• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 17:45

Жұмыссыздық бойынша төлем қалай тағайындалады?

10 рет
көрсетілді

Жұмыстан айырылып, жалақыдан қағылған сәтте бірден қаржысыз қалдым деп қапаланбаңыз. Егер ресми түрде жұмыс істеп, ай сайын міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қаржы аударып отырған болсаңыз, мемлекет сұранысыңызға сай бос жұмыс орнын ұсынады. Екі тараптың талап-тілегі ұштаспаған жағдайда жұмыссыздық жәрдемақысын алу мүмкіндігі қарастырылған. Десе де әлеуметтік төлемді алудың өзіндік талаптары бар. Ендеше, жұмыссыздық жәрдемақысын алу шарттарымен таныс болыңыз, деп жазады Egemen.kz.

Елімізде қанша азамат ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген?

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, былтыр елімізде 448,5 мың адам ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 1,2 мың адамға аз. Дегенмен, тұрақты жалақыға жете алмай жүргендер де жетерлік. Екі қолға бір күрек таппай жүргендердің басым үлесі Алматы қаласына тиесілі. Мегаполисте 52 мыңға жуық адам жұмыс іздеп жүр. Келесі сатыда Түркістан облысының тұрғындары тұр. Аталған өңірде 40 мың адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Алматы облысында да 35,7 мың адам еңбек нарығында өз орнын табуға ниетті.

Жұмыссыздарға арналған төлем кімдерге беріледі және алу шарттары қандай?

Бұл төлем жұмыссыз қалған азаматтарды уақытша қолдау мақсатында тағайындалады. Аталған жәрдемақыны тағайындау кезінде алушының қандай себеппен жұмыстан шыққанына назар аударылмайды. Десе де бұл төлем кейінгі 24 айда әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қаржы аударған азаматтарға ғана беріледі. Оның ішінде ресми түрде жұмыс істеген (еңбекпен қамтылған), міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі бар, жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар өздерінің өтініші негізінде жәрдемақы алуға құқылы. Әлеуметтік төлем жүйеге қатысу өтіліне байланысты 1 айдан 6 айға дейін тағайындалады.

Бала күтіміне байланысты жәрдемақы: Қаңтар айында қанша теңге төленді?

Жәрдемақы мөлшері қалай есептеледі?

Жұмыссыздық бойынша әлеуметтік төлемнің мөлшері өтініш иесінің міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу мерзіміне, кейінгі екі жылдағы ресми табысына сай есептеледі. Сәйкесінше, қаражатты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры аударады. Жәрдемақының ең жоғары мөлшері бұрынғы жалақының шамамен 45 пайызына дейін жетуі мүмкін.

Оны есептеу кезінде арнайы формула қолданылады. Нақтыласақ, 24 айдағы орташа айлық табыс арнайы коэффициентке көбейтіледі: базалық коэффициент (қазір – 0,45) және еңбек өтілі коэффициенті ескеріледі.

Еңбек өтілі коэффициенті мынадай тәртіппен белгіленеді:

6 айдан 1 жылға дейін – 0,7; 1 жылдан 2 жылға дейін – 0,75; 2 жылдан 3 жылға дейін – 0,85; 3 жылдан 4 жылға дейін – 0,9; 4 жылдан 5 жылға дейін – 0,95; 5 жылдан жоғары – 1,0. Жұмыссыздық жәрдемақысы қандай жағдайда тағайындалмайды?

Заңға сәйкес нақты тізім ресми жарияланбағанымен, төлем тағайындалмайтын бірнеше себеп бар:

Егер азамат жұмыссыз мәртебесін рәсімдемесе (ресми тіркелмесе); Азамат арнайы өтініш бермесе немесе мансап орталығына хабарласпаса; Сондай-ақ өтініш иесі сұранысына сай жұмыс ұсыныстарынан үш мәрте бас тартса; Еңбек нормаларында көрсетілген талаптар бойынша азамат табыссыз ретінде есепке алынбаса.

