• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
10 Желтоқсан, 2016

Өңірдің өндірістік әлеуеті зор

434 рет
көрсетілді

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин Қызылжар өңіріне жұмыс сапары кезінде бірқатар жетекші кәсіпорындарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Облыс әкімі Ерік Сұлтанов ауыр машина жасау саласын дамыту бойынша жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобалар мен бағдарламалар жайлы хабардар етті.  Үкімет басшысының бірінші орынбасары бас­таған делегация алдымен Петропавл халықаралық әуежайына ат басын тіреді. 2400 шаршы метр аумаққа орналасқан әуежай күрделі жөндеу­ден өткен. Республикалық қазынадан бөлінген 1,2 мил­лиард теңгеге ұшу-қону жолақтары, терминал, пер­рон қалпына келтіріліп, күніне 200 жолаушыға дейін қабылдай алатын мүмкіндікке ие болған. Қазір ұшақтар Астана, Алматы бағыттары бойын­ша қатынайды. Келесі жылдан бастап алыс-жақын шетелдер үшін рейстер ашылады. Премьер-Министрдің бірінші орынбасарының тағы бір аялдаған жері Петропавл ауыр машина жасау зауыты болды. Бір кездері экономикалық қиын­дықтар салдарынан тұралап қалған өндіріс орны тәуелсіздік жылдары дамудың жаңа сатысына көтеріліп, әртараптандырылды. Жыл өткен сайын қуат­тылығы артып, мұнай өңдейтін салалар үшін қон­дыр­ғылар, қосалқы бөлшектер шығарады. АҚ-тың бас директоры Қуаныш Бишімов, сондай-ақ, энер­ге­тикалық, жүк көтергіш техникалар, темір жол­ды жөндеу және қызмет көрсету саласына жаб­дық­тар жасалатынын мәлімдеді. 2007 жылдан бас­тап ин­дустриялық-инновациялық даму бағдар­ла­­ма­сына тұрақты түрде қатысып, көп бейінді өн­діріс­тік және сынақ базасымен, заманауи өндіріс құрал-жабдықтармен, жоғары білікті мамандармен қам­та­масыз етілді. Техникалық парк миллиард теңгеге жа­ңар­тылды. Қазір мұнда бір мыңға жуық адам еңбек етеді. А.Мамин машина жасау өндірісі ел эконо­ми­касында шешуші буын болып табылатынын, жуырда өткен жалпыұлттық телекөпірде Елбасы Н.Назарбаев тың жобалардың тұсауын кескенін, отандық өнімдерді қолдау бағыты бірізділендіріліп, қолдау күшейгенін, алдағы міндет бәсекеге қабілетті сапалы тауарлар шығару, нарық көзін кеңейту болып табылатынын атап көрсетті. Аймақ басшысы Е.Сұлтанов өңірдің әлеуметтік-экономикалық оң үдерісін индустриялық-инновациялық даму жайы айқындайтынын, машина жасау саласы үлкен серпін алғанын, егемендік алған алғашқы жылы өндіріс көлемі 7 миллион теңгені құраса, бүгінде 167 миллиард теңгеге жеткенін алға тартты. Екі мыңнан аса өнім түрлері пайда болған. Өңдеу өнеркәсібімен шұғылданатын 463 кәсіпорын 6400 адамды жұмыс­пен қамтып отыр. Өнеркәсіп өнімділігінің бестен бірі осы салаға тиесілі. Биылғы тапсырыс 35, 8 мил­лиард теңге болып, өткен жылға қарағанда 51 па­йыз­ға артқан. Индустрияландыру бағдарламасы шең­берінде 41 миллиард теңгенің 54 жобасы іске қосы­лып, 2 мың жаңа жұмыс орны ашылған, 36 өн­діріс орны бой көтерген. Үкімет басшысының бірінші орынбасары «Мұнаймаш» АҚ-та өндіріске енгізілген озық техно­ло­гиялармен танысып, кәсіпорынның келешегі зор екеніне көз жеткізді. Мұнай-газ саласына құрал-жабдықтар шығаратын зауыттың өнімдері ха­лықаралық талаптарға толық сай. Биыл 1,8 мил­лиард теңгенің тапсырыстары мерзімінен бұрын орын­да­лып, қосымша тапсырыстар алынған. Кәсіпорын бас­шысы Спартак Пушкарев мемлекет тарапынан көр­сетіліп жатқан қолдауларға ризашылығын білдірді. А.Мамин ауыр машина жасау саласы өкілдерінің назарын сұранысқа, заман ағымына лайықталған және де ең бастысы, бәсекеге шыдамды, бағасы қол­жетімді қазақстандық мазмұн үлесін арттыру қажет­тігіне аударды. Президент белгілеп берген «Нұрлы жол», басқа да қуатты бағдарламалар дағдарысты еңсерудің ілкімді жобалары екенін жақсы білесіздер. Оның игіліктерін тау-кен, өңдеу кәсіпорындары да жақсы сезініп отыр. Экспорттық жаңа өнімдер мен тауарларды молайту өте маңызды. Мәселелерді кешенді түрде шешкенде ғана міндеттер мүлтіксіз орындалады. Өңірдің өндірістік әлеуеті зор, деді ол. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары бастаған делегация Бескөл кентінде жұмыс істейтін «Радуга» ЖШС-інде болып, пайдалануға берілген жаңа жобаның нәтижесін оң бағалады. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы