Кеше Астанадағы «Сарыарқа» республикалық велотрегінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Қазақстан халқы Ассамблеясы этномәдени бірлестіктерінің «Бейбітшілік пен келісімнің 25 жылы» атты фестивалі өтті.
Айтулы шараға ҚХА мүшелері мен ардагерлері, барлық өңірден келген республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен белсенділері, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, дипломатиялық корпустың өкілдері, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым, студенттер қатысты. Жиынға келген азаматтардың жалпы саны 10 мың адамды құрады.
«Құрметті отандастар! Баршаңызды Қазақстан халқы Ассамблеясының ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған бүгінгі фестивалінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін осы аренаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен этномәдени бірлестіктердің өкілдері, жүрегінде патриоттық сезімі, бойында жастық қуаты тасыған жастар жиналып отыр. Тәуелсіздіктің ең басты тірегі – бейбітшілік пен келісім, тыныштық пен тұрақтылық. Осының арқасында біз 25 жылда мемлекет құрдық, деңгейін көтердік, xалықтың әл-ауқатын жоғарылаттық. Ал Ассамблея – осы қасиетті тірегіміздің мызғымас тұғыры. Біздің тілегіміз бір, жүрегіміз бір, білегіміз бір, біздің тағдырымыз ортақ, Отанымыз ортақ, «Мәңгілік Еліміздің» гүлдене беруі үшін бәріміз еңбек етеміз. Осы жолда зор табыс тілеймін!» – деді салтанатты шараның ашылуында сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы республика бойынша 1332 этномәдени бірлестік жұмыс жасайтынын, бұл Қазақстанның осындағы барлық азаматтардың Отаны екендігін білдіретінін жеткізді. «Олар бір үйдің балаларындай, Отанымыздың көркеюіне жанын салып, тағдырын арнап жатыр. Бұл тұрғыда, мемлекеттің дамуы мен өсіп-өркендеуі жолында Қазақстан халқы Ассамблеясы айрықша рөл атқарып отыр. Осы жылдар ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлты мен діні әртүрлі адамдарды өзара жақындастыра түсті, сан алуан мәдениет пен салт-дәстүрдегі жақсы нәрселерді паш етіп, көрсете білді. Біз бір-бірімізге бауырмал болдық, өзіміздің ортақ елімізде өмір сүріп жатқан біртұтас xалыққа айналдық. Түрлі этностардың салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары, бір қарағанда, бір-біріне ұқсамайтын секілді. Бірақ олардың барлығы бір мағына береді, біз оларды түрліше атасақ та, этностық мейрамдардың уақыттары мен себептері бір-бірімен түйісіп жатады. Қазақстанның бірлігі жарасқан xалқы ретінде біз барлық этностардың мерекелерін қуана атап өтеміз, оларға қатысамыз. Себебі, біз тұрақтылық пен бірліктің ерекше руxын қалыптастыра білдік. Біз баршамызды біріктіретін айрықша руx жасай алдық. Қазақстанда өмір сүру, оқу, жұмыс істеу, балаларға тәрбие беру барлық азаматтарымыз үшін жайлы әрі қолайлы. Бейбітшілік пен келісім – ең қастерлі қазынамыз. Бұл – Тәуелсіздігіміздің 25 жылында қол жеткізген басты байлығымыз», – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы сонымен қатар, қазіргі әлемде мемлекеттің этномәдени бірлестіктерге қолдау білдіруі ерекше тәжірибе болып отырғанын айтты. «Бұл – Қазақстандағы нақты шындық. Мемлекет барлық этномәдени бірлестіктерге тұрақты түрде және кең ауқымды қолдау көрсетіп, балаларды ана тіліне оқытатын мектептерді қаржыландырып келеді. Газет-журналдар 15 тілде шығады, театрларымыз 7 тілде сөйлейді. Дәл мұндай жағдай өзге елдің ешқайсысында жоқ», – деді Елбасы.
Фестиваль барысында Нұрсұлтан Назарбаев корей, неміс және ұйғыр ұлттық театрларына академиялық мәртебе берді. «Бүгін осы фестивальде 3 ұлттық театрға академиялық мәртебе беру жөніндегі шешімімді жариялаймын. Бұл шешім біздің елдің барша театр өнеріне үлкен серпін береді деп сенемін. Театр ұжымдарын осынау керемет оқиғамен құттықтаймын. Жоғары шығармашылық табыс тілеймін!» – деді Н.Ә.Назарбаев.
