• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 24 Мамыр, 2017

Ғалым ұстазға құрмет

412 рет
көрсетілді

Жуықта Л.Н.Гуми­лев атын­дағы Еу­ра­зия ұлт­тық уни­вер­си­­тетінің Журналис­тика және саясаттану факультетінде мерей биігіне кө­теріліп отырған осы оқу орнының доценті, кафедра меңгерушісі филология ғылымдарының кандидаты Айтмұхамет Есдәулетовке құрмет көрсетілді. Осы жөнінде ұйымдастырылған басқосуға елімізге танымал бірқатар азаматтар, ғалымдар, ақын-жазушылар және университет оқытушылары мен талантты шәкірттер қатысты.

Басқосуды ашқан факультет деканы, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Қайрат Сақ мерейгердің ғалым, ұстаз ретіндегі қызметіне қыс­қаша шолу жасап өтті. «Айтмұхамет Ораз­байұлы – Астана қаласында журналистика мектебінің қалыптасып, дамуына айрықша үлес қосқан санаулы саңлақтарымыздың бірі. Беделді білім ордасы Еуразия ұлттық университетінде «Журналистика» кафедрасының өркен жайып, қанат қағуына ерен еңбек сіңірген марқасқа. Ресейді айтпағанда, Америка құрлығына бір емес, бірнеше рет барып, алпауыт елдің журналистикасын зерттеп қана қоймай, өз білгенін шәкірттер құлағына құйып, бәсекеге қабілетті маман дайындауға ерекше ұмтылыс танытып келеді. Thomson Reuters тізіміне енген ғылыми әлеуеті жоғары журналда мақала жариялап, монографиясын ағылшын тілінде Америкада басып шы­ғарған факультетіміздің маңдайалды ғалымы», деді.

Университет ректоры Ерлан Сады­қовтың құттықтау хатын оқу орнының проректоры белгілі ғалым, профессор Дихан Қамзабекұлы оқыды. Со­нымен қатар, университеттің ғылыми кеңесінің шешімімен А.Есдәулетовке оқу орнының ең жоғарғы марапаты – Күлтегін медалінің берілгендігін айтып, осы марапатты кеудесіне қадады.

Мұнан кейін мерейгер туралы тү­сірілген шағын деректі фильм көрсетілді.

Сөз кезегін алдымен алған Парла­мент Мәжілісінің депутаты, қазақ кө­сем­сөзінде соны соқпақ салған еліміз­ге танымал журналист, публицист, ға­лым Сауытбек Абдрахманов А.Ес­дәулетовтің журналис­тика саласындағы оқытушылық, ұстаз­дық қызметіне тоқтала келе, оның қоғам­дық ортада қа­лыптасқан тұлғасы туралы өз ойларын өрбітті. «Қазаққа Есдәу­ле­тов деген фами­лияны алғаш та­ныт­қан Айтмұхаметтің ағасы Ұлықбек Есдәу­летов екені бел­гілі. Алайда Айтмұ­хамет Ұлықбектің көлеңкесінде қалмай, өзін жаңа қырдан таныта білді. Оның ұзақ жылғы ғылыми және ұстаздық қызметі мен осы салада жеткен жетістіктері соның дәлелі», деді.

Қазақ журналистерінің бірнеше буынын тәрбиелеген белгілі ғалым Намазалы Омашев, есімі елімізге кеңінен танымал ғалым, алаштанушы Тұрсын Жұртбай, белгілі саясаттанушы ғалым, профессор Нәубат Қалиев, тарихшы ғалым, профессор Қырықбай Аллаберген, факультеттің Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі, тележурналистер ұстазы Аязби Бейсенқұлов, филология факультетінің профессоры, фи­лология ғылымдарының докторы Рахымжан Тұрысбек, жазушы Тұр­лыбек Мәмесейіт және басқалар сөз алып, А.Есдәулетовтің ғылыми шы­ғарма­шылық, ұстаздық қызметіне, адамгер­шілік, азаматтық бейнесіне сан қырынан тоқталып өтті.

Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітір­геннен кейін бірқатар жылдар журналист ретінде жемісті қызмет ат­қар­ған Айтмұхамет Есдәулетовтің өзі­нің алғашқы ұстаздық қызметін атал­ған университеттің қабырғасында бастағандығы белгілі. Осы университетке сіңірген еңбегін ондағы әріптестері де ұмытпаған екен, мына жақтағы жиынға арнайы өкілдерін жіберіпті. Осы бойынша сөз алған ҚазМУ-дің Журналистика факультетінің кафедра меңгерушісі Жетпісбай Бекболатұлы осы оқу орнының ғылыми кеңесінің шешімімен берілген жоғарғы марапаты – әл-Фараби медалін А.Есдәулетовтің төсіне қадады.

Мерейгерді Е.А.Бөкетов атын­да­ғы Қарағанды мемлекеттік универ­сите­тіндегі ұстаздар қауымы атынан осындағы журналистика кафе­дра­сының профессоры Вера Әбішева құт­тықтады.

Құттықтау салтанаты барысында ЕҰУ Журналистика және саясаттану фа­культеті Баспасөз және баспа ісі ка­фе­драсының күшімен дайындалған «Журналист. Редактор. Баспагер» атты жаңа басылымның тұсауы кесілді. Бұл ба­сылымның жеке бір тарауы А.Есдәу­летов­тің ғылыми-ұстаздық қызме­тіне арналған.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»