• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
08 Желтоқсан, 2016

Қазақстан республикасы жоғарғы сотының нормативтік қаулысы №8

361 рет
көрсетілді

2016 жылғы 25 қараша Соттардың Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын азаматтық істер бойынша  қолдануының кейбір мәселелері туралы Соттардың Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын азаматтық істер бойынша біркелкі қолдануын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді: 1. Экологиялық заңнама Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінен (бұдан әрі – ЭК), «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы», Жер, Орман және Су Кодекстерінен, «Халықтың радиациялық қауіпсіздігі туралы» 1998 жылғы 23 сәуірдегі № 219-I (бұдан әрі – Радиациялық қауіпсіздік туралы заң), «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» 2001 жылғы 16 шілдедегі № 242-ІІ, «Жануарлар дүниесін қорғау, олардың өсімін молайту және пайдалану туралы» 2004 жылғы 9 шілдедегі № 593-II (бұдан әрі – Жануарлар дүниесін қорғау туралы заң), «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» 2006 жылғы 7 шілдедегі № 175-ІІІ (бұдан әрі – Ерекше қорғалатын аумақтар туралы заң), «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» 2010 жылғы 24 маусымдағы № 291-IV (бұдан әрі – Жер қойнауы туралы заң) Қазақстан Республикасының Заңдарынан және өзге де нормативтік құқықтық актілерден тұрады. 2. ЭК-нің нормалары қоршаған ортаны қорғау саласындағы қатынастарды реттейтін халықаралық шарттардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де заңдарының нормаларына қайшы келген жағдайда, ЭК-нің қолдану қағидалары 2-бабының 2 және 3-тармақтарында көзделген.Экологиялық заңнама табиғат объектілерін күзету, молайту, пайдалану, қорғау және адамның өмірі мен денсаулығын қорғау жөніндегі қатынастарды реттейді. Қоршаған ортаны қорғау ұғымы ЭК-нің 1-бабының 46) тармақшасында берілген. ЭК-де реттелмеген бөлігінде шаруашылық қызметте пайдаланылмайтын ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жер қойнауын, суын, ормандарын және өзге де табиғи ресурстарын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 2 маусымдағы № 734 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Қызыл кітабын жүргізу қағидаларына енгізілген жануарлар мен өсімдіктерді қорғау және пайдалану мәселелері жануарлар дүниесін қорғау туралы, ерекше қорғалатын аумақтар туралы, жер қойнауы туралы заңдармен, басқа да арнайы заңдарымен, нормативтік құқықтық актілерімен реттеледі. 3. Қазақстан Республикасында табиғи ресурстар жалпы не арнайы табиғат пайдалануында болуы мүмкін (ЭК-нің 10-бабы). Табиғат пайдалану құқығы объектісі деп табиғи түрде оқшауланған (жергілікті жерде оның шекараларын белгілеу арқылы, «заттай») табиғи ресурстардың жеке белгілі бір бөліктерін (жер учаскесі, су объектісі, орман қорының учаскесі және тағы басқа) түсінген жөн. Жалпы табиғатты пайдалану кезінде халық өмірлік қажетті сұраныстарды қанағаттандыру үшін, экологиялық заңнамада көзделген шектеулерді қоспағанда, табиғи ресурстарды оқшауланған пайдалануға берместен қоршаған орта объектілерін тұрақты және өтеусіз негізде пайдалануды жүзеге асыруға құқылы. Арнайы табиғат пайдаланудың анықтамасы ЭК-нің 10-бабының 4-тармағында қамтылған. Шаруашылық және өзге де қызмет түрлерін жүргізу процесінде қоршаған ортаға эмиссияларды табиғат пайдаланушылар ЭК-да және өзге де заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен арнайы рұқсаттар негізінде және ақылы шарттармен жүзеге асырады. Сонымен, қоршаған ортаға эмиссиялар үшін төлемақы табиғи ресурстардың жекелеген түрлерін пайдаланғаны үшін міндетті төлемдер сияқты Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленеді (ЭК-нің 101-бабының 1-тармағы, 102-бабы). 4. Табиғат пайдаланушылардың, олардың түрлерінің анықтамалары ЭК-нің 1-бабының 71) тармақшасында және 11-бабында, қоршаған ортаға эмиссиялар ЭК-нің 1-бабының 43) тармақшасында қамтылған. Қоршаған ортаға эмиссияларға белгіленген лимиттер, яғни белгілі бір мерзімге және объектінің санатына қарай қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган не облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары белгілейтін қоршаған ортаға эмиссиялардың нормативтік көлемі шегінде жол беріледі. Нәтижесінде қоршаған ортаға эмиссияларға жол берілетін шаруашылық және өзге де қызметті жүзеге асыратын табиғат пайдаланушылар ЭК-нің 69-бабының 1-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, эмиссиялардың нақты түрлерін жүзеге асыруға арнайы табиғат пайдалануға арналған