«Бүгінгі фестивальге осыдан 20 жылдан астам уақыт бұрын Қазақстан xалқы Ассамблеясын құруға атсалысқан менің қанаттастарымның балалары да қатысуда. Бұл – ұрпақ жалғастығының белгісі. Мен осы шараға қатысып отырған жастарға сәлем жолдаймын. Сіздер біздерден де жақсы өмір сүру үшін, сіздердің балаларыңыз, сіздерден де жақсы өмір сүру үшін 25 жылда жасаған барлық істер сіздерге арналды. Біздің қызметіміздің мәні мен өзегі, міне, осында. Сондықтан, Қазақстан халқы Ассамблеясының жас белсенділеріне айрықша сөз арнағым келеді. «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясының маңында топтасқан ортақ болашақ ұлт – сіздерсіздер. Біздің Қазақстанымыздың көркеюі жолында адал еңбек етіңіздер. Отанды сүйіңдер. Бір-біріңе қолдау көрсетіңдер, бір-біріңді бағалаңдар. Біз әрдайым, еліміздің ортақ, тағдырымыздың да ортақ екенін айтып келеміз. Бұл шын мәнісінде де, солай. Біздің ұстанған бағытымыз барлық этнос өкілдерінің бірлігімен тығыз байланысты», – деді Елбасы фестиваль аясында этномәдени форумға қатысып отырған жас буынға қарата айтқан сөзінде.
Сөзінің қорытындысында Мемлекет басшысы іс-шараға қатысушыларды Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтап, баршаға игілік пен бақ-береке тіледі.
«Бейбітшілік пен жасампаздықтың 25 жылы» фестивалі барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен өткізілген қайырымдылық шаралары жөнінде ерекше айтылды. Сондай-ақ, Қазақстан xалқы Ассамблеясы төңірегіне топтасқан қазақстандық меценаттар таныстырылды.
Осы орайда «Қайырымдылық керуені» акциясы аясында 595 000 адамға 6 миллиард 542 миллион теңге көлемінде көмек көрсетілгені, «Қазақстан халқы Ассамблеясы – 20 ізгі іс» шарасы ұйымдастырылғаны, «Қамқор» акциясы кезінде ардагерлер мен әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға 648 миллион теңге аударылғаны, ал «Қазақстан» телеарнасының бастамасымен қолға алынған «Шын жүректен» телемарафонында 65 миллион теңге жиналғаны, «Қоржын» акциясы аясында 243 миллион теңге жиналып, 91 балаға аса күрделі әрі қымбат дәрігерлік жәрдем берілгені, «Ақ орамал» акциясының қорытындысы бойынша көпбалалы жанұяларға 3 млн 371 мың теңге бөлінгені, сондай-ақ, қан онкологиясымен ауыратын 300 балаға 40 миллион теңге көлемінде көмек ұсынылғаны атап өтілді.
Ауқымды шара барысында сөз алған көпбалалы ана Айнаш Сағындықова елімізде қайырымды жандар көп екенін, ізгілік жолына түсіп, өз отандастарына көмек қолын созудың жарқын үлгісін көрсетіп жүрген қазақстандық жомарт жандардың арқасында талай сәбидің өмірі баянды түрде жалғасқанын жеткізді.
– Мен – төрт баланың анасымын. Бәріміз де Қазақстанды қайырымдылық пен ізгіліктің мекені деп танимыз. Менің ұлым – Әлиасқар өз анасының дауысын, айналадағы дыбыстарды ести алмайтын еді. Оған аса қымбат тұратын есту аппараты керек болған. Оны сатып алуға қаржымыз болмады. Сол кезде, яғни, қысылған сәтте Қазақстан xалқы Ассамблеясы келіп, бізге көмек қолын созды. Осылайша, менің ұлым анасының дауысын ести бастады. Менің балам ертең өскеннен кейін еліміздің өзіне жасаған осынау қайырымды ісін ұмытпайтын болады. Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған мұндай ізгі істер өте көп. Соның арқасында талай отбасының, талай қазақстандықтың келешекке деген үміті оянып, бойларында өз Отанына деген сенімі нығайды, – деді Айнаш Сағындықова.
Ассамблея төңірегіне топтасқан қазақстандық меценаттар атынан сөз алған Бекзат Алтынбеков өз кезегінде бүгінгі Қазақстанда қайырымдылық істеріне, өзара көмек пен бауырластықты, бірлікті нығайтуға бағытталған ауқымды шаралар жиі ұйымдастырылатынын, мұның барлығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған салиқалы саясатының аясында қолға алынып келе жатқанын сөз етті.
– Тәуелсіздіктің туы 25 жылдан бері желбіреп келеді. Осы аралықта Қазақ елі қайырымды ел атанды. Қайырымдылық – біздің ата дәстүріміз, қайырымдылық – біздің қанымыздағы асыл қасиет. Қайырымдылық бірлігі жарасқан, ынтымақты елде қанат жаяды. Біздің халқымыздың бойындағы осындай киелі қасиет Тәуелсіздік жылдарында жарқырай көрінді.
