• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
10 Желтоқсан, 2016

Қолы ашыққа қошемет көрсетілді

303 рет
көрсетілді

Елордада Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай, еліміздің атымтай жомарттарына арналған «Қайырымдылық керуені» ІІ форумы өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясының мұрындық болуымен ұйымдастырылған шара аясында «Қайырымды ел-2017» жалпыұлттық акциясының басталғаны да жария етілді. Қазақстан халқы Ассамблеясы Төр­ағасының орынбасары Е.Тоғжанов пен Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары В.Божко бастаған бір топ Мәжіліс және мәслихат депутаттары, меценаттар мен мемлекеттік органдар және үкіметтік емес ұйымдар, этномәдени бірлестіктің өкілдері қатысқан салтанатты жиында жыл бойы өзінің жомарттығымен өзгеге үлгі болып, қалың елдің алғысын арқалаған азаматтар марапатталды. Салтанатты жиынды ашқан ҚХА Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев пен күллі Қазақстан халқының атынан қайырымды жандарға зор алғыс айтып, арнайы аталымдар бойынша сыйлықтар табыс етті. «Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінгі таңда ұлттар арасындағы татулықты сақтап қана қоймай, мейірімге бөлейтін бауырмалдығымызды арттыру мақсатында арнайы акция жариялаған болатын. Қайырымдылығымен көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созу арқылы Қазақстан халқының ынтымағы жарасып, берекесі арта түсті. Оған қомақты үлес қосқандарыңыз үшін өздеріңізге алғысымыз шексіз», деді Е.Тоғжанов. Одан кейін сөз алған Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Божко ағымдағы жыл бойы республика көлемінде жүргізілген акциялар аясында еліміздің түкпір-түкпіріндегі мұқтаж жандарға көрсетілген көмек көлемі 40 млрд теңгеден асып түскендігін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай көмектің құрамында қаржылай, материалдық немесе қызметтік қолқабыс етудің сан түрі бар. Қайырымдылық шарасына қатысып, көпшіліктің ықыласына бөленгендердің қатарында екі дүркін Олимпиада чемпионы, даңқты зілтемірші Илья Ильин де болды. Ол осы кезге дейін жасап келген түрлі бағыттағы қайырымдылық шараларын әлі де болса жалғастыра түсетіндігін айтты. «Мен үшін еліміздің әрбір азаматының жаны жайсаң, қолы ашық. Тіпті, ең болмағанда жақын адамдарыңа қуаныш сыйлап, жақсылық жасаудың өзі зор бақыт. Әсіресе, баланы қуанышқа кенелтіп, жүрегіңді елжірете алсаң, оның өзі де бір бақыт. Шама-шарқымыздың келгенінше осы кезге дейін бүлдіршіндерді қуантуға күш жұмсап келдік. Бұдан былай да осы әрекетімізді жалғастыратын боламыз», деді И.Ильин. Айтулы кешке Жезді өңірден келген меценат Бекзат Алтынбеков те оң қолымның бергенін, сол қолым білмесе екен деген ниетін білдірді. Сондықтан да болар, ол бірнеше жылдан бері жасап жүрген қайырымдылық әрекеттерінің есебінен жаңылысады. «Жалпы, өзім көп балалы отбасында дүниеге келгенмін. Жесір әйелдің жетінші перзенті болып өсіп, жетілгендіктен өмір мені жастайымнан-ақ шыңдады. Жоқшылықты көп көргеніммен, қолдың кірі саналатын қу дүние менің жүрегімді тарылта қоймады. Сондықтан да болар, қал-қадерімізше тұрмысы тұралап, жағдайы келісіңкіремей жүрген жандарға барынша көмек қолын созуға ұмтылып жатамыз. Бұл адамдар арасындағы мейірім, шапағаттың шуағын шашады емес пе?», дейді Бекзат Алтынбеков. Айта кетейік, жүзге жуық қолы ашық жомарт жандар марапатталған бұл жиында «Көз қуантқан бірегей туындылар» тақырыбында сурет көрмесі де ұйымдастырылды. Көрмеде башпайымен сурет салып әлемге танылған қостанайлық суретші қыз Мая Демееваның туындылары көпшілік назарына ұсынылды. Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан» Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»