– Төлеутай Ысқақұлы, енді ғана Тәуелсіздік алған жас мемлекеттің сыртқы саясаттағы тізгінін кім ұстайды дегенде таңдау сізге түсіпті. Әңгімені әріден бастасақ, сіздің дипломатиялық өтіліңіз КСРО-ның дипломатиялық мектебінен басталады ғой. Дипломатия сіз үшін тағдыр ма, жоқ әлде мамандық па?
– Мен өз мамандығымның қағидасымен, заңымен өмір сүрдім. Уақыт өте келе ол менің өмірімнің, күнделікті тіршілігімнің бір бөлшегіне айналды. Пайыздық өлшеммен қарар болсақ,
1 пайыз – тағдыр, 99 пайызы – қарым-қабілет, талап пен қарекет. Сондықтан, тағдырымды мамандығымнан бөле-жара қарай алмаймын. Бұл бала күнімнен өзге түгіл өзімнен де жасырып келген тәтті арман еді. Ол орындалды. Кеңес Одағы кезінде мен үлгі тұтқан елшілер көп-тін. Кейінірек солардың біразымен жұмыс барысында кездестім. Тәуелсіз Қазақ елінің алғашқы Сыртқы істер министрі болдым.
– Енді сәл шегініс жасасақ. Ұзақ жылдар бойы шетелдерде болдыңыз. 1986 жылы Желтоқсан оқиғасы болған кезде сіз Ауғанстандағы консулдықтан оралып, Мәскеудегі Сыртқы істер министрлігінің орталық аппаратында қызметте едіңіз...
– Иә, Желтоқсан оқиғасы жайлы Мәскеуде естідім. КСРО билігінің қазақ жастарына қарсы әрекеттерін дипломатиялық корпустағы әріптестерімнің бәрі бірдей қолдай қоймады. «Жастарды қолдаймын. Әр мемлекет өзіне өзі қожа, өз басшысы болуы керек» дегендер де болды. Кейін қазақтың өр мінезін Желтоқсан оқиғасымен байланыстыра қарайтындар одақтың әр бұрышынан табылды.
Бірде демалыс бабымен Ялтада жүргенімде, көрші үстелде отырған армяндар: «Қазақтар, сендер бізге жақсы өнеге көрсеттіңдер. Енді біз де теңдік сұраймыз», деп шын көңілден ризашылық білдіргені әлі күнге дейін көз алдымда.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан шақырту алғанда сіз қай елде жүр едіңіз?
– Нұрсұлтан Әбішұлынан шақыртуды 1991 жылы КСРО-ның Тегерандағы елшілігінде жұмыс істеп жүргенде алдым. Ол кезде ұялы байланыс жоқ, елшілікке барып, кәдімгі телефонмен тілдесеміз. Елбасы Мәскеуде екен. КСРО Сыртқы істер министрі Шеварднадземен сөйлесіп, лайықты үміткер ұсынуын өтініпті. Әрине, мен жалғыз емеспін. Санатта басқалар да болды. Іріктеуден кейін таңдау маған түскен.
1991 жылға дейін Қазақстан атынан әлемдік саясат мінберінен Ресей сөйлеп келді. Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатын реттейтін орталық, яғни Мәскеу болатын. Тіпті, Қазақстанның өзге мемлекеттермен сыртқы саяси қатынас орнатуы деген мәселе күн тәртібінде еш уақытта тұрмаған. Басқаша айтсақ, Қазақстан халықаралық құқық принциптеріне сәйкес халықаралық құқықтың субъектісі қызметін атқарған жоқ.
Жасыратыны жоқ, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өте қиын болды. Неге десеңіз, ол кезде көп адам тіл білмейді, маман жоқ. Мен Сыртқы істер министрімін, бірақ көмекшім болмады. Президентпен шет елге шыққанда, сарапшы ретінде жүресің. Көптеген министрлер тіл білмейді. Бәрін өзің аударасың, құжаттарды сараптайсың. Ол тұста тек Елбасында ғана аудармашы болатын. Департамент, бөлім басшыларында жоқ. Ол кезде мен басқаратын Сыртқы істер министрлігінің өзінде бар-жоғы он адам қызмет етеді. Тәуелсіздігін жариялаған соң, Қазақстан халықаралық құқықтың субъектісі бола отырып, БҰҰ таныған әлемдегі 200-ге жуық мемлекеттің қатарынан орын алды.
– Мамандар қалай өсіп шықты?