лицензияны және (немесе) экологиялық рұқсатты не кешенді экологиялық рұқсатты алуға міндетті, оларды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган не облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары ұсынған өтініш негізінде береді (ЭК-нің 12-бабының 3-тармағы, 20, 68, 69 және 79-баптары). Шаруашылық және өзге де қызметті қоршаған ортаға эмиссияларға экологиялық рұқсатсыз (кешенді экологиялық рұқсатсыз) жүзеге асыру не мұндай рұқсатты уақтылы ресімдемеу экологиялық заңнамада көзделген жауаптылыққа әкеледі және шаруашылық және өзге қызметті тоқтата тұру не қоршаған ортаны ластау көзі болып табылатын объектіні пайдалануды тоқтата тұру үшін негіз болып табылады. 5. Рұқсат табиғат пайдаланушының қоршаған ортаға эмиссияларға құқығын куәландыратын, өзі және ол жүргiзiп отырған шаруашылық және өзге де қызмет туралы мәлiметтердi, рұқсаттың қолданылу мерзiмiн, табиғат пайдалану шарттарын, сондай-ақ рұқсаттың қолданылуы кезеңiне арналған қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi іс-шаралар жоспарын қамтитын құжаттар жиынтығын білдіреді (ЭК-нің 1-бабының 98) тармақшасы, 70-бабы). Кешенді экологиялық рұқсат табиғат пайдаланушының экологиялық заңнамада белгіленген ең үздік қолжетімді технологияларды енгізу және эмиссиялардың техникалық үлестік нормативтерін сақтау шартымен қоршаған ортаға эмиссияларды жүзеге асыруына құқығын куәландыратын бірыңғай құжат болып табылады. Қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсаттар (кешенді рұқсаттар) өндіріс объекті­лерінің санаттарына және қызмет түрлеріне қарай белгілі бір мерзімге не мерзімсіз және қолданыстағы рұқсатта көрсетiлген табиғат пайдаланудың қолданылатын технологиялары мен шарттары өзгергенге дейiн беріледі (ЭК-нің 76, 79-баптары). Заңда қоршаған ортаға жүктемені арттыруға әкеп соқтырмайтын, табиғат пайдаланушының атауын немесе ұйымдық-құқықтық нысанын өзгерткен, ол қайта ұйымдастырылған жағдайларда қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсатты қайта ресiмдеуге бір ай мерзім көзделген (ЭК-нің 78-бабының 1-тармағы). Қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсатты үшінші тұлға қоршаған орта объектілерін пайдалануға құқықты сатып алған кезде қайта ресімдеу осы шарттарға сәйкес жүзеге асырылады. Табиғат пайдаланушының эмиссияларға рұқсатты қайта ресімдеу жөніндегі міндеттерді орындамауы қоршаған ортаға эмиссияларды заңсыз жүзеге асыру деп санаған жөн. Табиғат пайдаланушыны қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсаттан айыру сот тәртібімен ғана жүзеге асырылуы мүмкін. 6. ЭК-нің 12-бабының 1 және 2-тармақтарына сәйкес табиғи ресурстарды пайдалану (алып қою) және қоршаған ортаны қорғау саласындағы жекелеген қызмет түрлерін қоршаған ортаға эмиссияларсыз жүзеге асыру экологиялық рұқсатты талап етпейді және лицензиялар немесе рұқсаттар, Үкіметтің немесе жергілікті атқарушы органдардың табиғи ресурстарды заңдарда белгіленген тәртіппен беру туралы шешімдері не заңнамалық актілерде белгіленген тәртіппен жасалатын табиғат пайдалануға арналған шарттар (келісімшарттар) негізінде, арнайы табиғат пайдалану құқығы шеңберінде жүзеге асырылады. 7. Қоршаған ортаны ластау ұғымы ЭК-нің 1-бабы 48) тармақшасында берілген. Қоршаған ортаны ластаудың түрлері мыналар болып табылады: химиялық, механикалық (бітеліп қалу), биологиялық және радиоактивті (жұқтыру), табиғи (радиациялық, акустикалық немесе электромагниттік сәулелену, діріл және өзге де зиянды физикалық әсер ету). Экологиялық заңнаманы қолданған кезде қоршаған орта сапасының рұқсат етілген нормативтерінен асатын не тіпті олардан аспаса да, бірақ кейіннен оған елеулі зиян келтірген ластау заңды маңызы бар болып табылатындығын ескерген жөн. Қоршаған ортаның жекелеген объектілерін ластаудың нақтыланған ұғымдары заңнамада қамтылған. Қоршаған орта сапасының нормативтері деп қоршаған орта жағдайының және табиғи ресурстардың адамның өмірі мен денсаулығы үшін қолайлы жағдайын сипаттайтын көрсеткіштері түсіндіріледі. Қоршаған ортаны ластаудың негізгі түрлері мыналар болып табылады: қоршаған ортаны қорғау саласында белгіленген нормалар мен қағидаларды бұза отырып жүзеге асырылатын шаруашылық және өзге қызмет; авариялар, апаттар мен дүлей зілзалалар; қалдықтарды елдің аумағына орналастыру. Қоршаған ортаға зиянды заттардың эмиссиялары жүретін объектілер ластау көздері болады. Істердің осы санатын қараған кезде сол немесе өзге жабдық (аппарат, қондырғы, агрегат) өзінің арналуын, технологиялық сипаттамаларын және орындайтын жұмысын, табиғи габариттерін және басқа да көрсеткіштерді негізге ала отырып, ластаушы заттар эмиссиялары көздерінің қай түріне (жылжымалы немесе стационарлық) жататындығын анықтау қажет. Сонымен, ЭК-нің 1-бабының 65-3) тармақшасына ұқсас осы қондырғыны алып жүретін көлік құралына құрылымдық тұрғыдан бекітілген бұрғылау қондырғысы жылжымалы көздерге жатпайды, себебі қондырғының тікелей жұмыс процесі (бұрғылау) көлік құралы тоқтаған кезде, яғни стационарлық жағдайда жүреді. 