• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 24 Мамыр, 2017

Мүгедек жандарға − кедергісіз орта

430 рет
көрсетілді

Облыс орталығында 19 мамыр күні еліміздің әр өңірінен келген мүмкіндігі шектеулі жандарды ортаға бейімдейтін үйлестіруші кеңес мүшелерінің қатысуымен «Мүгедектердің құқықтарын қорғау және олардың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі іс-шараларды іске асыру» барысы жайында республикалық семинар- кеңес болып өтті. Кеңеске Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова қатысты.

Бұған дейін Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігі тарапынан 2020 жылға дейiн елiмiздегi әлеуметтiк ма­ңызы бар нысандардың барлығы мүм­кiндiгi шектеулi азаматтар үшiн қолжетiмдi болуы керек­тігі айтылды. Еліміз 150 мем­лекеттiң қатарында «Мүм­кiн­дiгi шектеулi азаматтардың құ­қықтарын қорғау жөнiндегi» конвенцияға қол қойғаны белгілі.

Ал, конвенцияның басты мә­селесі мүмкiндiгi шектеулі аза­­маттарға қолжетiмдiлiктi қам­тамасыз ету болып табылады. Об­лыс орталығында 2015 жылы еліміздің VI паралимпиадалық ойындар да өтті.

– Жалпы, мүгедектер мәсе­лесінде өңірлер үшін тәжірибе алмасу бойынша республикалық семинар өткізуге Павлодар об­лысы таңдап алынды. Се­бебі, мүгедектердің қандай жағ­дай­д­а болмасын өмір сүруге бейім­делулері бойынша мониторинг нәтижесінде облыс бірінші орында тұр. Мұны біз қызмет көрсетуді ұйымдастырумен, медициналық-әлеуметтік мекемелердің жұ­мысымен танысқан кезде де көрдік. Семинар-кеңес тәжі­ри­бенің басқа өңірлерде сәтті жү­зеге асырылуына оң әсер етеді деген ойдамын, − деді Светлана Жа­қыпова.

Вице-министр айтқан тәжірибе мен еліміздің барлық өңірлерінен келген делегация мүшелері облыс орталығындағы «Profimed» медициналық кешеніне келгенде көріп, танысқан-ды. Кешеннің кіреберісінде мүмкіндігі шектеулі жандарға ғана емес, сондай-ақ, арбамен жүретін аналарға ар­налған сыйымдылығы 500 келі көтеретін құрылғы орналасқан.

− Біз пандустардан бас тарт­тық, − дейді кешен директоры Гүлбану Сейтенова. – Өйт­кені, бұл үйде лифті бар, есік­тері кең, табалдырығы жоқ. Мү­ге­дектерге қызмет жасайтын ар­найы санитарлық торап бар. Ор­талықтан шықпай-ақ бас­қа бір көтеретін құрылғының кө­мегімен дәріханаға барып, кері қайтуларына болады. Бұл құрыл­ғыны орнатпас бұрын сарапшылар ретінде мүгедектердің өздері шақырылады.

Семинарға келген топ жұмыс сапары барысында Ерекше білім беруді талап ететін балаларға ар­налған психологиялық-педа­гогикалық түзету орталығында болып, әлеуметтік-тұрмыстық бейімдеу, дефектология, психология, логопед кабинеттері және Монтессори бөлмесі, емдік дене шынықтыру залдарымен таныс­ты. Орталыққа есту, көру, сөйлеу, ойлау қабілеті, тірек-қи­мыл аппараты бұзылған балалар келеді. Бұл жерде қызмет жасайтын әр ма­ман кабинеттерінің қызметі жай­лы айтып, жабдықтар мен әдіс­темелік әдебиетті көрсетті. Се­минарға келушілерді топырақ те­рапиясы, «Дэльфа» құрыл­ғы­сы, логопедиялық аумақтар, Мон­­тессори жабдықтары қызық­тырды.

− Ал түзету-дамыту сабақ­тарында балалар күн сайын 70 минут шұғылданады. Біз туғаннан бастап жеті жасқа дейінгі балалармен жұмыс істейміз. Орталыққа келген қонақтардың бірі церебралды сал ауруына шалдыққан 6 жасар Дмитрий Казимцовтің қасына аялдады. Сол екен, Дима салған суретін сыйға тартып, қолтаңба ретінде Д әрпін жазды. Бұл біздер үшін толқынысты сәт, − дейді орталық қызметкері Динара Қайсина.

Бұл күні семинар жиынмен қатар С.Торайғыров атындағы мем­лекеттік университетте «ТОМ: Kazakhstan» жобасын жү­зе­ге асы­ру бойынша алғашқы шара өт­кізілді.

