• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
10 Желтоқсан, 2016

Қанты жоқ балмұздақ тек Қазақстанда ғана шығады

415 рет
көрсетілді

Ұлттық музейде Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған салтанатты жиын өтіп, оның соңында музей жанындағы «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институты ұмытыла бастаған 25 ұлттық тағамды келушілердің назарына ұсынды. Өмір өзгереді, тұрмыс өзге­реді, бір кездері баба қазақтың сүйіп ішкен асын бүгінгі бала қазақ қадірлей ала ма? Неге қадір­лемесін, санасы бодандық ойдан азат, тәуелсіз қазақ ұлттық мәдениеттің бөлшегі саналатын ұлттық тағамдарын түгендеп, ұмытыла бастағандарын жаңғыр­тып, «төңкерме», «ағлан», «өр­метөс», «үлпершек», «жөргем», «ханзада қуырдағы», «сүбе орамасы», «балғын сүр ет», «қимай», «тоқжүрек», «мишұжық», «шыж-мыж», т.с.с. 25 ұлттық тағам­ды ҚР Парламенті Сенаты мен Мә­­жілісінің депутаттары, еліміз­де­гі шетелдердің елшілері мен мемлекет және қоғам қай­рат­керлерінің алдына тартып жатса?! Мәселен, халқымызда «мың сіз-бізден бір шыж-мыж артық» деген сөз бар. Жиі айтылғанымен, байы­бына бара бермейтін осы сөздің артында ұлттық ас жатқанын біле бермейміз. Жаңа сойылған малдың бүйрек және шарбы майларына бүйрек пен өкпені қақтап, лезде әзірленетін бұл дәм жедел түрде сый көрсетудің әдемі үлгісі десек, «тоқжүрек» аталған тағамның да дайындалу әдісі бөлекше екен. «Бұл жылқының, сиырдың жүрегін жарып, арасына дәмдеуіштермен қоса ұсақтап туралған бүйрек, бауыр салынып, қазанда бұғып піскен дәруменге бай, пайдалы тағамның бір түрі», дейді солардың бәрін ел аралап жүріп бірлі-жарым білетін адамдардан тірнектеп жиған зерттеуші Камал Әлпейісова. Халқымыздың қонақжайлығын көрсететін, мейманын қадірлеп, неше түрлі тағам әзірлей біле­тіндігін танытатын «ханзада қуыр­дағы» асқабақтың ішінде дайындалса, «балғын сүр» құдаларға, аса сыйлы қонақтарға жаяның сүр етін сүтке салып пісірумен ерекшеленген. Дәмі тіл үйірер, таңдайыңда көпке дейін табы қалып, ұлттық дастарқан мәзірінің байлығын паш етіп, дәм татырған көрменің қызығы мол болды. Қазақ тағамтану академия­сы­ның президенті академик Тө­регелді Шарманов жинал­ған­дарға ұлттық тағамдардың пайда­лы­лығын, оның ішінде адам ағ­засына зиянды трансмайлары жоқ бие сүтінің құндылығын айтып, жақында ғана 5 мың ката­лондықтың саумалды күніне рюмкалап қана ішуімен көптеген ауру түрлерінен жазылғаны жайында зерттеудің қорытындысы келгенін жария етті. Ол, сонымен қатар, бие сүтінен жасалған балмұздақтың қасиетін айтып берді. Әлем балдай балмұздақты қантсыз жасай алмайды, ал қанттың ағзаға тигізер зияны бар, тек Қазақстанда ғана қанты жоқ балмұздақ шығару бас­талды. Бұл дегеніміз – тағамтану ғылымының жеңісі, зиянды транс-майсыз балмұздақ – таза Қазақстан өнімі, оның болашағы да зор, деді тебіреніспен. Күні ертең жан-жақтан мейман ағылар ЭКСПО қарсаңында ұлттық мәдениетіміздің байлығын жария еткен тағам көрмесі сол алда өтер ұлы жиында жалғасын тауып, мейрамханалардың ас мәзіріне орнықса деген пікірлерін айтты риза көңілмен тарасқан жұрт. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»