1 қаңтардан бастап әлеуметтік төлемдер мен салық жүйесі өзгерді

Сондай-ақ жұмыссыздық жәрдемақысын тағайындау бойынша онлайн кеңесші Байнулда Гүлнұр осы тұста жеке кәсіп жүргізіп, кейіннен ресми қызметін тоқтатқан кәсіпкерлердің жиі жіберетін қателерін атады.

«Бүгінде елімізде көптеген мемлекеттік қызмет цифрландырылған. Сондықтан жеке кәсібіңізді сөз жүзінде ғана тоқтатқаныңыз сізді жұмыссыз ретінде айқындамайды. Ресми жұмыссыз ретінде төлем алу үшін enbek.kz сайтындағы қолданыстағы еңбекшартының күшін жою қажет. Мұндай азаматтар одан кейін ғана жұмыссыздық жәрдемақысына үміткер бола алады. Бұдан бөлек кей азаматтар жұмыс орнынан шығып қалғаннан кейін араға 2-3 жыл салып, төлем алуға өтініш жолдап жатады. Мұндай жағдайда да өтінім мақұлданбайды. Себебі, мұнда жұмыссыздық жәрдемақысының басты талабы соңғы 24 айдағы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу шарты орындалмай тұр», деп түсіндірді Байнулда Гүлнұр.

Декреттік демалыстағы аналар мен зейнеткерлер жұмыссыздық жәрдемақысын алуға өтініш бере ала ма?

Қазір қоғамда жұмыссыздық жәрдемақысын алуға сұраныс көбейген. Онлайн кеңесші Байнулда Гүлнұрдың айтуынша, кей жағдайда азаматтар жұмыстан қысқартылып, тұрақты табыссыз қалса да мұндай мемлекеттік қолдаудың бар екенінен хабарсыз. Ал өтініш берушілердің ішінде жәрдемақыға қызығушылық танытатындардың арасында декреттік демалыстағы аналар, зейнеткерлер мен студенттер басым екен. Онлайн кеңесші аталған санаттағы азаматтардың жәрдемақыға сұранысы кері қайтарылатынын айтты.

«Студент, зейнеткер, декреттік демалыстағы ана мен I, II топтағы мүгедектігі бар азаматтар мен олардың күтушілеріне жәрдемақы беру қарастырылмайды. Ал ІІІ топ азаматтары жұмысқа жарамды болғандықтан олардың соңғы 2 жылдағы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу тарихы зерделенеді. Ал студент, зейнеткер, декреттегі аналар өз статусына қарай шәкіртақы, зейнетақы сынды төлемді алып отыр. Мұндай жағдайда оның табысы бар болып есептелді», деді ол.

Келесі жылы әлеуметтік төлемдер алуға мемлекет бюджетінен қанша қаржы бөлінеді?

Төлемді онлайн рәсімдеу тәртібі

Жұмыссыздық жәрдемақысын алуға өтінішті Халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ eGov.kz және enbek.kz порталы арқылы онлайн беруге болады.

eGov.kz порталы арқылы өтінім беруге арналған нұсқаулық:

eGov.kz  порталына кіріп, «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөліміндегі «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдау керек. Онлайн өтінімді толтырып, электронды цифрлық қолтаңба арқылы растау сұралады, осы функция орындалғаннан кейін сұраныс жіберіледі. Одан соң тұрғылықты жеріңіздегі мансап орталығы бір тәулік ішінде бос жұмыс орындарын ұсынады. Егер лайықты жұмыс орны табылмаса, үш жұмыс күні ішінде азаматқа қашықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі. Ал қажет болған жағдайда орталық мамандары қосымша мәлімет алу үшін хабарласады.

Бұл қызметке өтінімді электронды еңбек биржасы – enbek.kz арқылы да беруге болады.

Жұмыссыз ретінде тіркелгені туралы дерек түскен соң, Еңбек министрлігінің жүйесі проактивті түрде мобильді телефонға SMS жолдап, МӘСҚ төлемін тағайындауға келісім сұрайды. Хабарламаға жауап берілгеннен кейін жәрдемақы автоматты түрде рәсімделеді.

Соңғы жаңалықтар