• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
09 Желтоқсан, 2016

«Көкшетауды далада қалдырмаймын!..»

279 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың осы бір ауыз сөзі әрдайым жүрегімді жылытып жүреді Көкшетау жайлы ойланып, толғанып кетер бір шақта, есіме Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Көкшетауды далада қалдырмаймын!» деген әрдайым жүрегімді жылытып жүрер бір ауыз сөзінің дәйім есіме оралатыны бар. 1998 жыл. Азаттығымызға жеті жыл. Тәуелсіз ел болып, оңымыз бен солымызды енді-енді тани бастаған шағымыз. Кеңестік заманның зар илетіп кеткен тұсы бұл. Ел дағдарысқа енген. Жұмыссыздық жайлап, дүкен сөрелері бос, қаңырап тұр. Жалақылары мен зейнетақыларын айлап ала алмай шулап қалған ел. Сол қалың елінің ғасырлар бойы зарлы арманы болып келген және де енді қолға тиген Тәуелсіздігінің көк Туын қолына алып, әлем кеңістігіне нық әрі сенімді қадам жасай бастаған Нұрсұлтан Назарбаевтың «Біз – алыс сапарға бел буып, кемемізді тәуекел дариясына түсірген елміз, елес үмітті емес, ерлік пен елдік мұратын кемеміздің тұғырына ту етіп байлаған елміз», – деп және де «Мен үшін елімді дамыған елдердің сапына тұрғызып, санатына қосудан үлкен мақсат жоқ», – деп тарих сахнасына өзіндік үнімен шығып, өзіндік айқын мақсатымен де, парасатты саясатымен де дүниені өзіне қарата бастаған да, қазақ елін айдай әлемге жаңа-жаңа таныта бастаған да шағы-тын. Еңсеміз биік, рухымыз асқақ. Өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанып, өзіміздің түп тарихымызды түгендей бастадық. Мағжан мен Ахаңдар ақталды... Алаш қайраткерлері қайтып оралды... хандарымыз бен билерімізді, ел қорғаған батырларымызды ардақтап, ескерткіштер қойып, ас беріп, бұрын айта алмағанымызды айтып, жаза алмағанымызды жаза бастаған, былайша айтқанда, өзімізді өзіміз құштарлана да, құмарлана да тануды, өзімізді өзіміз тиянақтап, табуды бастаған кезіміз. Тәуелсіздіктің, міне, осындай бір толғамалы тұсында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Көкшенің бір пұшпағы Айыртауға келді. Сол айыр сағалы, қос өркешті көгілдір таулы өлкенің Құлшынбай атты биік бір төбесі бар. Осы араға қазақтың Қарасай батыры жерленген. Бұл жайында орыс ғалымы В.Румянцевтің 1913 жылы Санкт-Петербург қаласында шыққан «Верный уезі» кітабында «В давние времена род Карасай жил в пределах нынешней Акмолинской области, по преданию могила Карасая находится на ур.Аиртау в Кокчетавском уезде» деп анық жазылса, Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» кітабында да бұл расталады. Сонан соң белгілі қоғам қайраткері, жазушы Балғабек Қыдырбекұлының бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған зерттеулері де қызықтыра түскені анық. Сол деректерге және көкшетаулық шежіре қариялардың айтқандарына сүйене отырып, қазақтың Қарасай батыры мен оның қанды көйлек жан жолдасы Арғын Ағынтай батырдың жерленген жерлерін анықтап, біраз мағлұмат жинағаннан кейін «Қазақ батырлары Қарасай мен Ағынтай бабамыздың бейіті Құлшынбайдың төбесінде екендігін білмей келген едік. Енді оның нақты дерегі табылып отыр», деп жазған мақалам «Егемен Қазақстан» газетінің 1997 жылғы 25 маусымдағы санында жарық көрді. Осы мақала жарық көргеннен