• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
10 Желтоқсан, 2016

Металлургтердің екпінді еңбек вахтасы

175 рет
көрсетілді

Еуразиялық Топ құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Ақсу ферроқорытпа зауытында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Екпінді еңбек вахтасы» атты онкүндіктің өтуі барысында 10 күнде зауытта 20 мың тоннадан астам ферроқорытпа өндірілді. Жалпы, алып кәсіпорындағы өндірістік кәсіби жарыс жыл сайы­н қалыптасқан дәстүрге айналған. Ферроқорытпа зауытының метал­лургтері ел Тәуелсіздігінің 25 жыл­ды­ғын өндірістік жетістіктермен қарсы алмақ. Биылғы жылы осындай мақсаттағы өндірістік жарыс­тар 6-шы рет өткізіліп, әртүрлі жас аралығындағы 400-ден астам ме­­таллург қатысты. Олар – жоға­ры кө­міртекті феррохромды, ферро­си­ликомарганецті, ферросиликохромды және ферросилицийді қоры­татын зауыттағы 24 қуатты пеш агре­гаттарының балқыту цехтарының жұмыс­шылары. Конкурстың комис­сия­сы тек өндірістік көрсеткіш­терді ғана есептеп қоймай, жұмыс орнындағы қауіпсіздік техникасын сақтау, тәртіпті және учаскелердің тиісті деңгейде болуларын да назарға алады. Жұмыс барысында №6 пештің балқытушылары бірде-бір ескерту алған жоқ. Еуразиялық Топтың құрамына кіретін еліміздегі «Қазхром» транс­ұлттық компаниясы» АҚ филиалы – Ақсу ферроқорытпа зауыты алып кәсіпорындар қатарында. Өн­діріс орнында 7 мыңдай адам еңбек етуде. Жылына 1,2 миллион тонна ферроқорытпа өндіретін зауыт біздің елімізде ғана емес, әлемдік металлургия нарығындағы алып кәсіпорындардың бірінен саналады. Биыл зауыттың №1 балқыту цехында күрделі жөндеуден өткен №15 пеш пайдалануға берілді. Зауыт директоры Сергей Прокопьевтің айтуынша, ескі пешті жөндеу жұмысы шілде айында басталыпты. Бұл алып пеште жоғары көміртекті феррохром балқытылады. Енді жаңғыртылып, жөнделіп, жаңа заманауи жүйе қондырғылармен жабдықталды. Яғни, механикалық, гидравликалық және энергетикалық қажеттіліктері автоматтандыру жүйе­сіне ауыстырылды. Алып электр пешінің күрделі жөндеуі зауыттың инвестициялық бағдарламасы аясында жүзеге асты. Пешті жаңа заман талаптарына сай жабдықтауға, жаң­ар­туға салынған инвестиция кө­лемі 1,4 млрд теңге. Металлургия са­ласындағы озық құрал-жабдықтар ор­натылды. Қауіпсіз әрі экологиялық жа­ғынан таза. Заманауи технология, жа­ңа пештің қосылуы зауыттықтар үшін өнімділікке, үнемділікке үлес. Пеш жылына шамамен 50 мың тонна жоғары көміртекті феррохром өндіреді. – Негізгі және қосалқы жабдықты үнемі жаңалап тұру – кәсіпорынның табысты дамуының кепілі. Екіншіден, қоршаған ортаны және еңбекті қорғау саласындағы заманауи талаптар ескеріледі. Күрделі жөндеу кезінде пеш қайтадан жаңаланып, реттеледі. Барлық құрылыс-монтаж жұмыстарын зауыт мамандары жүргізді. Қазір зауыттағы ең қуатты құрылымы №6 цехты қайта жаңғырту жұмысына дайындық жасалуда, – дейді Сергей Прокопьев. Өндіріс орнындағы мақсатты инвестициялық бағдарламалар тиімді орындалуда. «Қазхром» компа­ния­сы­ның қуатты инвестициялық бағ­дарламасы барлық филиалдарға жоспарлы жөндеулерді уақытында жасауға, жабдыққа кезеңмен жаңарту жүргізуге, экологиялық бағдарламаны жүзеге асыруға, зауыттықтардың ең­бек жағдайларын жақсартуға, еңбек өнімділігін және жоғары сапалы өнім көлемін арттыруға мүмкіндік беруде. Зауытта өндірісті жаңғырту, қайтадан жарақтандыру жұмыстары кезең-кезеңмен жүргізілуде. – Біз үнемі балқытушылардың Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевпен мамандығы бір екендерін мақтаныш­пен айтып жүреміз, – дейді Ақсу фер­роқорытпа зауытының директоры Сергей Прокопьев. – Және жыл сайы­н кәсіпорында мерейтойларға арнап «Екпінді еңбек вахтасы» онкүндігін  өткіземіз. Бұл өндірістік жарысты біз кәсіби шеберліктің байқауы деп есептейміз. Үздік металлургті анық­тау ғана емес, сондай-ақ олардың еңбек жетістігіне жетуі­леріне де ық­палын тигізеді. Ал металлургтер үшін Тұңғыш Президент күніне орай ма­рапатқа ие болу – үлкен мәртебе, бә­рінен де маңызды. Сөйтіп, жарыс соңында №25 пеш­тің металлургтері №2 цехтың үздік бригадасы атанды. Ал ең жоғары өндірістік көрсеткіштер №1 балқыту бөлім­шесінің №16 агрегатына тие­сілі болды. №6 цех көшбасшысы құрметін №62 пештің металлургтері иеленді. Зауыт бойынша №43 пеш жұмысшылары «Үздік бригада» атанды. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан» Павлодар облысы Ақсу қаласы