8. Экологиялық құқық бұзушылыққа экологиялық заңнаманы бұзатын және қоршаған ортаға, адамның денсаулығы мен өміріне, жеке және (немесе) заңды тұлғалардың, заңды тұлғаны құрмастан дара кәсіпкерлердің мүлкіне, мемлекетке зиян келтіретін не мұндай келтірудің нақты қатерін тудыратын әрекет (әрекетсіздік) жататындығы түсіндірілсін. Қоғам мен табиғаттың өзара іс-қимылы саласындағы қоғамдық қатынастар, табиғат пайдалану саласындағы басқарушылық қатынастар, қоршаған ортаны жойылудан, жұтаңданудан, бүлінуден, ластанудан және өзге де зиянды әсерден қорғау объектілері ретіндегі табиғи ресурстарға меншік құқығының және өзге де құқықтардың қатынасы, соған орай туындайтын және осы құқықтық қатынастар субъектілерінің қызметі жүзеге асырылатын қоршаған орта және онымен табиғи өзара байланыста болатын оның жекелеген компонеттері, сондай-ақ адамның өмірі мен денсаулығы, жеке және (немесе) заңды тұлғалардың, заңды тұлғаны құрмастан дара кәсіпкерлердің мүлкі, мемлекеттік мүдделер экологиялық құқық бұзушылық объектілері болып табылады. 9. Кез келген жеке және заңды тұлғалар: мемлекеттік және мемлекеттік емес, резиденттер мен резидент еместер ластау субъектілері (зиян келтірушілер) деп танылуы мүмкін. Қоршаған ортаға, азаматтардың өмірі мен денсаулығына, жеке және (немесе) заңды тұлғалардың, заңды тұлғаны құрмастан дара кәсіпкерлердің немесе мемлекеттің мүлкіне экологиялық заңнаманы бұзу салдарынан зиян келтірген жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексі (бұдан әрі – АК) 917-бабының 2-тармағына сәйкес зиян өздерінің кінәсінен келтірілмеген жағдайларды қоспағанда, келтірілген зиянды өтеуге міндетті. 10. Экологиялық заңнаманы бұзу мүліктік (азаматтық-құқықтық), әкімшілік, қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады. ЭК-нің 321-бабының 2-тармағына сәйкес қоршаған ортаға, азаматтардың өмірі мен денсаулығына, жеке және (немесе) заңды тұлғалардың, заңды тұлғаны құрмастан дара кәсіпкерлердің, мемлекеттің мүлкіне: табиғи ресурстарды жою және бүлдіру, оның ішінде келісілмеген дүркін-дүркін шығарындылар мен төгінділер, өндіріс пен тұтыну қалдықтарын орналастыру; табиғи ресурстарды заңсыз және ұтымсыз пайдалану; өз бетінше эмиссиялар; қоршаған ортаға нормативтен тыс эмиссиялар салдарынан келтірілген залал өтелуге тиіс. ЭК-нің 1-бабының 42) тармақшасына сәйкес қоршаған ортаға келтiрiлетiн залал деп табиғи ресурстардың жұтаңдануы мен сарқылуын немесе тiрi организмдердiң қырылуын туындатқан немесе туындататындай етiп қоршаған ортаны ластау немесе табиғи ресурстарды белгiленген нормативтерден, оның ішінде тиісті түрде ресімделген рұқсат болмаған кезде артық алу не қоршаған ортаның табиғи жай-күйін бұзу түсініледі. Қалдықтарды нормативтен тыс орналастыру, ластаушы заттарды, қалдықтарды және ағын сулардың төгінділерін орналастыру үшін жабдықталған және арналған объектілерге нормативтен тыс төгу жағдайлары, сондай-ақ химиялық заттардың түсуі немесе ағын сулардың жерүстін, жер қойнауын және жерасты суларын ластауды болдырмайтын қорғаныс құрылыстарымен шектелген өндірістік алаңдарға ағу жағдайлары қоршаған ортаға залал ретінде қарастырылмайды. Ілеспе газды қайта өңдеуді дамыту бағдарламаларынан, сондай-ақ жобалық құжаттамадан және қоршаған ортаға эмиссиялардың нормативтері жобаларынан, оның ішінде табиғат пайдаланушы мемлекеттік экологиялық сараптамаға (бұдан әрі – МЭС) берген және зиянды заттардың рұқсат берілген санынан және шекті рұқсат етілген эмиссиялардың нормативтерінен асып түсуге әкелмейтін газ жағу сценарийлерінің және (немесе) кестелерінің өзгеру жағдайлары өз бетінше және нормативтен тыс эмиссияларға жатпайды (ЭК-нің 321-бабының 7, 8 және 9-тармақтары). «Міндетті экологиялық сақтандыру туралы» 2005 жылғы 13 желтоқсандағы № 93-III Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Экологиялық сақтандыру туралы заң) 7-бабы 1-тармағының талаптарына сәйкес шаруашылық және өзге де қызметтің экологиялық қауіпті түрлерін жүзеге асыратын жеке және (немесе) заңды тұлғалар, заңды тұлғаны құрмастан дара кәсіпкерлер өз қызметін міндетті экологиялық сақтандыру шартын жасаспай жүзеге асыруға құқылы емес. Мұндай заңды тұлға біреуден көп болған кезде, көрсетілген шарт объектінің барлық иелерін сақтандырылушылар ретінде сақтандыру полисінде міндетті түрде көрсете отырып, олардың кез келген біреуімен жасалады. 