірінші қабатындағы 7 бөлік келушілерге «жасыл энергетика» саласындағы жаңа технологиялармен танысуға мүм­кіндік береді. Бөліктер галерея арқылы қосылған, онда әлем өр­кениетінің дамуына үлес­терін қосқан Францияның көрнек­ті қайраткерлері мен ғалым­дары­ның бейнелері қойылады.

П.Лороның айтуынша, көрме қонақтары павильон аумағында француз өнер қайраткерлерінің шығармаларын – мүсінші Милен Гермонның туындысы «Минис Аква» композициясын, суретші-иллюстратор Ян Далонның қолынан шыққан жә­не Францияның символына ай­налған Марианна бейнесін жә­не Францияның ең әдемі жер­лері­нің фотосуреттерін көре алады. Астана ЭКСПО-2017 халық­ара­лық көрмесі жұмыс істеп тұр­ған уақытта Франция екі ұлт­тық мерекесін – 21 маусымда Фран­­ция күнін, 14 шілдеде Бас­ти­лияны алу күнін атап өтеді. Осыған орай, мерекелік іс-шара­лар ұйымдастырылады.

Француздар 21 маусымда отыз жылдан астам уақыттан бері той­лап келе жатқан Музыка мере­кесі аясында өздерін бар­лық қы­рынан көрсетпек. Шара қонақ­тары дәстүрлі цирк нө­мір­лері мен кабарэні көріп, Фран­ция­ның оңтүстік-батысының және Бре­тань музыкасын тың­дай­ды. Му­зыка мерекесі шең­берінде Қазақ ұлттық өнер универ­ситетінің студенттері де француз тілінде ән салады.

Павильонның конференция залында үш ай бойы көптеген семинарлар, шеберлік сағаттар мен ғылыми конференциялар өтеді. Оларға қатысқан қонақтар болашақ энергиясы саласындағы француз инновациялық технологиялары туралы, сондай-ақ, білім, мәдениет және франкофония салаларындағы Франция мен Қазақстанның ынтымақтастығы туралы көптеген қызықты мәліметтерге қанығады.

Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»