– Қасымжомарт Тоқаев басында менің орынбасарым еді, кейін министр де болды, Үкімет те басқарды. Қазір – Сенат Төрағасы. Вячеслав Ғизатов Германия, Түрікменстанда елші болды. Болат Нұрғалиев АҚШ, Жапония елшіліктерінде қызмет етті. Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы өкілдігімізде де жұмыс істеді. Одан басқа да жігіттерді айтайын, Нұрлан Дәненов басқарма төрағасының орынбасары еді, артынан бізге келіп, елші, министрдің бірінші орынбасары, баспасөз хатшысы болды. Қазір Францияда Төтенше және өкілетті елші. Бағдат Әміреев Араб елдерінде үшінші хатшы болды, менің қол астымда істеді. Ол департамент бастығы болып жүріп, бірден елшілік қызметке кірісті. Елшілікке дейін Сауд Арабиясы, Мысыр, Түркия елдерінде елші болды. Қазір Иранда Төтенше және өкілетті елші. Ержан Қазыханов, Ақмарал Арыстанбекова, Қайрат Сарыбай да менде жұмыс істеген. Әркім өз орнын тапты. Мәселен, Ақмарал Арыстанбекова Кеңес Одағының БҰҰ-дағы өкілдігінде қызмет ететін, кейін Қазақстанның БҰҰ-дағы өкілдігін басқарды.
– Шетелдердегі елшіліктеріміз 1992 жылдың аяғы мен 1993 жылдан бастап ашыла бастады. Елбасы 1992 жылы қаңтар айында Үндістанға, сол жылдың мамыр айында Америка Құрама Штаттарына ресми сапармен барды. Елбасымыздың шет елдерге сапарын ұйымдастырған кезде ескі достарыңыздың көмегіне жүгінген боларсыздар.
– Мен біраз елде болдым. Алғашқы жылдары Ресейдегі дипломат жолдастардың көмегін көп көрдік. Шетелдік сапарларымыз кезінде Ресей елшілері қарсы алып, шығарып салып жүрді. Бұл – үлкен көмек.
Кейінірек, елге оралып, Сыртқы істер министрі болып, жан-жақпен дипломатиялық байланыс орната бастаған кезде ескі достарымның көмегін көбірек сезіндім. Кеңес Одағы кезінде кеңесші, консул болған достарымның біразы қазір шетелдерде елшілік қызметте жүр. Шет елдерге барған сайын бірі болмаса бірі алдымнан шығады. Бір-бірімізбен галстуксыз жағдайда кездесіп, жастық шақты еске аламыз. Әңгіме арасында елдеріміздің сыртқы саясаты туралы айтып, саяси қоржынымызды толтырып алуды да ұмытпаймыз.
– 1990 жылдардың басында алпауыт елдер Қазақстанға КСРО шекпенінен енді ғана шыққан, аса бай кен қоры бар күлшелі бала ретінде қарады. Әлемдік геосаясаттың Қазақстанға қарай бет бұра бастаған кезі деп қай жылдарды айтамыз?
– Жаңылыспасам, 2005 жылдан бергі кезеңдерден басталады. Бізді сырт әлем нарықтық экономикалы ел деп қабылдады.
ХХI ғасырдағы геосаяси жағдайдың салмағын өткен ғасырлармен салыстыруға болмайды. Ол жаңа сипаттарға, жаңа құндылықтарға ие болды. Егемендігінің іргетасын бекітіп алған Қазақстан да жаһанданған әлемнің және жаһанданған экономиканың бір бөлшегіне айналды. Біз мұны кешегі жаһандық дағдарыс кезінде айқын аңғардық. Әлемде болып жатқан өзгерістер Қазақстанды сырт айналып кете алмайды және керісінше, біздің елдегі саяси-экономикалық өзгерістерге сырт әлем де бей-жай қарай алмайды. Біздің қаржылық жүйеміз, табиғи байлығымыз стратегиялық шешім қабылдаған кезде сыртқы факторларды ескеруді, қажет болса үйлестіруді міндеттейді.
– Ішкі саясат пен сыртқы саясаттағы басым бағыттардың түйісер тұстары жайлы не айтасыз?