11. Соттардың табиғи ресурстарды жою және бүлдіру және табиғи ресурстарды заңсыз және ұтымсыз пайдалану ұғымдарын былайша түсінгені жөн: табиғи ресурстарды жою және бүлдіру – қоғамдық-қатерлі салдардың қауіптілік дәрежесін ескере отырып, бұл олардың өздерінің ерекше шаруашылық, тауар, ландшафты-рекреациялық және экожүйелік (суды реттейтін, топырақты қорғайтын, климат құрайтын және басқалары) құндылықтарын толық жоғалтуы, оларды қалпына келтіру мүмкін емес немесе жерді рекультивациялау, ағаш егу, түбін тазарту және басқа да жұмыстар жүргізуді талап етеді не оның топырақты үстіңгі ластанудан жоспарлау және шалғындандыру жөніндегі жұмыстарды жүргізу арқылы қалпына келтіруге не табиғи ресурстың өзін өзі қалпына келуіне жол берілетін олардың өздерінің ерекше құндылығын ішінара жоғалтуы; табиғи ресурстарды заңсыз және ұтымсыз пайдалану – ЭК-нің 12-бабында белгіленген тәртіппен алынатын арнайы табиғат пайдалануға арналған рұқсатсыз, шартсыз (келісімшартсыз), жер учаскесін (келісімшарт аумағын) пайдалану немесе иелену құқығына арналған актісіз, ағаш кесу билетінсіз немесе қосалқы орман пайдалану ордерінсіз жасалған; не рұқсат етілген арнайы табиғат пайдалану, бірақ салақтық және технологиялық деңгейінің төмендігі салдарынан табиғи ресурстардың ерекше құндылығын азайтуға әкелген әрекет. Нормативтен тыс эмиссиялар және өз бетінше эмиссиялар анықтамалары тиісінше ЭК-нің 1-бабының 56-1) және 61-1) тармақшаларында бар. Бұл ретте инструментальдық, талдамалық немесе есеп айырысу әдістерімен мемлекеттік бақылау барысында анықталған және ведомстволық және өндірістік бақылауда тіркелмеген ластаушы заттардың шығарындыларының, төгулерінің және оларды орналастырудың белгіленген лимиттерінен асып кетуінен болған қоршаған ортаға эмиссиялар да қоршаған ортаға өз бетінше эмиссия болып табылады. Қоршаған ортаны авариялық ластау ұғымы ЭК-нің 1-бабының 49) тармақшасында, Экологиялық сақтандыру туралы заңның 1-бабының 2) тармақшасында берілген. 12. Қоршаған ортаға келтірілген зиянның өтелуі туралы талап қоюлар уәжді болуы керек, материалдық және процестік құқық нормаларына сілтемелерді, шынайы залал­дың дәлелдемелері мен кінәлі адам мен келтірілген залал арасындағы құқыққа қарсы әрекеттер (әрекетсіздік) арасындағы себептік-тергеу байланыстарын қамтуға тиіс. Соттар зиянды салдарлар басталғандығы туралы куәландыратын мән-жайларды нақтылауға тиіс. Атап айтқанда, қоршаған ортаны ластау немесе табиғи ресурстардың жұтаңдануына және сарқылуына немесе тірі организмдердің жойылуына әкелген белгіленген нормативтерден артық табиғи ресурстарды алып қою орын алған-алмағандығын. Сол сияқты жасалған экологиялық құқық бұзушылықтың өзге де мән-жайларын белгілеуге шаралар қолдану қажет. 13. Жалпы қағида бойынша кінә қоршаған ортаға зиян келтіргені үшін мүліктік жауаптылыққа тартуға негіз болып табылады (АК-нің 917-бабының 1-тармағы). Жекелеген жағдайларда қоршаған ортаға келтірілген зиян үшін жауаптылықты зиян келтірушінің кінәсінің бар-жоғына қарамастан жүктеуге жол беріледі. Сонымен теңізде мұнай операцияларын жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы теңізді ластаған жағдайда, егер зиян еңсерілмес күштің салдарынан немесе жәбірленушінің пиғылы салдарынан болғандығын дәлелдей алмаса, кінәсінің бар-жоқтығына қарамастан жауапты болады (Жер қойнауы туралы заңның 93-бабының 4-тармағы). Сол сияқты АК-нің 931-бабының 1-тармағына, ЭК-нің 321-бабының 5-тармағына сәйкес қызметі қоршаған ортаға жоғары қауіптілікпен байланысты жеке және (немесе) заңды тұлғалар, заңды тұлғаны құрмастан дара кәсіпкерлер, егер зиянның еңсерілмейтін күш немесе жәбірленушінің теріс пиғылы салдарынан туындағанын дәлелдей алмаса, келтірілген залалды олардың кінәсінің бар-жоқтығына қарамастан өтейді. Егер жауаптылығы міндетті экологиялық сақтандыруға жататын сақтанушы қызметі үшінші тұлғаларға зиян келтіру қауіптілігіне байланысты объект иесі ретінде сақтандырылса, онда міндетті экологиялық сақтандыру шарты қоршаған ортаға зиян келтіргені үшін азаматтық-құқықтық жауаптылықты сақтандыру бөлігінде жасалады (Экологиялық сақтандыру туралы заңның 1-бабының 2-тармағы). Жеке немесе заңды тұлғаның, заңды тұлғаны құрмастан дара кәсіпкердің қызметінің қоршаған орта үшін қауіптілігінің жоғары болатындығын-болмайтындығын сот экологиялық заңнаманың ережелерін, оның ішінде «Шаруашылық және өзге де қызметтің экологиялық қауіпті түрлерінің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 21 қаңтардағы № 27 бұйрығының ережелерін ескере отырып шешеді. 