Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай шет мемлекеттер басшыларынан құттықтаулар келіп түсуде, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Мерекелік жеделхаттарда елдің өткен кезеңдегі табыстары және Қазақстан Президентінің егемен мемлекет қалыптастыру мен дамытудағы рөлі атап көрсетіледі.
Беларусь Президенті Александр Лукашенко Қазақстан басшысын біздің республика тарихындағы айтулы күнмен шын жүректен құттықтайды.
«Сіздің басшылығыңызбен осы жылдары күшті мемлекет, сондай-ақ жаңа серпінді экономика құрылды. Қоғамдық келісім мен жауапкершілікті сыртқы саяси бағыт елдің жоғары халықаралық беделін қамтамасыз етті. Беларусь-Қазақстан байланыстарын достық және өзара түсіністік негізінде жан-жақты нығайту біздің елдеріміз халықтарының ұмтылыстарына толық көлемінде жауап беретініне сенімдімін», – деп атап өтіледі Беларусь Президентінің құттықтауында.
Сингапур Республикасының Президенті Тони Тан Кенг Ям екі ел арасында қалыптасқан достық рәуіштегі қарым-қатынастар өзара іс-қимылдарды экономиканың түрлі салаларында дәйектілікпен дамытып келе жатқанын атап көрсетеді.
«Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшылығымен республика бұған дейін болып көрмеген нәтижелерге қол жеткізді. Қазақстан өңірлік бейбітшілік пен тұрақтылыққа қосып келе жатқан үлесінің арқасында халықаралық аренада маңызды рөл атқарады. Сингапур алдағы жылы өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің ашылуын тағатсыздана күтіп отыр және оған белсенді түрде қатысатын болады», – делінген Сингапур Президентінің хатында.
Бельгия Королі Филипп өзінің құттықтауында біздің елдеріміздің арасындағы ынтымақтастықты әрі қарай нығайту нәтижесі екі ел халықтарының мүддесіне қызмет ететініне үміт білдіреді.
Австралияның генерал-губернаторы Питер Косгроув қазақстандықтарды мерейтойлы датамен, сондай-ақ республиканың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануымен құттықтайды.
«25 жыл ішінде Қазақстан мен Австралия түрлі салада айтарлықтай тиімді ынтымақтастық қалыптастырды. Мен екіжақты қарым-қатынастарды әрі қарай да нығайту мақсатында біздің барлық қажетті шараны қабылдайтынымызға сенемін», – деп атап өтіледі Австралия генерал-губернаторының хатында.
Қазақстан халқына игілік пен өсіп-өркендеу тілеген мазмұндағы Тәуелсіздік күнімен құттықтаулар, сондай-ақ Нидерланд Королі Виллем-Александр мен Румыния Президенті Клаус Вернер Иоханистен де келді.