• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
12 Желтоқсан, 2016

Ипотекамен үй алу жеңілдейді

129 рет
көрсетілді

Бүгін Үкімет отырысында Ұлттың экономика министрі Қуандық Бишімбаев тұрғын үй құрылысы саласындағы барлық ресурстарды біріктірген «Нұрлы жер» бағдарламасы тұжырымдамасын таныстыру барысында ипотекалық қарыздарды субсидиялау туралы айтты. Министр атап өткендей, тұжырымдаманың басым бағыттары: ипотекалық қарыздарды субсидиялау арқылы ипотекалық несие беруді қолдау; құрылыс компаниялары үшін қарыз мөлшерлемесінің бір бөлігін жабу жолымен жеке құрылыс салушыларды ынталандыру; Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары және әкімдіктерде кезекте тұрған азаматтар үшін «револьверлік» қағидаты бойынша несиелік тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайту; халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйдің өңірлік қорын құру; қажетті инфрақұрылым жүргізу арқылы жеке тұрғын үй құрылысын дамыту. «Ипотекалық несиелеу нарығын жандандыру мақсатында азаматтарға бастапқы үй сатып алуға екінші деңгейлі банктер беретін ипотеканың пайыздық ставкасының бір бөлігін мемлекеттің субсидиялауы арқылы халықтың сұранысын ынталандыру көзделіп отыр», деді Қ.Бишімбаев. Банктің сыйақы ставкасын жеті жыл бойы жылына 17%-дан артық емес мөлшерде субсидиялау болжануда. Түпкілікті қарыз алушының ипотекасын 10%-ға дейін төмендету үшін мемлекет сыйақы құнының 7%-на дейін жабуды қамтамасыз ететін болады. Субсидия қаражатын тиімді пайдалану үшін Астана және Алматы қалаларындағы халыққа несие берудің шекті сомасы 20 млн. теңгеге және өңірлерде 15 млн. теңгеге дейін 15 жыл мерзімге белгіленетін болады. Осындай шартпен ипотека беру кезінде несие бойынша ай сайынғы орташа төлем Астана және Алматы қалаларында 158 мың теңге, өңірлерде 116 мың теңге болады. Жоспарға сай, 15 жыл ішінде 14,7 млн. шаршы метр несиелік тұрғын үй салынады, бұл 245 мың отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етеді. Динара Бiтiкова, "Егемен Қазақстан".