14. Бірнеше адам бірлесіп қоршаған ортаға зиян келтірген кезде АК-нің 932-бабына сәйкес оларға ортақ жауаптылық жүктеледі. Талап қоюшының өтініші бойынша кінәлі адамдарға, егер өндіріп алудың мұндай тәртібі қоршаған ортаны қорғау мүдделеріне сәйкес келсе, келтірілген зиянды тиімді және толық өтеуді қамтамасыз етсе, үлестік жауаптылық жүктеуге болады. Сот кінәлі адамдарға үлестік жауаптылықты жүктей отырып, олардың әрқайсысының кінәлілік дәрежесін ескеруге тиіс. Әрбір зиян келтірушінің кінәсінің дәрежесін анықтау мүмкін болмаған жағдайда жауаптылық мөлшері үлестердің теңдігін ескере отырып белгіленеді. Бірнеше адам экологиялық құқықты бұзған кезде келтірілген зиян үшін ортақ, не үлестік жауаптылықты жүктеуге көрсетілген адамдардың бірлесіп қатысқаны анықталған эпизодтар бойынша ғана рұқсат етіледі. Сот АК-нің 935-бабының 5-тармағына сәйкес зиян келтірушінің мүліктік жағдайын және зиянды заңды тұлға, заңды тұлғаны құрмастан дара кәсіпкер келтірген не жеке тұлғаның қасақана әрекеттерімен келген жағдайларды қоспағанда, зиянды өтеу мөлшерін азайтуды назарға алуға құқылы. 15. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган және қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды қорғау, олардың өсімін молайту және пайдалану саласындағы арнайы уәкілеттік берілген мемлекеттік органдар, олардың аумақтық бөлімшелері, өзінің құзыреті шегінде мемлекеттік органдар, жеке немесе заңды тұлғалар, заңды тұлға құрмастан дара кәсіпкерлер, прокурорлар өздерінің өкілеттіктері шегінде қоршаған ортаға келтірілген залалды өтеу, сондай-ақ жеке немесе заңды тұлғалардың қоршаған ортаға, адамның өмірі мен денсаулығына теріс әсер ететін шаруашылық және өзге де қызметін шектеу, тоқтата тұру және тоқтату туралы істер бойынша талап қоюшы болуы мүмкін. Жеке тұлғалар сотқа экологиялық заңнаманың бұзылуы салдарынан өздерінің өмірі мен денсаулығына, мүлкіне келтірілген зиянды өтеу туралы талаптар, кәсіпорындарды, құрылыстар мен өзге де экологиялық қауіпті объектілерді орналастыру, салу, реконструкциялау және пайдалануға беру туралы шешімдердің күшін жою туралы, сондай-ақ жеке немесе заңды тұлғалардың, заңды тұлғаны құрмастан дара кәсіпкердің қоршаған ортаға, адамның өмірі мен денсаулығына теріс әсер ететін шаруашылық және өзге де қызметін шектеу және тоқтату туралы талаптар қоюға құқылы (ЭК-нің 13-бабы). Қоғамдық бірлестіктердің ЭК-нің 14-бабына сәйкес жеке немесе заңды тұлғалардың, заңды тұлғаны құрмастан дара кәсіпкерлердің қоршаған ортаға, адамның өмірі мен денсаулығына теріс әсер ететін шаруашылық және өзге де қызметін шектеу, тоқтата тұру және тоқтату туралы шешімдерді сот тәртібімен күшін жоюды талап етуге, экологиялық заңнаманы бұзу салдарынан сотқа азаматтардың өміріне, денсаулығына, жеке және (немесе) заңды тұлғалардың, заңды тұлғаны құрмастан дара кәсіпкерлердің мүлкіне келтірілген зиянды өтеу туралы, сондай-ақ жеке және (немесе) заңды тұлғалардың, заңды тұлғаны құрмастан дара кәсіпкерлердің, оның ішінде белгісіз адамдар тобының (actio popularis) қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану мәселелері бойынша құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауға құқығы бар. «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)» Қазақстан Республикасы Кодексінің 541-бабының 8-2) тармақшасына сәйкес талапкерлер (арыз берушілер) қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану мәселелері бойынша жеке және (немесе) заңды тұлғалардың, заңды тұлғаны құрмастан дара кәсіпкерлердің құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін қорғау туралы, оның ішінде белгіленбеген тұлғалар тобының мүдделеріндегі талап қоюлар (арыздар) бойынша арыз берген кезде мемлекеттiк баж төлеуден босатылады. 16. Жеке және заңды тұлғалар МЭС-нің қорытындысын (ЭК-нің 57-бабы) сот тәртібімен даулауға құқылы. МЭС қорытындысын кері қайтарып алуға жол берілмейді, оның қорытындысының күшін жою сот тәртібімен ғана жүзеге асырылады (ЭК-нің 51-бабының 7-тармағы). Міндетті МЭС-ке жататын объектілердің тізбесі ЭК-нің 47-бабында белгіленген. ЭК-нің 51-бабына орай МЭС-нің оң қорытындысынсыз қызметті жүзеге асыру экологиялық заңнаманы бұзу болып табылады. Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 16 ақпандағы № 100 бұйрығымен бекітілген МЭС жүргізу қағидаларының 9 және 13-тармақтарына сәйкес сараптамаға ұсынылатын материалдар басқа құжаттармен қатар қоғамдық пікірді ескеру нәтижелерін де қамтуға тиіс. Өзге де мемлекеттік органдар жүзеге асыратын салалық сараптамалардың қорытындылары, сондай-ақ сырттай сарапшылардың ұсынымдық сипаттағы қорытындылары ескеріледі. МЭС жүзеге асырған кездегі келіспеушіліктер келіссөздер арқылы не сот тәртібімен қаралады (ЭК-нің 58-бабы). Мұндай дауларды шешкен кезде соттар экологиялық заңнаманы, Ақпаратқа кіру, шешімдер қабылдауға жұртшылықтың қатысуы және қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша сот әділдігіне қол жеткізу туралы конвенцияның (Орхус қаласы, 1998 жылғы 25 маусым, «Ақпаратқа кіру, шешімдер қабылдауға жұртшылықтың қатысуы және қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша сот әділдігіне қол жеткізу туралы конвенцияны ратификациялау туралы» 2000 жылғы 23 қазандағы № 92-II Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланды, бұдан әрі – Орхус конвенциясы) ережелерін басшылыққа алғаны жөн. 17. Соттарға қоршаған ортаға, халықтың өмірі мен денсаулығына тiкелей немесе жанама әсер етуі мүмкін болатын кез келген шаруашылық және өзге де қызмет түрлерi үшiн қоршаған ортаға әсер етуді бағалаудың (бұдан әрі – ҚОӘБ) міндеттілігі белгіленгендігі, жүргізу сатысы мен тәртібі ЭК-нің 6-тарауында айқындалғаны түсіндірілсін. ЭК-нің 35 және 38-баптарына сәйкес ҚОӘБ шеңберінде қоршаған орта, адамның өмірі мен денсаулығы үшін шаруашылық және өзге де қызметтің ықтимал салдары бағаланады, қолайсыз салдарларды (табиғи экологиялық жүйелер мен табиғи ресурстардың жойылуы, жұтаңдануы, бүлінуі және сарқылуы) алдын алу, экологиялық заңнаманың талаптарын ескере отырып, қоршаған ортаны сауықтыру жөніндегі шаралар әзірленеді. ҚОӘБ-ны қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстарды орындауға және қызметтерді көрсетуге лицензия алған жеке және заңды тұлғалар жүзеге асырады. ҚОӘБ бойынша жұмыстарды ұйымдастыруды және қаржыландыруды жоспарланып отырған қызметтің тапсырыс берушісі (бастамашысы) қамтамасыз етеді. Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрінің 2007 жылғы 7 мамырдағы № 135-ө бұйрығымен бекітілген Қоғамдық тыңдаулар жүргізу қағидаларына сәйкес ҚОӘБ материалдарын талқылау жөніндегі қоғамдық тыңдаулар ашық жиналыс не сауалнама түрінде жүргізіледі. Басқарушылық, шаруашылық және өзге де қызметпен белгіленген тапсырыс беруші (бастамашы) қоғамдық тыңдаулар өткізілетін уақыт пен жерді жергілікті атқарушы органдармен келіседі және қоғамдық тыңдаулар өткізу туралы хабарландыруды олар өткізілетін жер мен уақытты көрсете отырып, бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды. Хабарландыруды жариялау қоғамдық тыңдаулар өткізілетін мерзімге дейін 20 күн бұрын мемлекеттік және орыс тілдерінде жүзеге асырылуға тиіс. ЭК-нің 57-2-бабына сәйкес іске асырылуы қоршаған ортаға, халықтың өмірі мен денсаулығына тікелей әсер етуі мүмкін жобалар бойынша және МЭС жүргізген кезде қоғамдық тыңдаулар өткізу міндеті, оларды ұйымдастыру, өткізу тәртібі және нәтижелерін тіркеу жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жатқызылған (ЭК-нің 20-бабы). 18. ЭК-нің 14-бабына орай қоғамдық бірлестіктер қоршаған ортаны қорғау саласындағы қызметті жүзеге асырған кезде ЭК-нің 163, 164 және 165-баптарына сәйкес мемлекеттік органдар мен ұйымдардан уақтылы, толық және дұрыс экологиялық ақпарат алуға құқылы. Экологиялық ақпарат беру «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» 2007 жылғы 12 қаңтардағы № 221-ІІІ Қазақстан Республикасының Заңына және Энергетика министрінің 2015 жылғы 23 сәуірдегі № 301 бұйрығымен бекітілген «Экологиялық ақпарат беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына және Энергетика министрінің 2015 жылғы 22 мамырдағы № 369 бұйрығымен бекітілген «Экологиялық ақпарат беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет регламентіне сәйкес жүзеге асырылады. «Мемлекеттік құпиялар туралы» 1999 жылғы 15 наурыздағы № 349-І Қазақстан Республикасы Заңының 17-бабына сәйкес экологияның жай-күйі туралы мәліметтер құпияландыруға жатпайды. Мемлекеттік органдар жұртшылықтың экологиялық ақпарат беру туралы өтініші бойынша оны ЭК 21-тарауының, «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» 2015 жылғы 16 қарашадағы № 401-V Қазақстан Республикасы Заңының және Орхусс конвенциясының 4-бабының талаптарын ескере отырып ұсынуға тиіс. Мүдделі адамдар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 13 қазандағы № 589 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік экологиялық ақпарат қорын жүргізу қағидаларына сәйкес Мемлекеттік экологиялық ақпарат қорынан тиісті экологиялық ақпарат алуға да құқылы. 