кейін бұл жайтқа қызығушылар көбейді де, Аубай Байғазиев, Серік Үмбетов, Қайрат Сатыбалды, Әскербек Абаев, Аңсар Мұсаханов, Нұртілеу Бәкірұлы, Нағашыбек Қапалбекұлы, Ләззат Тұрлашев, Бақыт Оспанов, тағы да басқа азаматтар хабарласып, көп ұзамай Көкшетауға келіп, сол арадан Айыртауға аттанып кеттік. Құран оқылып, ас берілді. Айналайын Қайрат белсенділік танытып, бірден «Қарасай батыр» қорын құрғызып, оны маған басқартып, батырлар басына кесене салуды ойластыра бастады да, осы бір абзал істің басы-қасында күні-түні өзі жүрді. Қазір Қарасай мен Ағынтай батырлардың кесенесі үлкен бір тарихи да рухани мұра болып, Айыртау сағасынан менмұндалайды. Бұл кесене келіп-кетуші халықтан қысы-жазы бір арылмайды. Қасиетін ел таныды. Болат аға Назарбаев та келіп, менің «Қазақтың Қарасай батыры» атты кітабымның баспадан шығуына тілекші әрі демеуші болған-ды. Әлқисса, сол Қарасай мен Ағынтай батырлар жерленген Айыртауға Елбасы да арнайы келіп, тағзым етті. Бұл 1998 жылдың 16 қазаны болатын. Арқаның қоңыр күзінің сарыала бояуына малынып, тамылжып тұрған табиғаттың ғажап бір шағыл шағы еді. – Мына азамат, осы араның тарихын зерттеп жүрген, – деп Солтүстік Қазақстан облысының сол кездегі әкімі Даниал Ахметов мені нұсқады. – Білемін, – деді Елбасы. Топтан әріректеу тұрған мені жанына шақырып алды да, әңгімеге тартты. Жүрексініп келемін. Батырлар жатқан Құлшынбайдың төбесіне шықты да, айнала төңірекке көз салып, сәл-пәлден кейін: – Мына жер батырлар жатса жатқандай-ақ жер екен! Рахмет саған, – деді. Елбасы осыны айтты да, елдік пен ерлік, Қарасай мен Ағынтай батырлардың қасиетті қазақ жерін қорғаудағы ерліктерін, халқымыздың ықылым замандардан бергі ынтымағын, бірлік жайлы билердің өсиеттерін айтқан кезде өзімді кәнігі бір шешеннің алдында тұрғандай сезіндім. – Қарасай батыр менің тікелей сегізінші бабам болып келеді. Маған дейін таратып бере аласың ба? – деді жылы жымиып. Батырдың бар тарихын зерттеп жүргеннен кейін білетін едім, шежірені сол арада таратып бердім. Бұл кез Қазақстан үшін аса бір жауапты кезең болатын. Алдымызда, яғни 1999 жылдың 10 қаңтарында кезектен тыс президенттік сайлау өткізілмекші. Аттандағандар мен айқайшылардың біразы өздерін президенттіктен үміткерлікке ұсынып жатқан кез. Алайда, іс басындағы Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев әлі үнсіз. Ел елеңдеп, халық қобалжуға айналды. Өйткені, барлық қазақстандықтардың үміт артып, сеніп отырғандары бір-ақ адам, ол Назарбаев болатын! Елдің экономикасын аса қиын жағдайдан алып шығып келе жатқан және де Кавказ бен Балтық бойы елдеріндегі сияқты қанды қырғын мен ұлттардың араздығына жол бермей, Қазақстанды бейбіт тыныштықта басқарып, береке-бірлігіміздің арқасында Қазақ елін әлемге таныта бастаған Назарбаев қана керек еді бізге! Көкейде жатқан осы бір мәселеге алаңдағаннан кейін: – Нұраға, – дедім батылданып, – алдағы президенттік сайлауға дауысқа түсіңіз! Ел де, халық та қолдайды, – деп барып, көкшетаулықтар да толық Сізді қолдайды, – дедім сенімді кейіп танытып. Сол сәтте Елбасы: – Сендер, көкшетаулықтар маған облыс орталығын Қызылжарға жібергеніме ренжіп жүрген жоқсыңдар ма? – деді де, үнсіз қалды. – Нұраға, ренжімедік десем, бұл Сізге жалған айтқандығым болар. Басында реніш болды. Мәселенің мәнін кейін түсіндік. Қазір Сізге алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – деп жауап бердім.  