• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
12 Желтоқсан, 2016

Beeline мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған тариф ашты

426 рет
көрсетілді

Бүгін, дүйсенбі күні Beeline Қазақстан «Әлеуметтік плюс» тарифтік жоспарының ашылғаны туралы хабарлады. Бұл өнім денсаулығына байланысты мүмкіндігі шектеулі қазақстандықтар үшін арнайы жасалды. Мәселен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, мүмкіндігі шектеулі адамдардың жалпы саны 1 миллардтан асады. Олардың 80 пайызы дамушы елдерде тұрады. Біздің елімізде 600 мыңнан астам мүгедек жандар бар. Мұндай жағдайда мүмкіндігі шектеулі жандар тиісті технологияға қол жеткізсе, қоғам өміріне толық араласып, экономикаға айтарлықтай үлес қоса алады. Сонымен «Әлеуметтік плюс» тарифтік жоспарының шарттары бойынша, 990 теңге абоненттік төлемге клиент желі ішінде шексіз сөйлесіп, Beeline нөмірлеріне 200 SMS жолдай алады және басқа операторларға қоңырау соғуға арналған 60 минут пен 7Gb мобильді интернет алады. Төлем белгілі бір күнде емес, 30 күнде бір рет ұсталады. Егер қолданушы қандай да бір себеппен абоненттік төлемді уақытында төлей алмаса, қоңыраулар мен SMS-тің құны 7 теңгені құрайды. «Заманауи технологиялар мүмкіндігі шектеулі жандарға бұрын-соңды болмаған жағдай туғызып отыр. Бұл жердегі шешуші мәселе – интернеттің қол жетімділігі. Енді әлеуметпен кеңінен араласып, жеке тұлға ретінде дамуға көмектесетін арнайы мобильді қосымшаны қолдану мүмкіндігі пайда болды. Тағы бір маңызды мәселе мүмкіндігі шектеулі адамдардың көпшілігінің табысы өте төмен. Сол себепті біз, мүмкіндігі шектеулі жандардың толыққанды өмір сүруіне тариф шеңберінде жағдай жасай отырып, төмен бағаға мобильді интернеттің үлкен көлемін ұсынамыз», – дейді Beeline Қазақстанның бас атқарушы директоры Олександр Комаров. «Әлеуметтік плюс» арнайы тарифтік жоспарын қосу үшін Beeline Қазақстанның Сату және қызмет көрсету кеңселеріне барып, жеке куәлік пен мүгедектігін растайтын куәлікті көрсету керек және өтініш жазу қажет. Жоғарыда айтылғандай, тарифке мүмкіндігі шектеулі барлық қазақстандық қатыса алады. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