− «ТОМ: Kazakhstan» – мүм­кіндігі шектеулі жандардың өмірін жақсартуға арналған. 2014 жылдан бері АҚШ, Аргентина, Ұлы­британия, Израиль, Бра­зилия, Канада, Австралия мен Вьет­намда ұйымдастырылып келді, − дейді Тель-Авив университеті кәсіпкерлік орталығының директоры Елена Донец.

«TOM: Kazakhstan» жоба­сын Павлодар облысында іске асыру», еліміздегі Тель-Авив уни­верситеті «Достар» қауым­дас­ты­­ғының вице-президенті Сәния Ара­­пованың айтуынша, жоба мүмкіндігі шектеулі жандардың күнделікті түйткілді мәселелерін шешуге бағытталған. Мұнда шеберлер мен мүгедек жандар жұмыс істейді. Мысалы, мү­ге­дектердің облыстық ерікті қо­ғамдық бірлестігінің басшысы Георгий Четвериков бас­та­масымен мүгедек жандар шағын автобустарға орнатылған мү­гедектерге арналған арбадан тү­сіп-шығудың өзіндік жүйесін жа­сап шыққан. Вице-министр С.Жақыпова бастаған делегация келген кезде осы құрылғының алғаш­қы рет іске қосылып, жүр­генін көрсетті. Арбада отырған мү­ге­дектер көлікті енді өздері жүргізе алады.

− Бұл жаңалық емес шы­ғар. Кеңес өкіметі кезінде мүге­дектерге көліктер берілетін. Қа­зір де мүгедектер жасайтын жобаларды жүзеге асыруға же­ңілдіктер берілгені қажет-ақ , − дейді Г.Четвериков.

Облыс орталығындағы «Са­мал» сауықтыру орталығы сал ауруы­на шалдыққан балаларды емдеумен 20 жылдан бері ай­налысып келеді. Орталықта 54 қызметкер жұмыс істейді, 180-дей бала бар, олардың 105-і мүмкіндігі шектеулі жет­кін­шек, 75 балғын шағын орт­алыққа ба­рады. Осы жылдар ішінде ор­талық 4,6 мыңнан астам бала ден­саулығын сауықтырды.

− Сіздер өте үлкен қайырымды жұмыс жасап жатырсыздар, − деді Светлана Жақыпова орталық қызметкерлеріне.

Өткен жылы облыстық әкім­діктің қолдауымен «Жұмыспен қам­тудың жол картасы-2020» бағ­дарламасы шеңберінде қала­дағы қажетті ғимараттарға 37,5 миллион теңгеге жөндеу жұ­мыстары жүргізіліп, қазір бұл жер­лерде Аутист балалар ата-аналарының ассоциациясы мен «Алтын Бата» қоры жұмыс іс­теуде. Балалар орталықта ар­тикуляциялық жаттығумен оқы­тылады.

− Баламен үнемі қарым-қаты­наста болу керек. Көп нәрсе ата-аналарға байланысты. Балаларды аутизм жағдайынан шығару үшін еңбектенудеміз,–дейді пав­лодарлық аутист балалар ата-аналары ассоциациясының құ­рыл­тайшы-директоры Дамира Абд­рахманова.

Облыстық үйлестіру және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балтабай Қаппасовтың айтуынша, облыста 28 мыңнан астам мүгедек тұрады. Негізінен барлық мемлекеттік мекемелердің мүмкіндігі шектеулі жандар үшін есіктері ашық. Жеке меншік ны­сандардың иелері де бұл мақ­сатты іске қосылатындығына сенімді. Облыс бюджетінен мүгедектерді оңалтуға биыл 2748 9 теңге бө­лініпті. Мүгедектерге әлеу­мет­тік қызметтер көрсетіледі. Был­­тыр облыстық бюджет қара­жаты есебінен Шарбақты ауданы, Шалдай ауылында жүйке ауруларын емдейтін, Май ауданында аудандық аурухана негізінде аяқ-қолдарының кемтарлығы бар жандарға арналған оңалту орталығы ашылды. Облыстық бюджет қаражаты есебінен жо­ғары оқу орындары мен колледж­дерде мүмкіндігі шектеулі 135 студент білім алады. Өзді­гімен оқу орнына бара алмай­тын 440 бала үйде оқиды. Оларға тоқсан сайынғы 6 АЕК мөл­шерінде жәрдемақы беріледі. Қосымша қаражатқа 467 арба сатып алынды. Көрсетілетін қызмет сапасы жақсарып келеді.

Семинарға қатысушылар мүм­кіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруына кедергісіз орта жасау, жергілікті билік орын­да­рының мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуы, инклюзивті білім беруді дамыту, үйде арнайы әлеуметтік қызмет көрсету, сонымен қатар, бас бостандығынан айырылған адамдарды жазасын өтеп жүрген жерлерінде жұ­мысқа орналастыру сияқты мә­селелерді талқылап, үкіметтік емес ұйымдармен серіктестікте мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде оңалту бойынша жұмыс тәжірибелерімен бөлісті.

Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы