• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
10 Желтоқсан, 2016

Ерейменнің ерке желі елге қызмет етеді

278 рет
көрсетілді

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың халқымызға арнаған былтырғы Жолдауында «Санау­лы күндерден кейін біз азаттық туын желбіретіп, Тәуелсіз мемлекет атан­ғаны­мыздың 25 жылдығына аяқ басамыз. Бұл – тәуелсіздікті нығайту жолындағы өлшеусіз еңбегіміздің ширек ғасырлық белесін қорытындылайтын мерейлі сәт. Тәуелсіздікті баянды ету оған қол жеткізу­ден де қиын. Мемлекеттігіміздің тұғырын мызғымастай нығайта түсу үшін бізге әлі талай өткелі күрделі, өкпегі көп бұралаң жолдардан өтуге тура келеді. Заманның беталысын өздеріңіз көріп отырсыздар... Сәт сайын құбылған аласапыран заманға сай амал болуы керек», деп атап көрсетті. Дағдарысты кезеңдерде тәуелсіздігін жа­рия­­лаған бүгінгі табысты Қазақстан ке­дер­гі­лер арқылы кемелдікке жететінін талай мәрте дәлелдеген. Оған мың-сан мысал келтіруге болады. Сол мысалдардың ішінде жүретін журналист қауымы ел ішінің үлкен өзгерістер құшағында екендігін, тіршіліктің мәні, ырыс қадамының ырғағы бөлектігін алдымен байқап, қуанышпен қалам тартаты­ны сондықтан. Мемлекет басшысы айтқандай, отандастарымыз уақыт талабына бейімде­ле алатын жоспар құруға машықтанған. Өйткені, тәуелсіз елдің тұрғындары бола­шақ­тың экономикасын тиімді ғылыми-инно­вациялық жүйе құру арқылы ғана жасауға болатынын біледі. Бұл сенім ай­мақтарда желпініс тудырғаны ғанибет. Мәселен, мемлекет қолдауына сүйен­ген Ерейментау ауданы ауыл экономи­касын әртараптандырудың бұрын болмаған ғажап үлгісін танытып отыр. Мұнда Тәуел­сіздігіміздің 25 жылдығы тойланатын жылда өндірістік сипаттағы жел электр стансасы пайдалануға берілді. Тәуелсіздіктің тағылымды тартуы дегеніміз осы! Бұл жолы да бастамашы Елбасының өзі болды. Қазақстан Республикасының Пре­­зи­­денті Нұрсұлтан Назарбаев 2013 жыл­­дың маусымында еліміздің «жасыл эконо­микаға» көшу жөніндегі тұғыр­на­масын бекітті. Аталған жаңашыл құжат мұнай, газ, көмір сияқты дәстүрлі байлық­тары­мызды тиімді пайдалануды, ең бастысы, шексіз мүмкіндіктегі жел және су ресурс­тарының қуатын игілікке жаратуды көздейді. Осы бағыттағы жобалардың бірі «Самал» жел паркі деген атаумен Ерей­мен­тау ауданында іске асырылып отыр. Ерен жобаның мәні мен мазмұнына келер болсақ, аудан әкімі Ермек Нұғыманов төмендегідей пайым айтты: «Ел Тәуелсіздігі еркін дамуға жол ашумен қатар, қолда барды ұқсата білуді, ертеңгі есіктеріміздің алаңсыз ашылуын да қамдайды. «Қолда бар» дегеніміз – баламалы қуат көздері. Қазақ­стан тынысының тереңдігімен, Көш­басшысының көрегендігімен, болашағының кемелдігімен әлем назарына ілініп отыр. Қазақтың қайтпас мінезі – отыздықтан орын алу. Бұл орайда, жаһандық экономика­лық сынақтарды былай қойғанда, ЭКСПО-2017 емтихандары баршамызды тол­ған­­дыра­тыны белгілі. Өйткені, әлем наза­рындағы аламан шараның ұраны баламалы қуат көздері болып отыр. Еліміз бұған дайын екендігін көрсету үстінде. Ал «жасыл тех­нологияларға» негізделген жаңа энергетиканы белсенді дамытуға кіріскеніміз ішкі-сыртқы ресурстардың толымдылығын байқатады». Иә, шын мәнінде, бұл жоба Елбасы Н.