• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
10 Желтоқсан, 2016

Өңірлік және әлемдік өзекті мәселелер арқау болған кездесулер

192 рет
көрсетілді

Гамбургте ашылған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) мүше елдер Сыртқы істер министрлерінің жыл сайынғы кеңесі алдында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың қатысуымен «С5+1» пішімінде Орталық Азия елдері мен АҚШ сыртқы саясат ведомстволары басшыларының кездесуі болып өтті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі. Қазақстан делегациясының басшысы, сондай-ақ, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүше елдер Сыртқы істер министрлерінің дәстүрлі кездесуіне де қатысты. «С5+1» кездесуін аша келіп, АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Джон Керри әріптестерін Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен құттықтады және АҚШ тарапының өңірмен ынтымақтастыққа үлкен маңыз беретінін атап көрсетті. Ол өңірдегі барлық елдермен өзара ашық үнқатысу қалыптастырылып отырғанын айта келіп, көпжақты әріптестіктің тиімді жақтары туралы әңгіме қозғады. Е.Ыдырысов Астананың Орта­лық Азиядағы өңір­лік ынтымақ­тастықты нығайтуға бағыт ұс­та­натынына тоқталды. Осы ретте ол Қазақ­станның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмысында да аталған мәселеге баса назар аударатынын көлде­нең тартты. Бұл жерде Е.Ыдырысов амери­калық әріп­тесінің өңірдегі әріптестікті ынталан­дырудың маңызды екеніне қатысты пікірімен келісетінін білдірді. Осы арада, «С5+1» алаң­ын пайдаланудың да маңызы зор екеніне назар аударды. Кездесуге қатысушылар, сон­дай-ақ, қауіп­сіздік, терроризм­мен күрес, сауда-саттық, көлік, экономика және энергетика сала­лар­ындағы бірлескен жобалар­ды жүзеге асырудың жолдарын талқылады. Кездесу барысын­да қатысушылар «С5+1» шеңбе- р­індегі өзара іс-қимыл аясын кең­ей­туге байланысты пікірлерімен алмасты. Өңірдегі су-энергетикалық кешенге қатысты мәселенің көкейкестілігі атап көрсетілді. Тұтастай алғанда, сыртқы сая­сат ведомство­ларының басшы­лары үнқатысу алаңын­дағы бай­ланыстардың даму қарқынына қанағат­та­натындықтарын білдірді. Мәселен, «С5+1» іске қосылған 2015 жылдың қарашасынан бері министрлік деңгейінде төрт кездесу өткен. Дж.Керри алаңды дамыту перспективаларын оң бағалап, АҚШ-тың жаңа әкімшілігімен қол жеткен уағдаластықтарды нығайту бойын­ша өзінің жұмыс істеу ниеті бар екенін мәлімдеді. ҰҚШҰ-ға мүше елдер сырт­қы істер министрлерінің кезде­суіне Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан сыртқы саясат ведомство­ларының басшылары қатыс­ты. Олар «ЕҚЫҰ-ның жал­пы­еуропалық қауіпсіздік жүйесін­дегі тиімділігін арттыру туралы» бірлескен мәлімдемені қуатта­ды. Құжатта жалғасып келе жат­қан жалпыеуропалық қауіпсіз­дік жүйесіндегі дағдарысқа алаң­дау­шылық білдіріледі. Жағдайды халықаралық терроризм мен ұйымдасқан қылмыс, миграциялық дағдарыс күрделендіре түсіп отыр. Осы орайда, 2010 жылы Астанада өткен  ЕҚЫҰ саммитінде алға қойылған міндеттерді пайдалану өз тиімділігін берген болар еді. Кездесуге қатысушылар, сондай-ақ, 26 жел­тоқ­санда Санкт-Петербургте өтеді деп жоспарланып отырған ҰҚШҰ Ұжымдық қауіп­сіздік кеңесінің кезекті сессиясына дайындық мәселесін қарастырды. Ал 8-9 желтоқсан күндері Е.Ыды­рысов ЕҚЫҰ Сыртқы іс­тер минис­трлері кеңесінің 23-ші оты­ры­сына қатысты. Шара, жо­ға­­рыда атап көрсеткеніміз­дей, Гер­манияның Гамбург қала­сында өтті. 2016 жылы ЕҚЫҰ-ға неміс тарапы төрағалық етуде. Төрағалықтың ұраны «Үнқа­тысуды жаңартып, сенімге қайтадан иек арту және қауіпсіздікті қалпына келтіру» болды. Осы орайда, кездесуге қатысушылар еуроат­лан­тикалық және еуразиялық қауіпсіздік жүйесінің көкейкесті мәселелері мен ұйымға мүше елдер ара­сын­дағы сенімді қалпына келтіру жолдарын талқылады. Өзінің сөзінде Е.Ыдырысов Қазақстанның ұйымға қатысты көз­қарасын ұсынды. Сондай-ақ, елі­міздің ұйым қызметіндегі  басым­дықтарын белгілеп берді. Қа­тысушы елдерді 2010 жылы ЕҚЫҰ-ның Астанада өткен саммитінде қабылданған декларацияның ере­желерін жүзеге асыруға шақырды. Еске сала кетсек, Астана декларациясында қоғамдастықтың қазіргі заманғы сын-қатерлерге лайықты қарсы тұруға қабілетті көзқарасы айқындалған болатын. Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы атал­ған мәселеге орай ЕҚЫҰ ХХІ ғасырдың сын-қатер­леріне тиімді жауап қайтарып, дағдарысты жағ­дайдан шығудың жолдарын көрсете білуі керек­тігін атап өтті. Бұл үшін ұйым институттары мен құрылымдарының жұмысын жетілдіру қажет. Гамбургте Е.Ыдырысов ЕҚЫҰ қазіргі төрағасының бастамасы – «Еуропаның қауіпсіздігі үшін қару-жараққа бақылау орнатудың өзектілігі» тақырыбында өткен шараға қатысты. Бұдан бөлек, ол ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы Лам­берто Заньермен дәстүрлі кезде­су өткізіп, оны ЕҚЫҰ-ның Астанада өте­тін ЭКСПО-2017 көрмесіне арнал­ған экономикалық-экология­лық конференциясына қатысуға шақырды. ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының директоры Михаэль Линкпен кездесуінде тараптар жеккөрушілік, исламо­фобия және этностық, діни төз­беушіліктің басқа да түрлері негі­зіндегі қылмыспен күрестің маңызын талқылады. Сыртқы істер министрлері кеңесінің алаңдарында Е.Ыды­ры­сов, сондай-ақ, Австрия, Әзер­бай­жан, Андорра, Армения, Бельгия, Вен­грия, Германия, Грузия, Испа­ния, Италия, Моңғолия, Ресей, Пор­тугалия, АҚШ және Франция деле­гацияларының басшыларымен кездесіп, халықаралық саясат­тың және екіжақты ынтымақ­тас­­тықтың көкейкесті мәселе­лерін талқылады. Бұл жерде шетел бизнесі мен мемлекеттік құры­лым­дарының Астанада өтетін ЭКСПО-2017-ге қатысулары мен Қазақ­станның 2017-2018 жылдарда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмысына байланысты мәселелер де назардан тыс қалған жоқ.