• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
09 Желтоқсан, 2016

«Әзірет Сұлтан» мешітінде Тәуелсіздікке арналған шара өтті

297 рет
көрсетілді

Елордадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінің діни сауат ашу курсында дәріс алатын шәкірттер арасында ұйымдастырылған білім байқауы өз мәресіне жетті. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Пайғамбар (с.ғ.с.) үйреткен намаз» атты сайыстың ақтық айналымы жұма намазынан кейін жамағат алдында өтті. «Қазіргі таңда мешітімізде білім алып жатқан 600-ден астам шәкірт бар. Өткен жылы «Сеніміңе берік бол!» тақырыбында сайыс өткен. Игі бастама биыл да жалғасын тауып отыр. Бүгінде ел арасына іріткі салып, салт-дәстүрімізді теріске шығаратын, жат ағымның жетегінде жүрген отандастарымыз аз емес. Шараның басты мақсаты – Әбу Ханифа мәзхабының негізінде намаз оқудың жолдарын көрсетіп, діни экстремизмнің алдын алу», – деді мешіт ұстазы Фархад Исаұлы. Байқау екі кезеңнен тұрады. 24 қарашада өткен алғашқы айналымға 112 оқушы қатысып, жоғары ұпай жинаған алты үміткер ақтық айналымға жолдама алған. Қазылар алқасында Астана қаласының Дін істері жөніндегі басқарма жетекшісі Данияр Нұрашұлы, «Нұр Астана» Орталық мешітінің наиб имамы Қабылбек Әліпбайұлы, «Әс-Салам» мешітінің бас имамы Нұрбол Аубакиров болды. Нәтижесінде «Пайғамбар (с.ғ.с.) үйреткен намаз» сайысының І орын жүлдесін Сануев Нұрхан жеңіп алса, ІІ орынға Рахимов Қуат лайық деп танылды. Ал ІІІ орын Ергашов Дәуренбекке бұйырды. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен «Алғыс хат» табысталды. Аян ӘБДУӘЛИ, «Егемен Қазақстан»