– Экономиканы жандандыру үшін сыртқы саясат жұмыс істеуі керек деп ойлаймын. Біздің Президент туралы елде ғана емес, шет елдерде де көп айтылады. Көптеген баспасөзде жазылып, кітаптар шығарылуда, деректі және көркем фильмдер түсірілуде. Барлық жарияланымдарда Мемлекет басшысының бірегей тұлғасы көрсетіліп, ол туралы жағымды пікірлер білдіріледі, оның ерекше тұлғасы және саяси Олимптің шыңына шығуға мүмкіндік берген тағдырының зор жеңісі туралы айтылады. Елбасының келіссөз жүргізу шеберлігі қандай?! Көреген, парасатты саясаткер. Бүкіл елдегі саяси жағдайды, экономикалық тұстарды да жақсы біледі. Тіпті, сандарды еш ұмытпайды. Нағыз мәмілегер.
АҚШ-тың астанасы Вашингтонда да, Нью-Йоркте де кездесулер өткіздік. Одан кейін Канадаға барып, бұдан әрі бүкіл Еуропаны шарлап шықтық. Қытай, Малайзия, Сингапур, не араб әлемі болсын, бірін қалдырмай аралап, елге инвестиция тартуға тырыстық. Президенттің абырой-беделі мен іскерлігінің арқасында шетелдік инвесторларды қызықтыра білдік. Олар біздің Президентімізді құрметтеп, елімізге келді. Егер де сыртқы саясатымыз осындай белсенділікке ие болмаса, біз мұндай жетістіктерге жете алмас едік.
– Сыртқы саясатымызды Ресей, Қытай сияқты алпауыт елдердің сыртқы саясатымен үйлестіріп жүргізу біз үшін қаншалықты маңызды?
– Сұрағыңа біржақты жауап беру қиын, әрине. Қазақстан Ресей мен Қытайдың ортасында орналасқан. Бірақ сыртқы саясатта «алтын аралық» деген болады. Атақты ғұлама Аристотель дұрыс шешім қабылдау үшін «алтын аралықтың» нүктесін тап деп кеткен. Дипломатиядағы көп векторлы аталып жүрген ұғым – бұл Қазақстанның ойлап тапқаны немесе, тіпті де, оның Президентінің қалап алғаны емес. Бұл – біздің еліміздің өзін қоршаған әлеммен көпжақты байланыстарын дамытудан туған табиғи таңдауы.
Қазақстан біржақты ғана саясат жүргізетіндей кішкентай әрі ешкім танымайтын көлеңкеде қалып қойған белгісіз де беделсіз мемлекет емес. Еуразияның нақ ортасында орналасқан, Ресей, Қытай және Орталық Азия елдерімен 14 000 шақырымдық сыртқы шекарасы бар біздің еліміздің геосаяси жағдайын назарға алсақ, бір ғана елге немесе белгілі бір елдер тобына ғана бағыт ұстану Қазақстанның ұлттық мүдделеріне орны толмас зардап әкелер еді.
– Сіз бен біз, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Сыртқы істер министрі және қарапайым журналист болып, сыртқы саясаттағы жетістіктерімізді, бар болса кемшіліктерімізді формулаға салып, саралап көрейікші. Мен сыртқы саясатта үш адым алға жылжу үшін бір адым кейін шегіндік деймін. Сіз осыған қарсы қандай уәж айта аласыз?
– Бұл – осыдан 10-15 жыл бұрынғы формула. Біз қазір тек алға жылжуды ғана ойлауымыз керек. Өткеніміз сабақ алу үшін ғана қажет. Бізге қол жеткен жетістіктермен тоқмейілсіп қалуға болмайды. Біз уақытты өз пайдамызға жұмыс істетуге тиіспіз.
Шүкіршілік, артта қалған 25 жылдың алғашқы белестерінен-ақ Қазақстан Республикасы толық тәуелсіздікке жетудің жолына түсті, небір тар жол, тайғақ кешулерден аман-есен өтіп, азаттықтың алғашқы әрі азап, әрі ғажап асуларынан абыроймен асты, айналасы оншақты жылдың жүзінде егемен ел ретінде дамудың даңғылына қарай нық қадам басты. Одан кейінгі онжылдықта қазір бүкіл әлем «Қазақстан жолы» деп ат қойып, айдар таққан шын мәнінде феноменді даму жолына түсті. Бүгінде еліміз тарих сағатының тілі сырт ете қалғандай өте қысқа мерзім ішінде кешегі кеңестік империяның шикізат көзі ретіндегі ғана шет аймағынан экономикасы қуатты, саясаты тұрақты, сүйегі мығым мемлекетке айналды.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Гүлбаршын САБАЕВА,
журналист