19. Соттар осы санаттағы дауларды қараған кезде Орхусс конвенциясының 9-бабының ережелері жұртшылық өкілдерінің (жеке және (немесе) заңды тұлғалардың): жұртшылықтың экологиялық ақпаратқа қол жеткізуге құқығын бұзулар; жұртшылықтың жоспарланып отырған шаруашылық қызмет бойынша (ҚОӘБ және МЭС рәсімдері шеңберінде) шешімдерін қабылдау процесіне қатысу құқығын бұзулар; мемлекеттік және мемлекеттік емес органдардың, ұйымдардың, жеке тұлғалардың экологиялық заңнаманы бұзуға байланысты шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасау бойынша қол жеткізу туралы дауларға қолданылатындығын ескеру қажет. 20. АК-нің 126, 1017-баптарының талаптарына орай (қызметтік және коммерция­лық құпия, ашылмаған ақпарат туралы) өтініш берушіге қондырғының қуаты, шикізат базасы, жұмыс ауысымдарының саны, табиғатты қорғау іс-шараларын қаржыландыру және басқа да деректер туралы мәліметтер беруден бас тарты­луы мүмкін. Мәліметтер мен қол жеткізу шектеулі деректерге қатысты эколо­гиялық ақпарат алудан бас тарту мынадай заңнамалық актілерге де: Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне (жедел іздестіру қызметінің құпиясы, тергеу жүргізу және алдын алу тергеу), «Мемлекет­тік статис­тика туралы» 2010 жылғы 19 наурыздағы № 257-ІV (жеке және заңды тұлғаларға бастапқы статистикалық ақпараттың құпиялылығына кепілдіктер), «Ақпа­раттандыру туралы» 2015 жылғы 24 қарашадағы № 418-V (жеке өмірге қолсұқпау­шылықты бұзу) Қазақстан Республикасының Заңдарына негізделуі мүмкін. 21. ЭК-нің 288-бабына сәйкес қызмет процесінде өндіріс және тұтыну қалдықтары түзілетін жеке және (немесе) заңды тұлғалар, заңды тұлғаны құрмастан дара кәсіпкерлер, егер қалдықтармен жұмыс істеу шартын айқындайтын заңнамада немесе шартта өзгеше көзделмесе, олар түзілетін кезден бастап қалдықтармен қауіпсіз жұмыс істеу үшін меншік иелері ретінде жауапты болады. Олар экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауға және қалдықтарды сақтау, кәдеге жарату, залалсыздандыру, сақтау орындарына орналастыру немесе қауіпсіз жою жөніндегі іс-шараларды орындауға міндетті. Қалдықтарды қалпына келтіргенге немесе өңдегенге не көмгенге дейін оларды қауіпсіз сақтау мерзімдері ЭК-нің 288-бабының 3-тармағында айқындалған. Қалдықтарды уақытша орналастыру ұғымы ЭК-нің 1-бабының 30-1) тармақшасында берілген. Соттар ЭК-нің 288-бабының 3-1-тармағына сәйкес қалдықтарды уақытша орналастыру қалдықтарды орналастыру болып табылмайтындығын ескеруге тиіс. Мұндай қалдықтарды сақтау мерзімдерін бұзу оларды түзілген кезден бастап орналастырылған деп тануға әкеледі. Экологиялық заңнамамен қалдықтардың меншік иелеріне қалдықтарды жинаудың орталықтандырылған жүйесін немесе қалдықтарды жинау, кәдеге жарату, қайта өңдеу, сақтау, орналастыру немесе жою жөніндегі операцияларды орындайтын, біліктілік талаптарына жауап беретін субъектілердің қызметтерін пайдалану міндеті не қалдықтарды орналастыру немесе жою жөніндегі операцияларды өз бетімен жүзеге асыру міндеті жүктеледі. Меншік иесінің қалдықтарды мұндай субъектілерге беруі бір мезгілде, егер тараптар өзге шарттармен келісім жасамаса, оларға қалдықтарға меншік құқығының көшуін білдіреді. 22. Қалдықтарды жинау, кәдеге жарату, қайта өңдеу, сақтау, орналастыру немесе жою жөніндегі операцияларды орындайтын және бөгде тараптардан қабылданатын қалдықтарды тасымалдауды жүзеге асыратын жеке және (немесе) заңды тұлғалар, заңды тұлғаны құрмастан дара кәсіпкерлер, егер заңнамада немесе келісімде өзгеше көзделмесе, қалдықтардың меншік иесінің қалдықтарды оларға тиесілі көлік құралына тиеген және оларды жеке немесе заңды тұлға, заңды тұлғаны құрмастан дара кәсіпкер қабылдап алған сәттен бастап және қалдықтарды белгіленген жерде көлік құралынан түсіргенге дейін олармен қауіпсіз жұмыс істеуге жауапты болады. Өндіріс және тұтыну қалдықтарын қалдықтарды жинау, кәдеге жарату, қайта өңдеу, сақтау, орналастыру немесе жою жөніндегі операцияларды орындауға жиынтығында құқықтары жоқ ұйымдарға берген жағдайда қоршаған ортаға эмиссия үшін төлемақы төлеу жөніндегі міндет қызметінің нәтижесінде осындай қалдықтар түзілетін адамдарға жүктеледі. Өндіріс және тұтыну қалдықтарының меншік иелерінің, сол сияқты қалдықтарды жинау, тасымалдау, кәдеге жарату, қайта өңдеу, сақтау, орналастыру немесе жою жөніндегі операцияларды орындайтын субъектілердің жауаптылығы әрбір нақты жағдайда ЭК-нің тиісті тарауларында белгіленген тәртіппен қалдықтардың түріне және қауіптілік дәрежесіне қарай айқындалады. Соттар ЭК-нің 297-бабының мағынасы бойынша жауаптылықтың көлемі мен мөлшеріне шаруашылық қызмет субъектілерінің қалдықтарды кәдеге жаратуға және олардың түзілу көлемін азайтуға бағытталған экологиялық іс-шараларды, оның ішінде қаржы іс-шараларын орындауы әсер ететіндігін ескеруі қажет. 