Осы жылғы желтоқсанда өтетін еуразиялық «бестік» мемлекеттері басшыларының кездесуінде Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) Кеден кодексіне қол қойылады деп күтіліп отыр. Болжам бойынша, құжат 2017 жылдың ортасында күшіне енуі мүмкін. Бұл туралы ІІІ Еуразиялық экономикалық конгресс барысында Еуразиялық экономикалық комиссияның кедендік ынтымақтастық жөніндегі алқаның (министр) мүшесі Мұқай Қадырқұлов мәлімдеді.
Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап қайтару кезінде ол осындай ауқымды құжат – жаңа кодекс жобасының үш жылдай мерзімде әзірленгенін де атады. Министрдің айтуынша, Еуропалық одақтың кедендік заңнамасын дайындауға он жылдан астам уақыт кеткен. Ал Еуразиялық экономикалық комиссиясының кедендік заңнамалар департаменті директорының орынбасары Елена Бричева конгресте сөйлеген сөзінде кедендік реттеу мәселелеріндегі ұлттық және ұлтүстілік сегменттегі өзгерістер туралы айтып берді.
Елена Бричеваның атап өтуінше, қазіргі қолданыстағы Кеден кодексі 339 жөнелту нормасынан тұрады. Олардың бестен екісі салық, валюта, әкімшілік, азаматтық және басқа да заңнамалық нормалар. Сондай-ақ, ол осындай жөнелту нормалары жаңа кодексте де қалдырылғанынан хабардар етті. Бұған қоса, ол жаңа кодекстің мәтініндегі ұлтүстілік нормаларға да тоқталды. Негізінен ол кеден өкілінің ниеттестік міндетіне, тауарлардың шығуы туралы алдын ала қабылданған шешімдерді реттеуге, кедендік декларациялау ерекшеліктеріне қатысты.
Департамент директорының орынбасары жаңа құжат қабылданғаннан кейін Комиссия реттеуге тиісті мәсе-
лелердің едәуір көбейетінін де атап өтті. «ЕАЭО-ның Кеден кодексі Комиссия қарастыратын 279 нормадан тұрады, – деді Е.Бричева. – Осы 279 норманың 96-сы Комиссияның қазіргі кездегі міндеті болып табылады. Ал 183 норма Комиссияның жаңа құжат бойынша қарастыратын жаңа құзыретіне жатады».
Жалпы, жаңа кодекс жобасында көрсетілген нормалар барынша нақтылығымен ерекшеленеді. Өйткені, Кедендік одақтың алты жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Кеден кодексіндегі заңнамаларға қатысты кемшіліктер түзетілген.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»