Сол сәтте... иә сол сәтте Елбасының толқи сөйлегенін естідім де, осыншама нәзік, осыншама сезімді жүрек болады екен-ау деп қатты толқып кеттім. – Айналайын, рахмет! Мені сендер түсінбесеңдер... кім түсінеді енді?! Елге айта бар, Көкшетауды далада қалдырмаймын, – деді Елбасы шынайы бір пейілмен. Көңілім асқақтап шыға келді. Елбасына шынайы ризашылығымды білдіріп, қолымдағы өзімнің «Қазақтың Қарасай батыры» атты кітабыма қолтаңба жазып беруін сұрадым. Кітапты алды да, Елбасы өзінің маржандай жазуымен «Жабал бауырым! Бабалар әруағына істеген ерен еңбегіңе ризамын! Бақытты бол! 16.Х.98» – деп жазып, қолын қойып берді. Елбасының сол тілегі мен сол ниеті мен үшін де, менің ұрпақтарым үшін де мәңгі бір тілеушімдей, мәңгі бір ақ батадай болып, асыл мұрам болып, дүние тұрғанша сақтала берері анық. Көкшетауды далада қалдырмаймын! Елбасының осы бір ауыз сөзінде киелі де қасиетті Көкшенің және де оның ханы Абылай мен ғұлама ғалымы Шоқанның, қазақтың Қарасай батырының мәңгі тыныс тапқан, «ауылым қонған Сырымбет саласына» деп сыр қатқан Ақан серінің, «жер шоқтығы Көкшетау» деп асқақ үнімен ән салған Біржан салдың, аққуға үнін қосып, гәккулеткен Үкілі Ыбырайдың, Құлагердің шабысын көрген ел мен жерге деген, оның өткені мен бүгініне деген құрметі сыйып тұрған-ды. ...1997 жылдың жаңа жылының түнінде айдай әлемге масқарамыз шығып, Көкшетау қаласының жылу қазандығы мен барлық жылу құбырлары қатып, жарылып, бейнетті күндер  басталды. Сол кездері электр жарығы да белгілі бір уақта ғана беріліп жүрді, газ да жоқ. Шәйімізді көп қабатты үйіміздің алдына от жағып, кезектесіп қайнатып алатынбыз. Балаларымызды суық үйде тоңбасын деп ауылдағы ағайындарға апарып бердік. Міне, сол бір қиын-қыстау күндері Көкшетауға Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп, қатып, істен шығып жатқан қала қазандығын көзімен көріп, тез арада қаржы бөлгізіп, Көкшетаудың ауыр жағдайын өз бақылауында ұстап, қамқорлық жасап еді. Сол жайында Елбасы жөніндегі өзіміздің бір көңіл толғанысымызда «кәне, қай елдің Президенті әлдебір қазандықты аралап, көріп жүр? Біздің Президентіміз ғана! Бұл өз елін, өз халқын адал сүйген Назарбаевтай ғана адамның қолынан келеді», деп айтқан да болатынбыз. Хош сонымен, облыс орталығы мәртебесінен айрылған Көкшетаудың жағдайы қиындап кетті. Кәсіпорындар жабыла бастады. Жұмыссыздық жайлады. Халық біртіндеп көшіп, пәтерлер де иесіз қалып жатты. Сондай бір көңіліміз құлазып, алдағы күніміз не болар екен деп алаңдап жүрген сәтте, яғни 1998 жылдың 16 қазанында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Көкшетауды далада қалдырмаймын!» деген бір ауыз сөзі көңіл тоңын жібітіп, үміт шырағын жаққандай болып еді. Елбасымен жолыққанымды біліп отырған көкшетаулықтар алдымнан шығып: «Иә, қалай екен, не болды?» – деп сұрап жатты. – Қалай екенін білмеймін, әкімдермен сөйлескеннен гөрі Елбасымен сөйлесу оңайырақ па деп қалдым. Ал не болды десеңіздер, Елбасы «Көкшетауды далада қалдырмаймын», деді, сәлем айтты бәріңізге, – деп Елбасымен