23. ЭК-нің 101-бабына сәйкес қоршаған ортаға эмиссиялар үшін, оның ішінде өндіріс және тұтыну қалдықтарын орналастырғаны үшін төлемақы Салық кодексінің 71-тарауында белгіленген қағидалар бойынша қоршаған ортаға эмиссиялар үшін арнайы табиғат пайдалану тәртібімен белгіленеді және алынады. Қоршаған ортаға эмиссиялар белгіленген тәртіппен ресімделмеген экологиялық рұқсатсыз ластаушы заттарды жылжымалы көздерден шығаруларды қоспағанда, белгіленген нормативтерден артық қоршаған ортаға эмиссиялар ретінде қаралады. Қоршаған ортаға эмиссияларды, оның ішінде белгіленген нормативтерден артық эмиссияларды төлеу жөніндегі салықтық міндеттемелерді орындау табиғат пайдаланушыны қоршаған ортаға келтірілген залалды өтеуден босатпайды (ЭК-нің 101-бабының 5-тармағы). 24. Қоршаған ортаға келтірілген залалды экономикалық бағалауды анықтаған кезде соттар ЭК-нің 108-бабының 1-тармағына сәйкес қоршаған ортаны қалпына келтіру жөніндегі шығындардың құндық мәнін және табиғи ресурстардың тұтыну қасиеттерін негізге алуы тиіс. Атмосфералық ауаны және су, жер ресурстарын ластаудан, сондай-ақ өндіріс және тұтыну қалдықтарын орналастырудан келген залалды экономикалық бағалау келтірілген залалды толық жою қоршаған ортаны қалпына келтіру жөніндегі іс-шаралар арқылы мүмкін-мүмкін емес екендігіне қарай ЭК-нің 108, 109 және 110-баптарына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 27 маусымдағы № 535 қаулысымен бекітілген Қоршаған ортаны ластаудан келтірілген залалды экономикалық бағалау ережесіне (бұдан - әрі Залалды бағалау ережесі) және басқа да құқықтық актілерге сәйкес тура немесе жанама әдістермен айқындалады (ЭК-нің 108-бабының 3-тармағы). Қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына, жеке және (немесе) заңды тұлғалардың, заңды тұлғаны құрмастан дара кәсіпкерлердің мүлкіне, мемлекетке келтірілген залалды құндық бағалауды айқындаған кезде, сондай-ақ тараптар берген есептемелерді тексеру үшін соттар Залалды бағалау ережесіндегі әрбір қоршаған ортаның объектісіне қатысты белгіленген нормативтер мен таксаларды қолдануға тиіс. Егер залалды есептеу тәртібі арнайы нормативтік құқықтық актімен реттелмесе, оның мөлшері келтірілген залалды, оның ішінде жіберілген пайданы ескере отырып, қоршаған ортаның бүлінген жай-күйін қалпына келтіруге арналған іс жүзіндегі шығындар бойынша айқындалады. Атап айтқанда, кең таралған пайдалы қазбаларды (құм, қиыршық тас, саз және басқалары, бұдан әрі – КТҚ) өз еркімен өңдеуден келген залалды экономикалық бағалау өңделген пайдалы қазбалар және (немесе) олардан алынып өндірілген тауар өнімі құнының он еселенген мөлшерінде айқындалады. Берілген есептемелердің дұрыстығына күмән туындаған жағдайда не тараптардың бірі қарсылық білдірген кезде сот қайшылықтарды тексеру және жою мақсатында Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 77 және 82-баптарына сәйкес маманды тартуға немесе тиісті сот сараптамасын тағайындауға құқылы. Табиғат пайдаланушы тиісті рұқсатсыз келтірген залалды бағалау есептемесі Залалды бағалау ережесінің тиісті коэффициентін қолданып, әрбір ластану көзі бойынша жеке-жеке жүргізілуге тиіс. Залалды бағалау ережесіне сәйкес ластаушы заттардың шығарындыларының (төгінділерінің) белгіленген нормативтерінен асуы туралы куәландыратын құралмен өлшеу мен талдаулардың нәтижелері мемлекеттік экологиялық қадағалау барысында жүргізілген соңғы тексеруден бастап ескіру мерзімі аяқталғанға дейінгі кезеңге қолданылады. Залалды бағалау есептемесі азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен жеке шағым жасалуға жатпайтындығын ескерген жөн, себебі есептеме АПК-нің 7-тарауында көзделген тәртіппен іс бойынша басқа да дәлелдемелердің жиынтығымен бағалануға жататын дәлелдеме болып табылады. 25. Залалды экономикалық бағалаудың тура әдісі іс жүзіндегі шығындарды және қоршаған ортаны қалпына келтіру, жұтаңданған табиғи ресурстардың орнын толтыру және тірі организмдерді сауықтыру үшін қажетті неғұрлым тиімді инженерлік, ұйымдық-техникалық және технологиялық іс-шаралар ескеріле отырып айқындалады. Қажетті материалдарды жинауды және талдауды, келтірілген залалды экономикалық бағалауды белгілеуді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органны