Ассамблея төңірегіне топтасып, мұқтаж жандарға қол ұшын созудың үлгісін көрсетіп жүрген азаматтар өздерінің жасаған қайырымдылықтарын ешқашан міндетсінген емес. Олар бұл істерін азаматтық борышымыз деп біледі. Осындай игілікті істердің арқасында елімізде қаншама жанның үміті жанып, келешекке деген сенімі артты, өздерінің арқа сүйейтін іргелі елі бар екенін терең ұғына түсті. Ұлы Даланың мұраттарына, заңдарына адал, қайырымдылықты мұрат еткен барша азаматтардың атынан бүгін мен барша қазақстандықтарды ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтаймын, – деді.
Фестиваль барысында балалар үйінің тәрбиеленушісі, павлодарлық Алексей Лодочников қолына домбыра алып, «Алау» тобы және әнші Димаш Құдайбергенмен бірге «Балқадиша» әнін орындап берді. Осы арада біз оның осы фестивальда ән шырқауына мүмкіндік алуының сырын айта кетейік. Халықтар достығына арналған бір жиында Алексей Лодочников Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, «Аса құрметті Елбасы, менің есімім – Алексей Лодочников. Мен тағдырдың жазуымен аудандық балалар үйінде тәрбиелендім. Қазір музыкалық колледжде оқимын. Әйгілі атамыз Әміре Қашаубаев 1925 жылы Парижде өткен ЭКСПО көрмесінде «Балқадиша» әнін орындаған. Келер жылы Астана ЭКСПО-да мен де сол әнді орындағым келеді», – дейді Лодочников. Сол кезде Президент: «Жақсы, орындасаң, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған концертке шақырамыз», – дейді. Міне, соның нәтижесінде ол аталған шарада ән салды.
Фестивальда Кеңес Одағының Батыры, Ингушетия Республикасының тұңғыш Президенті, Ресейдің мемлекет және қоғам қайраткері, Солтүстік Қазақстан облысы Саумалкөл ауылының тумасы, Руслан Аушев, гимнастикадан Олимпиаданың бес дүркін чемпионы, КСРО-ның бірнеше мәрте жеңімпазы Нелли Ким, Ресейдің халық әртісі, композитор Александр Зацепин сахна төріне шығып, өздерінің Қазақстанға деген жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Руслан Аушев еліміздің бүгінгі жеткен жетістіктері Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қажырлы еңбегімен тікелей байланысты екенін айта келіп, өзінің өмірінде Қазақстанның алар орны ерекше екенін жеткізді.
«1944 жылы менің ата-анам көптеген ингуш пен шешендер сияқты Қазақстанға қоныс аударды. Қиын-қыстау кезеңде бауырлас қазақ халқы қол ұшын беріп, көмектерін аяған жоқ. Біз оны ұмытқан жоқпыз. Қазақстан – біздің бір Отанымыз. Қазіргі таңда барлығы өзгеріп, Қазақстан дамыған елге айналды. 1989 және 1990 жылдардағы Қазақстан мен қазіргі Қазақстанның жағдайын салыстыруға келмейді. Мен Астана мен Алматы қалаларында жиі боламын. Сол сәттерде Қазақстанда атқарылып жатқан жасампаз істерге куә болып, көңілім марқаяды», – деді Р.Аушев.
Фестиваль барысында журналистер қауымымен тілдескен бірқатар азаматтар өздерінің ел бірлігіне қатысты пікірлерін білдіріп, ойларымен бөліскенін де айта кетейік. Мәселен, Астанадағы Беларусь мәдени орталығының төрайымы Александра Романова Қазақстанда ұлтаралық достық пен татулықтықтың нығая беруін барша отандастарымыздың қалайтынын, сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатын барша қазақстандықтардың қолдап отырғанын жеткізді. Сол сияқты, өзге де азаматтар этносаралық бірлік пен татулық Қазақстанның баға жетпес байлығы, мақтанышы екенін сөз етті.
Мерекелік шарада Қазақстанның барлық өңірлерінен этномәдени бірлестіктер ұжымдарының театрланған, вокалдық-хореографиялық қойылымдары мен композициялары ұсынылды. Оларда Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы тарихи жетістіктері, Қазақстан халқы Ассамблеясы жалпыхалықтық институтының бірегейлігі, қоғамның үйлесімді дамуының халықаралық эталоны ретінде танылған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік моделі айқын көрініс тапқан.
Айта кетейік, бүгінгі форум барысында Қазақстан xалқы Ассамблеясының бастамасымен қолға алынған бірқатар байқаулардың қорытындысы шығарылады.
Осылайша, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Бейбітшілік пен жасампаздықтың 25 жылы» атты фестиваль жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Әсіресе, оның тәрбиелік мән-маңызының жоғары болғаны, жастарды отансүйгіштікке баулу бағытында өткізілгені көпшілікті разы етті.
Жолдыбай БАЗАР,
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Сурет Президенттің баспасөз қызметінен алынды
Суреттерді түсірген
Ерлан ОМАРОВ, «Егемен Қазақстан»