бір сәттік кездесуден әсерленген көңілімді осылайша түйіп жеткізген едім. 1999 жылдың 8 сәуірі күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Ақмола облысының орталығын Көкшетау қаласына ауыстыру жөніндегі Жарлығы шыққандағы ел қуанышын көрудің өзі бақытты бір шағымыз еді. Ел сүйіншілеп кетті. Бұл Жарлықты Көкшетауға сол күні Үкімет басшысы Нұрлан Балғымбаев келіп естіртті де, жиын өткізді. Сол сәтте Елбасының «Көкшетауды далада қалдырмаймын!» – деген бір ауыз сөзі жүрек түпкірінен естіліп жатыр еді. Көп ұзамай Көкшетауға Елбасының өзі де келді. Көкшетау қаласының астаналық облыс орталығы мәртебесіне ие болуына байланысты 1999 жылдың 21 мамыры күні Мемлекет басшысы Ақмола облысының активімен жиналыс өткізді. Сол жиында Елбасының алдында сөз сөйлеу сеніміне ие болдым. – Ардақты ағайын! Аса мәртебелі Президент мырза! Ел қуанышында шек жоқ бүгін! Жүрек толқытар осынау бір салтанатты сәтте өзіңізге деген ел алғысы да, ел разылығы да шексіз, шетсіз бүгін! Қуанамыз, әрине! Қуанамыз да, жұбанамыз! Өйткені, әруақты да ардақты Көкшетаудың – кербез Көкшенің қасиетті киесі де, жерінің иесі де – Ақбас бура өз мекеніне аңырана жетіп, аңсап оралып тұр бүгін. Оралуыңмен, киелім! – деп жүрек толғанысынан шыққан сөздерімді айттым. Сол сөздерімді осы күндері де аса бір ыстық көретінім бар. Өйткені, бұл менің Елбасының алдында тұңғыш сөйлеуім болатын! – Сол киелі Ақбас бураны шудасынан жетелеп әкеліп және де уысынан шығарып алған ұлы Абылайдың ақ туын мынау еліңізге өз қолыңызбен бір ұстатып отырған Сізді, ардақты Нұраға, Оқжетпес өзінің биік шыңына көтереді. Биші қайыңы мың бұралған биімен, Айнакөл көбік шашқан ақ толқынымен, Зеренді зерлі шашуымен қуана қарсы алады. Жұмбақтас сырын ашып, мәңгі ұйқыдағы Жекебатыр да басын көтеріп, ол да батасын беріп жатыр. Сексен көліңіз де бүгінгі қуаныштан арнасына сыя алмай, тербеліп, теңселіп, ол да бір сол қуаныштан шалқып, тасып төгіліп жатыр! Иә, Көкшетау қуанады, Көкшетау уанады бүгін! Шүкіршілік қылады! Оған да сан қилы себептер бар. Әріге бармай-ақ, 1996 жылдың желтоқсан ызғарынан қатып, қалтыраған күндерден бастап Сіз өз Көкшетауыңызды ұдайы бір қамқорлығыңызға алып, бізді өзіңіздің үлкен жүрегіңіздің қызуымен, жан жылуыңызбен сонан бері жылытып-ақ келе жатырсыз. Біз үшін бұл бақыт еді. Біз үшін бұл шаттығы мол қуаныш еді! Көкшетау жүдемесін деген ниетіңізбен білдей-бір министрлікті жібердіңіз. Оған да қуандық! – дей келіп, Елбасының тікелей тапсырмасымен Көкшетау қаласына Қазақстан Республикасының Экология және табиғатты пайдалану министрлігінің қоныстандырылғандығы қиындықтан қиналып, тұншыға бастаған Көкшетаудың тынысын бір кеңейтіп тастағандығын айттым. Жүрек тағы да сөйлеп жатты. «Көкшетауды далада қалдырмаймын!..» Осы бір ауыз сөзіңізді өткен жылдың қазан айының  16-сында ұлы бабаңыз қазақтың Қарасай батыры жерленген биік төбенің басында тұрып, бабалар аруағына мінәжат етіп, «Көкшетауды далада қалдырмаймын, Құдай қаласа, бәрі де орнына келеді», – деген бір ауыз сөзіңіз әр көкшетаулықтың жанына демеу болды, қуанып жүрдік. Бір үміт, бір күдікпен өмір сүріп жатқан уақыттың бір сәтті күні, әлемді жайлап бара жатқан экономикалық және қаржы дағдарысына да қарамастан, «Көкшетау, сен үшін», – деп биылғы жылдың 8 сәуірі күні Ақмола облысының орталығын Көкшетауға көшіру жөніндегі Жарлығыңызға қол қойып, Көкшетаудың әруағын тебіренттіңіз! Тебіренбеген жүрек, толғанбаған жан қалмады! Қараөткелден Көкшетауға бет түзеген бүгінгі көшке сәт сапар тілейміз! «Елге ел қосылса – құт» дегенді дана қазақ бекер айтпаған болар. Басы қосылып отырған қос ел, енді бір мақсат, бір мүддеге бірлесіп еңбек етейік, Қазақ елінің мүддесіне, оның халқының мүддесіне қызмет етейік.  Көкшетау – исі қазаққа ортақ мекен. Тәуелсіз Қазақ елінің ұлы көшін Президентіміз Сарыарқаның кіндік тұсына бекер бұрған жоқ. Соны ұғына білейік те, Астана іргесіндегі мына Көкшетауымызды сол Астананың серігі, сол Астананың егізі ете білейік! Бұл – елдің іргесін бекіту деген сөз! Ал ел іргесін бекіту, мына отырған сіздер мен біздің жатпай-тұрмай атқарар істеріміз болса керек-ті. Қайсыбірін айта берерсің! Әйтеуір, дүние кезек деген және де бар ғой. Сол адал ниетіңізбен, ақ адал сеніміңізбен күні бүгінге дейін аялап, әспеттеп, қастерлеп, қадірлеп, ардақтап келе жатқан Көкшетауыңыз да, көкшетаулықтар да енді Сізді қуантуға міндетті. Сеніңіз бізге! Тәңір иесі Көкшетау аспанында, Көкшетау асқарында, Көкшетау шалқарында Сіз бен біздерді әрдайым сол қуаныштармен жүздестіруге жазсын! Адамзат өз дәуірінің жаңа бір мың жылдығы – ХХІ ғасырға бет алып бара жатқан ғасырлар тоғысындағы тарихи аса күрделі кезеңдегі Қазақ елінің алдында тұрған ұлы міндеттерді біз де айқын сезінеміз. Ол міндеттің ұлысы – ел болу! Сол ел болу міндетінің ұлт алдындағы, тарих алдындағы, келер ұрпақ алдындағы ұлы жауапкершілігін біз Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті өзіңіз жүргізіп отырған саясат өзегінен, Сіздің әр ісіңізден, Сіздің әр қадамыңыздан айқын танып та отырмыз. Соны тани отырып: «Ел болу жайын Елбасындай ойлайық, елдің жағдайын да Елбасындай ойлайық», – дегім келеді! Дүние кеңістігінде тұтанып жатқан отты қақтығыстар мен қантөгістерден еліңізді аман алып өтіп, даналығы да, балалығы да мол туған халқыңызды жайсаң да жақсы күндерге тезірек жеткізсем деген бір ғана арман, бір ғана мақсат бар Сізде! Сол арман, сол мақсаттың орындалуын  бір тәңірден тілейсіз, мазасыз күй кешесіз, континенттің ел-еліне аспан ұшып, қиыр барасыз, сол сапарларыңызда Қазақ елінің Қарасай бабаңыздай қорғаны, Абылайдай айбыны болып жүресіз! Сол сапарларыңызда, сол ұлы істеріңізде Сізді, ардақты Нұрсұлтан Әбішұлы, сол бабалар әруағы қолдасын әрдайым! Еліңіз, жұртыңыз, мына отырған халқыңыз да аман болғай!». Елбасына елдің атынан, барша көкшетаулықтардың атынан әруақ тербеп айтылған алғысты сөз еді бұл!  Сөйткен де, сөйткен көңіл ұшындағы Көкшетау аз уақыттың ішінде түлеп сала берді. Бұл енді астаналық Ақмола облысының мәртебесімен дамыды. Көкшетау далада қалған жоқ. Бүгінгі Көкшетау Елбасының шынайы қамқорлығымен тәуелсіз Қазақстанның көркем де келбетті бір қаласы болып күн сайын құлпырып, гүлденіп келеді. Соны көрген сайын, Елбасының «Көкшетауды далада қалдырмаймын!» деген бір ауыз сөзі жүрегімді жылытып, сайрап тұрады әлі де! Жабал ЕРҒАЛИЕВ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Парламент Сенатының депутаты