Назарбаевтың дәуір додасында алға қойған міндеттерді жүзеге асырудың жол­ашары болып отыр. «Мәңгілік Елдің» басты ұстанымы – «Нұрлы жол – болашаққа бас­тар жол» да осыдан екпін алатыны белгілі. Ендеше, «Бірінші жел электр стансасының» материалдық қана емес, көп векторлы қанаттандырушы маңызы да орасан. Оның үстіне, Ерейментаудағы айрықша жоба баламалы және жаңартылған қуат көздері арқылы елімізде пайдаланы­латын қуат жиынтығының жартысын қам­та­масыз етуге бағытталған. Мақсат – жылу-энер­гетикалық ресурстардың жалпы шығынын төмендету, экологиялық ортадағы ықтимал әсер деңгейін мейлінше азайту арқылы үдемелі әрі тиімді қуат құры­лым­дарын қамтамасыз ету. Сондай-ақ, атал­ған жоба Ақмола облысындағы электр қуатына сұраныс пен оған деген тапшы­лықты елеулі түрде төмендетуге мүкіндік береді. Сонда ел назарындағы нысанның тех­­­ни­калық сипаттамасы қандай деген сұрақ баршамызды қызықтыратыны анық. Бұл сұраққа «Бірінші жел электр стансасы» ЖШС жоба менеджері Әлижан Құрмановтан төмендегідей жауап алдық. «ЖЭС аумағы 60 гектарды алып жатыр. Мұнда Германияның «Fuhrlander Wind Technology» фирмасының әрқайсысы 2,05 МВт қуаттағы 22 турбинасы орнатылды. Құрылыс алаңына мұнаралар мен қалақшалардың 12 топтамасы жеткізіліп, 19 жел қондырғысы тұрғызылды. Барлық 22 технологиялық алаң жұмысқа толық дайындалған. Қосымша жабдықтары қарастырылған 63000 кВА қуат трансформаторы орнатылды. Осымен бір мезетте құрылыс алаңына Ерейментау подстансасынан 4 шақырымдық 10 кВт,  KEGOC жүйесінен негізгі подстансаға дейінгі 220 кВт қуаттағы 8 шақырымдық әуе желісі тартылып, 20 шақырымдық жол салынды. Құрылыс жұмыстарына 162 адам қатысса, нысан іске қосылғанда ондағы технологиялық процестерді 9 маман атқаратын болады. Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясындағы жобаның жалпы құны 18 миллиард теңгеден асады. Жел электр стансасына жұмсалған шығын 8 жылда өзін ақтайды деп күтілуде. ЖШС алғашқы мезеттегі 45 МВт қуатты келешекте 300 МВт-ға жеткізуге сенімді», дейді маман. Елді елең еткізерлік, өңірді елге таны­тар­лық нысан көңілді көкке өрлетерлік әсер қалдырады. Ерейментау қаласының оңтүстік-батыс өңірінде, таулы-қыратты ашық алаңда зәулім ебелектер зыр-зыр айналуда. Тарихы терең Ереймен елі мұндайды көрмеген. Әлгі ебелектер ғасырлар тынысына жаңа екпіндегі әсем әуез қосқандай қосыла тербелесіз. Қазақстанның ғажайып болашағына құшақ жайған тебіреніспен еніп бара жатқандай күй кешесіз... Қызыққанымыз ба екен, желдей ескен көңілмен аудан әкіміне мынадай сұрақ қойғанбыз. – Қазақстандағы жел энергиясының әлеуетін молайтуда Ерейментауға таңдау түсуі қалай? – Бұл тыңғылықты зерттеулерге негіз­дел­ген мәселе, – дейді Ермек Бекенұлы. – Арқа төсінде айрықша артықшылыққа ие­леніп отырмыз деу жараспас. Осы орайда Асан қайғы атамыздың аңыз ретінде айтылатын мына сөздеріне құлақ түрген артық емес сияқты. Жақсылық жібі үзілмеген, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен бір әңгіменің түпкі төркіні бүгінгі заман жаңалығымен толық үйлесім тапқандай. Асан қайғы бабамыз кезінде желмаясымен жолға шығып, жерұйық іздеп, Ерейменнің төңірегінен өткен сәтінде: «Жарықтық, бұл өңірдің жеті есігі бар екен-ау. Жыл он екі ай айналасынан жел уілдесе де, халыққа жайлы қоныс, малға ыңғайлы өріс боларлық құтты өңір екен. Баурайында жайлаған мал оңалар, шүкір, елдің тұрмысы да көш ілгері болар», – деп сипаттаған деседі. Үкімет басшылары мен ғалымдарымыз, өндірістің жаңашыл ұйымдастырушылары осы байламға тоқтам жасағанына ризамыз. Біз үшін басты қуаныш «Болашақтың энергиясы» ұранын көтерген  ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі Ерейментау ЖЭС өндірілген электр қуатын пайдалана­тындығы. Бұл ел үшін үлкен жауапкершілік жүктейтін әрі естен кетпес мерейлі оқиға болмақ. «Мәңгілік Ел» ұстындарын нықтап жатқан Қазақстан міндет үдесінен абыроймен шығатыны анық. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан» Ақмола облысы, Ерейментау ауданы